• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Туризм 07 Шілде, 2022

TravelKazakhstan республикалық кампаниясы қорытындыланды

262 рет
көрсетілді

Заманына сай саз керек дегендей, дәл осындай әдіспен ел туризмін насихаттау, ұлан-байтақ даламыздың өз отандастарымыз да әлі көрмеген сұлулығын жарнамалау бірінші рет қолға алынып отыр десек те болады.

Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Kazakh Tourism ұлттық компаниясы қысқа бейнероликтерді қарау мен жасауға әбден төселген TikTok платформасымен бірге TravelKazakhstan республикалық кампаниясын қорытындылады.

Кампания барысында әйгілі адамдар мен танымал контент авторлары кәсіби гидтермен бірге Қазақстанның үш өңірінен тікелей эфир жүргізіп, өз елінің туристік әлеуеті туралы әңгімелейтін қысқа бейнероликтер жасады. Осылайша жоба жеңімпаздары, яғни ең көркем бейнероликтердің авторлары анықталып, бағалы сыйлықтарға ие болып, Kazakh Tourism-нің TikTok-тегі аккаунтының жүргізушілері қатарына қосылды.

Саяхат тақырыбы – қазірдің өзінде 87 миллиардтан астам қаралым жинаған, TikTok қолданушылары арасында ең сүйікті тақырыптардың бірі #travel хэштегімен қысқа бейнебаяндар арқылы турист ретіндегі өз әсерлерімен, ұсыныстарымен бөлісу.

TikTok пен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-ның бірлескен алғашқы бастамасы ұлан-байтақ еліміздің көпшілікке танымал емес сұлу өлкелерін танытуды көздейді, бейнероликтер форматында платформаның миллиондаған аудиториясымен бөлісуге шабыттандырды.

Жиырма күн ішінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген контент қолданушылары қазақ саяхаты туралы кеңестері бар креативті және танымдық роликтер жасап, жариялады. Ұлттық тағамдардың таңсық мәзірлерімен бөлісіп, ең әдемі жерлерді көрсетуге ұмтылды. Және ЮНЕСКО тізіміне енген ұлттық табиғи парктер мен дала, тарихи орындар, сәулет және табиғи ескерткіштер, қызықты қалалық орындарды насихаттады.

Толайым алғанда платформа қолданушыларының #TravelKazakhstan хэштегімен жарияланған 2800-дей бейнероликтер қаралымы 11 миллионнан асады.

«Біз қазақстандықтардың өз елінің көрікті жерлері туралы жақсы білуі, оны мақтан тұтып,  бүкіл әлемге айту мүмкіндігіне ие болуы үшін жұмыс істейміз. Қазақстанда таулар, дала, ормандар, Маңғыстаудың ғарыштық ландшафттарына дейін бар – мұнда өз тілі мен дәстүрін сақтаған жүзден астам ұлт өкілдері тұрады. Біздің TikTok платформасымен бірлескен жобамыз еліміздің туристік бағыттары туралы пайдаланушы жасаған контентті ынталандыруға мүмкіндік берді. TikTok - бұл белсенді және креативті адамдарды тартуға, сонымен қатар туризм мен саяхат туралы контентті танымал етуге арналған тамаша алаң. #TravelKazakhstan науқанының нәтижелері біздің күткенімізден де асып түсті және біз ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттіміз», дейді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Аманбаев.

«Қазақстан – табиғат сұлулығына, мәдени мұра мен дарынды адамдарға бай ел. Осы кампанияның арқасында әлемдегі талай адамның Қазақстанды маңызды және қызықты туристік бағыт ретінде көріп, қазақстандықтардың да өз еліне көбірек саяхаттауға және TikTok-та ұсынымдарымен бөлісуге шабыт алды деп үміттенемін. Жобаға пайдаланушылардың көптеп тартылуы Қазақстандағы ішкі туризм тақырыбына үлкен қызығушылықты білдіреді. Біз бұл бағытты қолдауды жалғастыруды жоспарлап отырмыз және TikTok-та тревел-контенттің жаңа авторларын көруге қуаныштымыз», деді осы байқауға серпін берген TikTok компаниясының аға операциялық менеджері Надежда Лапина.

Сонымен жобаға қатысушылар арасында ең креативті бейнероликтер жасаған үш жеңімпаздың есімі анықталып, жүлде ретінде авторлар DJI Mini2 квадрокоптерлерін иеленіп, алғашқы екі жүлделі орын авторлары TikTok-та Kazakh Tourism ресми аккаунтының жетекшісіне айналды.

Бірінші орынды жеңіп алған Әсет Мырзабаев жұбайы Мұхаббатпен бірге Қазақстанға, сондай-ақ әлемнің басқа елдеріне саяхат туралы бейнероликтер жасап, 450 мыңнан астам жазылушы жинаған. #TravelKazakhstan аясында Әсет алтыбақанның не екенін айтып, Іле-Алатау ұлттық паркіндегі заманауи визит-орталықты, қазақстандық Швейцарияны көрсетті, Қайыңды көлінің түрлерімен құс ұшатын биіктіктен бөлісті.

Екінші орынды иеленген Айгерім Телбасы небәрі 21 жаста болса да, өзін тревел-инфлюенсер ретінде тамаша қырынан танытып, еліміздің ең әдемі туристік орындарының бірі – Бозжыра шатқалы, Қайыңды көлі туралы түрлі-түсті бейнелер түсіріп үлгерді. Ол сондай-ақ ежелгі Түркістан туралы шағын фильм жасап, Алматы маңындағы Ассы үстіртіне қалай жетуге болатынын егжей-тегжейлі айтып, Каспий теңізіндегі күннің батуын көрсетті.

Үшінші орынға лайықты деп танылған Азамат Жақиянов бейнероликтерінде туған өлкесінің тарихын баяндайтын гид ретінде көрініп, ұлттың рухани астанасы – Ұлытауды аралап, дала сұлулығы мен Жошы хан кесенесін жарнамалайды.