Несібесін шетелден іздеп, сол жақта мыс-мыс ақша тауып, онысын елдегі отбасына жолдап тіршілік етіп жатқандардың қарасы қалың. Сол шетелде жұмыс іздеп, мол ақша тауып жүргендердің материалдық тұрғыдағы жетістіктері бүгінде ел ішінде желдей есуде.
Бұл әңгімелер талайды мазалап, тынышын алып бітті. Сондықтан көптеген отандасымыз діттеген шетеліне жетіп алудың қамымен зыр жүгіруде, ал біреулері ебін тауып, әні-міне жолға шыққалы отырған да болар. Бұл үрдіс өз бетінше жүріп жатыр. Ал елдің әл-ауқатын арттыру, лайықты еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын құру басты міндеті саналатын мемлекет шарасыздық танытып, аталған үрдісті сырттай бақылап қана отырған тәрізді. Әйтпесе, халықтың көңілінен шығатын қандай да бір қадамдар жасау керек еді. Осы орайда жұмыспен қамту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардың тиімсіздігі мен нәтижесінің өте төмендігі айқындала түсетіндей. Әйтпесе, азаматтарымыздың нәпақасын шетелден іздеп несі бар?
Соңғы 10 жылда халықты жұмыспен қамту бағытында бірнеше бағдарлама әзірленгенін жұрт біледі. Деректерге көз жүгіртсек, оларға 150 млрд теңгеден астам қаражат қаралған, өкініштісі көзделген меже көлеңкесін әзер көрсетті: жоспардан 4-5 есеге аз жұмыс орны құрылған көрінеді. Неге бұлай болды? Кім жауапты? Жауабы жоқ сұрақтар.
Біз «биыл пәленбай мың жұмыс орны ашылды, пәлен адам жұмысқа орналасты» деп ақпар беріп күпініп жатамыз, ал жеме-жемге келгенде олардың басым бөлігі уақытша жұмыс орындары болып жатады. Ал құрылған тұрақты жұмыс орындары жалақысы төмен, күнкөріске жауап бере алмайтын тартымсыз болып шығады. Яғни жұмыс орны деген аты ғана, ал заты уақыт талабына сәйкес келмейді. Негізінде, жұмыспен қамту саласындағы статистикаға сергек қарау керек, құрылды деген жұмыс орындары тұрақты және еңбекақысы лайықты, ақылға қонымды болса ғана есепке алған жөн.
Жұмыспен қамту бағытындағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудағы заң бұзушылықтар да қоғамның қытығына тиіп тұрған мәселелердің бірі десек болады. Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұловтың депутаттық сауалында көрсетілгендей, жұмысқа орналастырылған (әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы бойынша ) 100 мың адамның 80 мыңының (жұмысқа орналасқандардың 80%-ы!) әлеуметтік және зейнетақы аударымдарын олардың еңбегіне ақы төлеуге мемлекеттік субсидиялар алған жұмыс берушілер емес, жұмыспен қамту бағдарламасына қатыспаған үшінші тұлғалар жүзеге асырған. «Прокуратура адамдарды жалған жұмыспен қамтудың 1000-нан астам фактісін анықтағанын атап өткен жөн. Тіпті қайтыс болғандар да, басқа ұйымдардың қызметкерлері де жұмыс орындарына «жұмысқа орналастырылды» деген деректер бар», дейді М.Раманқұлов.
Мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа орналасу кезінде қызмет көрсетушілердің қабілетсіздігі, өтініш берушінің жұмысқа орналасуына қызығушылық танытпауы, бюрократия, ұзақ уақыт күту шешімі жоқ мәселе болып отыр. Айналып келгенде, мұның бәрі мемлекеттік бағдарламалардың беделін түсіреді әрі бөлінген есіл қаржының желге ұшуына үлкен септігін тигізеді. Одан басқа түк те емес. Енді не істеу керек? Бұл сұрақтың жауабын табу соншалықты қиын емес. Не істеу керектігін жұрт біледі. Ендеше, осы жұрт айтып жүрген пікірді өз сөзімізбен жеткізелік.
Егер біз өзді-өзімізді алдамай тұрақты, нақты жұмыс орындарын ашқымыз келсе, кәсіпкерлікті дамыту ісіне иек артқанымыз жөн-ақ. Өйткені шағын және орта бизнес – табысы мол әрі тұрақты жұмыс орындарының алаңы. Бұл жерде жұмыспен қамту бағдарламасын түзгенде бірінші кезекте шағын және орта бизнесті дамыту ісіне арқа сүйеп, осы саланы ілгерілету мүмкіндіктеріне назар аудару қажет. Шағын және орта кәсіпкерліктің даму барысын ескермей жұмыссыздық деңгейін төмендету қиын екенін терең түсінетін кез жетті. Әйтпесе, уақытша жұмыс орындарын құруға босқа ақша шашып арам тер болғаннан басқа ештеңе болмайды. Бәлкім, бұл әлдекімдер үшін тиімді шығар, ал мемлекеттік мүдде тұрғысынан келгенде бұрыс бағыт.
Сондықтан уақытша не тартымсыз жұмыс орындарын құру үшін бөлінетін қыруар ақшаны шағын және орта бизнесті дамытуға жұмсаған абзал.
Қорыта айтқанда, пайдасыз бағдарламаларды тоқтатып, болатын іске мойын бұратын кез келді.