• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Шілде, 2022

Ақсуда қант қамысы өңделеді

245 рет
көрсетілді

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Ақсу ауданына іссапармен барды. Ол аудандағы өнеркәсіп және ауылшаруашылық құрылымдарын аралап, жаңа салынып жатқан әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Егістік алқаптарын да аралады. Ирригациялық жүйелердің құрылысын көріп, мүмкіндігіне назар аударды.

Өңір басшысы алдымен Қызылағаш су қоймасына барды. Қойма 42 млн текше метр су жинауға арналған. Бүгінде мұнда жиналған суды сақтау, науа арқылы ағызу, алқаптарға тарату компьютер арқылы автоматты түрде басқарылады. Әзірге басқару мен су жіберу жүйесі қалыпты атқарылуда. Қойма жылдың соңында толығымен іске қосылмақ.

Қызылағаш ауылындағы «Агрохолдинг Ақсу» серіктестігінің қарамағында 1 870 гектар алқап бар. Мұнда ауылшаруашылық техникаларының паркі де орналасқан. Астық егуге арналған техниканың саны 50 бірлікті құрайды. Серіктестік былтыр 1 300 бас ірі қараға арналған тауарлы сүт фермасының құрылысын бастаған. Өткен жылдан бері 617 бас ірі қарадан алынатын сүт фермасының өнімдері «Фудмастер» кәсіпорнында өңделеді. Мал азығын дайындауды да өздері қолға алған. Мысалы, былтыр 250 гектар алқапқа жоңышқа, 320 гектарға жүгері, 220 гектарға күздік бидай ексе, биыл егістік жер көлемін едәуір ұлғайтыпты. Мұнда сыр зауытын салу жоспарлануда. Алдағы уақытта 1 300 басқа арналған тағы бір тауар­лы сүт фермасын салмақ. Ферма басшысы барлық жұмысшыны жергілікті жерден алатынын айтты. Аталған шаруашылық әлеуметтің әлеуетін көтеру мақсатында ауыл тұрғындарына арнап баспана салу ісін де қолға алмақ.

Сағабүйен ауылында 1980 жылы салын­ған мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Ны­санның көлемі – 3 536 текше метр. Екі қабатты ғимарат 620 оқушының білім алуы­на арналған. Бүгінде онда инфрақұрылым тарту, еденді жаңалау, әктеу-сырлау жұ­мыстары жүргізілуде. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев нысанның жан-жағын көгаландыру шарасын да қатар жүргізу керектігін ес­кертті. Ауылдағы жаңадан салынып жат­қан мектеп құрылыс материалдарының қымбаттап кетуіне байланысты кестеден кешіктірілуде. Құрылыс жұмысының қаржысы қайта есептеліп, керекті қаражатқа түзету енгізілген. Өңір басшысы құрылыс жұмысын аяқтап, нысанды пайдалануға беру уақытын жылдың аяғына дейін созды. Ауданда «Ақсу ГЭС» форель шаруашылығы құрылуда. Серіктестіктің төрағасы Айбарбек Мұхамедиевтің айтуынша, шаруашылықты ашуға 515 млн теңге қаржы жұмсалған. Бүгінде мұнда инкубация цехы салынуда. Болашақта балықтан қызыл уылдырық алу жоспарлануда. Сонымен бірге қайта өңдеумен шұғылданып, балық өнімін көбейтпек.

Ақсу ауданындағы іргелі шаруашылық «Ақсу қант» зауытының жетекшісі Са­мат Нәдірбаев былтыр 64 866 тонна қант қызылшасынан 7,7 тонна дайын өнім алғанын айтты. Биыл жыл соңына дейін қант қамысын өңдеу қолға алынбақ. Зауыт­­тың мүмкіндігін көрген өңір басшы­сы алқаптарға су жіберу, ауыспалы егіс жүйесін сақтау, субсидия беру арқы­лы қант қызылшасын өсіруге қолдау білді­рілетінін жеткізді. Сондай-ақ зауыт басшысына шаруашылықтармен бірлесіп, ал­дағы уақытта атқаратын жұмыстарды пысық­тауды тапсырды.

Жансүгір ауылында «Қазсушар» мемле­кеттік мекемесінің қолдауымен шаруа­ішілік каналын жүргізу қолға алынған. Ирригациялық жүйе Ислам банкі арқылы қаржыландырылуда. Су жүйесі жаңартылған кезде 196,5 гектар астық алқабы сумен қамтамасыз етіледі. Өңір басшысы алқап­тарға су жіберудің басқа да технологиялары жайлы ойын айтты. Жаңбырлатқыш агрегаттар қою да тығырықтан шығуға негіз болмақ. Бұл істер алдағы уақытта кезең-кезеңімен жүйеге асырылмақ.

Ақсу ауданына арнайы ісспармен келген облыс басшысы іргелі істерді атқаруда бірлесіп қана нәтижеге қол жеткізуге болатынын ескертті. Өңірді дамытуға барынша қолдау жасайтынын да жасырмады.

 

Жетісу облысы