Мемлекет басшысының халықпен кездесуді жаңа форматта өткізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласының тұрғындарымен жүздесті. Жиынға Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Эльдар Күзенбаев қатысты.
Халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғырту бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар еткен мұндай кездесулер барлық ауданда өтті. Облыс орталығы тұрғындары алдында аймақ басшысы өңірді дамытудың перспективалық қадамдарына тоқталып, инфрақұрылым дамыту, қоғамдық көлік қызметін жақсарту бағытындағы жаңалықтарды айтты.
Инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту елдің әл-ауқатын арттыру көрсеткішінің бірі екені даусыз. Бұл ретте Қызылордадағы әуежайдың заманауи сипатқа ие болуы керектігі көптен бері айтылып келе жатқаны тағы рас. Алдағы уақытта Болат Өтемұратов қорының демеушілігімен жаңа әуежай терминалы салынады. Биыл Қызылорда қаласына үлкен сыйымдылықтағы 150 жаңа автобус алынуы биліктің қоғамдық көлік саласындағы шиеленіскен мәселені шешуге кіріскенін көрсетеді.
– Жақын күндері Қызылорда қаласында облыстық қан орталығының құрылысы басталады. Келер жылы 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухана құрылысы салынады. Алда облыс орталығынан Неке сарайы, Өнер орталығы бой көтермек. «ҚазГерМұнай» кәсіпорны қаланың сол жағалауынан Оқушылар сарайын салып беруді өз міндетіне алды, – деді аймақ басшысы.
Облыс басшысы өткен айда өңірімізге сапарлаған Ұлттық экономика және Энергетика министрлері бірқатар маңызды жобаға қолдау білдіргенін де айтып өтті. Тиісті орындар тарапынан мақұлданған бастаманың бірі – құны 215 млрд теңге болатын жылу электр стансасының құрылысы. Жоба 2025 жылы жүзеге асады.
Осы жылы шаһарды сумен жабдықтау үшін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4 жоба және облыстық бюджет есебінен 4 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде.
Қаланың жаңа тұрғын аймағын дамыту мақсатында аз жылдың аясында мыңдаған тұрғынның мекеніне айналған Сырдария өзенінің сол жағалауында «Гүл бульварын» абаттандыру үшін жобалық құжаттар әзірленуде.
Кездесуде газдандыру мәселесі де айтылды. Қалаға қарасты Махамбетов елді мекенін газдандыру келер жылы аяқталады. Қосшыңырау ауылдық округі орталығы Абай ауылына «көгілдір отын» жеткізу үшін Энергетика министрлігіне бюджеттік өтінім ұсынылған.
Басқосуда өңір басшысы облыс орталығындағы жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстарына да кеңінен тоқталды. Қалада 34 шақырым жолды жөндеуге 5,1 млрд теңге қаралып отыр. Мұнан бөлек, 19 көшеге жаяу жүргіншілер жолы төселіп, қаланың орталық көшелері жарық диодты шамдармен безендіріледі. Он үш көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүріп, облыстық бюджет есебінен қаланың 10 көше қиылысына бағдаршамдар орнатылатын болады.
Осы жұмыстарды жүйелі іске асыру үшін арнайы іс-қимыл жоспары бекітіліп, ондағы әрбір жоба құрылысы облыстық мәслихаттың шешімімен бекітілетін кезектілік тізімі негізінде басталады.
Басқосу соңында облыс әкімі қала тұрғындарының сауалдарына жауап берді. Қалалықтар қоғамдық көлік, жол сапасын жақсарту, ауыз су желілерін тарту және денсаулық сақтау саласына қатысты сауалдар қойды.
Кездесуден кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жазылған азаматтарды жеке қабылдап, мәселелерін тыңдап, жауап берді.
Қызылорда облысы