Каспий теңізінің үстінде қос қанатын сабалап, шарқ ұратын шағала тосын індетке ұшыраған секілді. Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының бөлім басшысы Мереке Шалқаровтың айтуынша, «Қашаған» кен орнын игеріп жатқан «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясының өкілдері 19 маусымда шағаланың жаппай қырылғаны жөнінде жедел хабар берген. Кен орнындағы DS-04 және DS-01 жасанды аралында 2 750 қара шұбар тұқымды шағала қырылған.
– Осыған байланысты инспекция тарапынан арнайы комиссия құрылып, шағала қырылған аумақта профилактикалық тексеру жүргізді. Құстардың өлу себебін анықтау мақсатында су, топырақ және ауа сынамалары, құстардың өлекселері зерттеуге алынды. Атырау облысының аумағында осыған ұқсас жағдайларды анықтау мақсатында толық бақылау мониторингі қолға алынды. Ал 26 маусымда Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі Шалыга аралының аумағында шағала тұқымдас 2 500 құстың өлгені анықталды. Оның ішінде 1 мың «Чеграва», 1 200 «Қара бас өгізшағала», 300 «Өгізшағала» бар. Өлген құстардың биоматериалдары алынып, Алматы қаласының Микробиология және вирусология институтына жіберілді, – дейді М.Шалқаров.
Оның мәліметіне қарағанда, өлген құстардың сынамаларынан «АН5» құс тұмауына оң нәтиже анықталған. Бұл дерек Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығының мамандары жолдаған жауапта расталған. Өлген құстардың сынамалары диагнозды қайта растау үшін ХЭБ (Ұлыбритания) референттік зертханасына жіберіліп отыр.
– Қазір облыстағы жағдай толықтай бақылауға алынды. Аталған жайт анықталғалы өлген құстардың жалпы саны 5 750-ті құрап отыр, – деп мәлім етті М.Шалқаров.
Облыстық аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Мырзабек Дүйсеновтің айтуынша, Атырау қаласындағы 7 ауылдық округ тұрғындарының үй құстарын егу қолға алынды. Дүйсенбіге дейін төрт округті мекен еткен тұрғындар иелігіндегі 2 382 құсы түгелдей егілген. Ал үш округтегі үй құстарын осы аптаның соңына дейін егу көзделіп отыр.
– Атырау қаласының аумағында орналасқан 7 округте 1 200 қаз бен 5 091 тауыққа құс тұмауы ауруына қарсы вакцина егу басталды. Бұл үшін ветеринарлық препараттардың республикалық қорынан 6 291 доза вакцина бөлінді. Қазір «Эпизоотияға қарсы республикалық отряды» РММ-ның Атырау филиалы мен көршілес Батыс Қазақстан облысынан 12 адамнан жасақталған 4 бригада 2 382 құсқа екпе салды, – дейді М.Дүйсенов.
Атырау облысы