12 жылдан бергі өндірісті жаңа арнада дамыту жұмыстарының нәтижесінде қол жеткен айтулы белесті зауыт ұжымы шағын мереке ретінде атап өтті. Желіден 200 мыңыншы болып шыққан жеңіл көлік – Қостанайда биыл мамыр айынан бері құрастырыла бастаған Kia Sportage кроссовері.
Ұсақ торапты CKD-әдісімен құрастырылған автокөлік доңғалағының дискісі мен балоны Павлодарда жасалған. Қуаттандырғышы да – отандық өнім. «Аллюр» зауытының локализациялық өндіріс бөлімінің бастығы Әділ Шайкемеловтің айтуынша, Қазақстанда жасалған әрбір автобөлшек шамалы болса да өндірістің жергілікті үлесін арттыра түседі. Мысалы, бүгінде Kia Sportage көлігінің жергілікті үлесі 35% шамасында. Алдағы уақытта көліктің шанағын дәнекерлеу, бояу жұмыстары да осы зауытта атқарылмақ. Бұл межеге қол жетсе, корейлік автокөліктің жергілікті үлесі 45%-дың үстіне шығады.
Зауыт биылдың өзінде 32 мың автокөлік құрастырып шығарған. Жыл аяғына дейін 70 мың автокөлік шығару жоспарланып отыр.
– Қостанайда құрастырылып жатқан автомобильдерді тек Қазақстанда ғана емес, бірқатар шет мемлекеттерден кездестіре аласыз. Осы орайда «СарыарқаАвтоПром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аса табысты коммерциялық жоба екенін айта кеткен жөн, – деді «Аллюр» зауыты директорының кеңесшісі Сергей Могилатов.
Бүгінде зауытта Kia Sportage кроссоверінен бөлек, ұсақ торапты құрастыру әдісімен жасалған LADA Granta автокөлігі де шығады. Жыл соңына қарай бұл екі автокөліктің шанақтарын дәнекерлеу, бояу желілерін іске қосу жоспарланып отыр.
Қостанай облысы