• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 08 Шілде, 2022

Шалғай ауыл тұрғындары үшін медицина қолжетімді болады

502 рет
көрсетілді

Денсаулық сақтау министрлігі шалғай орналасқан ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында медицина ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативіне өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, енді халық саны 50 адамға дейінгі елді мекендер медицина қызметкерімен үйде қамтамасыз етіледі. Тұрғындар саны 50-ден 500 адамға дейінгі ауылдарда медициналық пунктер ашу, халық саны 500-ден 1500 адамға дейін (бұрын 800-ден 1500-ге дейін болған) елді мекендерде фельдшерлік-акушерлік пунктер құрылады.

Желінің жаңа нормативін енгізу нәтижесінде 502 медициналық пункті ФАП-қа, 185 дәрігерлік амбулаторияны МСАК орталықтарына қайта ұйымдастыру белгіленген. Аталған өзгерістер аясында 500-ден астам орта медициналық қызметкер, фельдшерлер мен акушерлер пайда болады.

Сондай-ақ халық саны 1500-ден 5000 адамға дейін елді мекендерде дәрігерлік амбулаториялар ашылады, сондай-ақ 5000-нан астам тұрғын тұратын ауылдарда МСАК орталықтары ашылады. Ауыл халқына уақтылы шұғыл медициналық көмек көрсету, «алтын сағат» қағидатын сақтау және жаңа медициналық технологиялардың қолжетімділігі мақсатында көпбейінді ауданаралық ауруханалар көпбейінді орталық аудандық ауруханалар болып қайта құрылады.

Түрлендірілген КОАА базасында инсульт орталығы, аз инвазивті кардиологиялық орталық (ТКА орталығы), медициналық оңалту, травматология және ортопедия, хирургия, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері, перинаталды орталық немесе босандыру бөлімшесі, триаж жүйесі бар қабылдау бөлімшесі, жоғары технологиялық жабдықпен (КТ, МРТ, ангиографтар) жарақтандырылған тәулік бойы жұмыс істейтін клиникалық зертхана қызметтері жұмыс істеуі тиіс.

Жоғары аталған медициналық ұйымдар бірнеше ауданның тұрғындарына қызмет көрсетеді. Бұл шалғай аудандар мен ауыл тұрғындары үшін мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етеді.