• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Үкімет 08 Шілде, 2022

Бизнеске көбірек еркіндік беру қажет - Үкімет басшысы

230 рет
көрсетілді

Кеше Үкімет басшысы Әлихан Смайылов кәсіпкерлік қызметте «таза парақтан бастап» реттеуді енгізу және мемлекеттік бақылау мен қадағалауды автоматтандыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жиында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қоғамдық тамақтану, сауда, қонақ үй қызметтері, көлік және ауыл шаруашылығы салаларындағы реттеуші актілерге жүргізілген талдаудың базалық шарттарға сәйкес келмейтін басы артық және бірін-бірі қайталайтын бірқатар талапты анықтағанын хабарлады.

Алдағы айларда тағы 6 бағыт бойынша, ақпарат және байланыс, компьютерлік бағдарламалау саласы, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, жинақтау, тау-кен өнеркәсібі және құбыр көлігінің қызметіне талдау жүргізу жоспарлануда.

Премьер-Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта бизнеске көптеген формальды талаптар қойылған. Оларды тиісті бақылауды қамтамасыз етуге зиян келтірмейтіндей етіп алып тастауға болады.

Үкімет басшысы мұндай талаптардың болуы елдегі іскерлік ахуалға кері әсер ететінін, сондықтан орталық мемлекеттік органдардың «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, реттеуші актілері қысқарту бойынша жұмыс жүргізуі тиіс екенін қадап айтты.

«Мемлекет басшысы біздің алдымызға бизнеске көбірек еркіндік беру міндетін қойды. Бұл – жаңа экономикалық саясатты қалыптастыру аясындағы Үкімет жұмысының басты бағыттарының бірі. Тексеруші органдардың формальды белгілеріне қарап бизнесті жауапкершілікке тартуға мүмкіндігі болмауы тиіс», деді Премьер-Министр өз сөзінде.

Осыған байланысты Үкімет басшысы тиісті органдарға қайта қарау және қысқарту арқылы қазақстандық нормативтік-құқықтық базаны басы артық талаптардан тазарту жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды.

Сондай-ақ Әлихан Смайылов Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мемлекеттік бақылау мен қадағалауды қамтамасыз ету кезінде тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесін құру бойынша тәсілдерін мақұлдады.

«Тексеруші ведомстволар бұзушылықтардың қаупі жоғары болған кезде әрекет етуі тиіс. Бизнеске әкімшілік жүктемені азайту және тәуекелдерді басқару жүйесін іске қосу – жүргізіліп жатқан реформадағы негізгі қадамдар. Орталық мемлекеттік органдардың басшыларына осы жұмыстың нәтижелері үшін жеке жауапкершілік туралы тағы да ескертемін», деді Премьер-Министр.