• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Шілде, 2022

Жат атаулардан арылу керек

487 рет
көрсетілді

Қызылжардан Көкшетауға келе жатқан үлкен жолдың бойындағы елді мекендердің атауы кіл орысша: «Трудовая Нива», «Чапаев», «Астраханка», «Рублевка», «Келлеровка», «Драгомировка», «Ивангород», «Обуховка», т.б. Алайда осы аталған ауылдардың бәрінің де жер мен суға қатысты қазақша атаулары (топонимдері) бар.

Олар тіпті ескі карталарда да көрсетілген. Кезінде оны ешкім елемеген. Өйткені орыс патшалығының да, кеңестік саясаттың да түпкі көздеген мақсаты елді ғана емес, жерді де жаппай орыстандыру болған. Бұл саясат өзінің мақсатына жетті де.

Қазір солтүстікте қазақ то­по­нимдері мен антропотопонимдері (кісі есімімен аталған жерлер) үлкен жолдардың бойындағы ауыл­дарда жоқтың қасы. Әри­не, бү­гінгі саналы жұрт тәуел­сіз елі­міз бола тұра елді мекен­дер­­­дің атауы әлі күнге өзге тіл­де бол­ғанына намыстанады, күйінеді.

«Жеріңнің аты – еліңнің ха­ты» дейді, жат атаулар естіген құлаққа түрпідей тиетіні бел­­гілі. Шүкір, қазір еліміздегі қазақтардың үлесі 70 пайызға жетіп қалды. Сондықтан қазақ­стандық әрбір жас­ты еліміз­дің әр бұрышын сүюге, әр бұ­тасына дейін күтіп, аялауға тәрбиелеу керек. Халқымыздың мақтанышына айналған ерлердің есімдерін ұлықтасақ, ежелгі ер­лік­тің куәсі болған жерлер атауын жаңғыртсақ, жас ұрпақ соған қарап бой түзейді.

Әзірге жоғарыдағы атауларды өскелең қазақ жастары өз жерім, өз елім деп атауға құлқы соқпасы анық. Сол ауылдарға оңтүстік өңірлерден келіп жаңадан қоныстанып жатқан отбасылардың да арғы түйсігінде «қайда келдім?» деген сияқты алакөңілділік туары сөзсіз.

Бір қызығы, осы жолдың бойын­дағы барлық атауға қарап, оның тек Кеңес Одағы жылдарында түскен ауыл­­дар екенін көруге болады. Мәселен, Трудовая Нива, Чапаев, Аст­рахан, Ленинскийлер тың игеру жыл­дарынан кейін түскені кеңестік ұран­дарынан көрініп тұр. Олар түс­кен қазіргі Аққайың ауданы бұрын Совет деп аталатын еді. Ал оған дейін Бейнетқор болған. Кеңес Одағының Батыры Жәлел Қизатов соғыстан кейін осы ауданның партия комитетіне басшы болып тағайындалған жылдарын еске алғанда онда негізінен қазақтар тұратынын айтады. Сол аудан тың көтеру жылдарында облыс орталығы – Петропавл қаласына жақын болғандықтан көшіп келушілер қаптап келіп, бөгде жұрттың үлесі күрт артып кетті. Жер, су атаулары да сол кезден бастап қатты өзгеріске ұшырады. Ауданда тіпті жалғыз ғана қазақ орта мектебі қалыпты.

Облыс аумағында патша зама­нын­дағы «Қасірет белдеуінің» («Новоишимский» шекаралық белдеуін халық «Горькая линия» деп атап кеткен, қазақшаға солай аударылған) бойына түскен деревнялар мен стансалардың бәрінің атауы христиан діні қайраткерлері және мерекелерінің атауымен аталған. Мысалы, қазақ әдебиетінің классиктері Сәбит, Ғабит пен Қазақстандағы орыс әдебиетінің көрнекті өкілі Иван Шуховтың ауылдарына апаратын Петропавл – Благовещенка трассасының өн бойындағы ауыл, селолар бүгінге дейін Покровка, Воскресеневка, Дубровное, Ново-Дубровное, Кладбинка, Сенжарка, Миролюбово, Пресновка, Петровка, Святодуховка, Благовещенка деп аталады. Осы трассаның бойында жалғыз ғана Әйімжан деген қазақ ауылы бар. Ал енді осы жолдармен келе жатқан адам өзінің Қазақстанда жүргеніне күмән келтірмеуі мүмкін емес. Айтып айтпай не керек, Петропавлдан Ресейдің Омбы, Қорған, Түмен облысына шығаратын үлкен жолдарының бойында да кілең басқа тілдегі атау­лар самсап тұр. Осылардың бәрін болмаса да біраз бөлігін қазақшалау – міндет. Бұл – еліміздің қазіргі геосаяси жағдайының, қауіпсіздігі мен саяси-экономикалық мүдделерінің талабы.

Әрине, осы бағытта бұған дейін де біршама жұмыс жүргізілген. Тәуелсіздік алған жылдардан бері біршама ауыл, селолардың атаулары өзгертілді. Большевик көсемдерінің және кеңестік ұрандардың – Ленин, Володарский, Фурманов, Қызылту, Партсъезд, Коммунизм, т.с.с. идеоло­гиялық тұрғыдан ескірген атаулары ауыстырылды. Соңғы екі жылда ауылдардағы 300-дей көшенің аты өзгертілді. Тағы 150-дейі тіркелуге берілді. Енді осы жұмыстарды одан әрі жеделдету күн тәртібінде тұр.

Жуырда облыстық ономастикалық комиссияның төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Ғани Сақтағановтың қолдауымен «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Жанат Мұхамеджанов бастаған топ ономастикалық саясатты түсіндірмек болып жолға шықтық. Біздің тобымызда Алматыдан арнайы келген «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, белгілі саясаткер Дос Көшім, облыстық мәдениет және тіл басқармасының бөлім бастығы Ернияз Сұлтанов және «Қазақ тілі» қоғамы төрағасының орынбасары Әнуар Тоқпан болды.

Ат басын алдымен Қызылжардан 30 шақырым жердегі Чапаев ауылына бұрдық. Бұл мекеннің «Ақбас» деген ежелгі атауы бар. Оның үстіне атауы идеологиялық тұрғыдан ескірген, большевиктердің қанды қасабын іске асырушы адамның атын алып тұр. Чапаевтың Қызылжар өңіріне еш қатысы жоқ, кезінде жаппай ұрандатудың қиқуымен беріле салған. Оның үстіне тәуелсіздік жылдарында ауыл атауын өзгерту мәселесі бірнеше рет қозғалған да екен. Қоныс аударушылар легі де мұнда біршама бар. Сондықтан шығар, ұнатпағандар болғанымен негізгі тұрғындар ауыл атын өзгертуге қарсы емес. Ауыл тұрғыны Жұмағали Қожахметов ақсақал да біздің сөзімізді құптап, пікір білдірді. Бұрын парторг болып халық алдында сөйлеуге дағдыланған жан екен, оның сөзін тұрғындар ыждаһатпен тыңдады. Енді бастамашыл топ шығып, өзгертуді қолға алса, бұл ауылдың атын ауыс­тыру қиын болмас. Қоныс аударушылар қатарында еліміздің оңтүстігінен келген бір-екі жігіт те ауылға басқа атаудың берілгенін қалайтындарын айтты.

Чапаевтағы кездесуден шыққан біздің көтеріңкі көңілімізді Ленинское деген жолдан сәл қалтарыста жатқан ауылдың тұрғындары су сепкендей басты. Мұнда өзге ұлт өкілдері де көп тұрады екен, оның үстіне консервативті пиғылдары атойлап тұр. «Біз Лениннің атын да өзгертпейміз, ескерткішін де құлатпаймыз, өзіміз күтіп отырамыз», деп екіленді біреуі. «Осы ауыл атауын ауыстырудың не керегі бар, басқа шаруа жоқ па, қаншама әуре-сарсаң, қаншама шығын» деп ақылсынды екіншісі. Ономастиканың мемлекеттік тіл саясатының бір пұшпағы екенін, ол мемлекет мүддесіне қызмет етуі керектігін ешқайсы керек қылып тұрған жоқ. Тыңдағысы да келмейтін сыңай танытты. Осы ауылға бертін көшіп келген бір-екі қазақ қарсы сөйлемек болып еді, оларды да сөйлетпеуге тырысты. Әбден баса-көктеп, басып-жаншып үйреніп қалған шовинистік пиғыл атойлап тұр. Әзірге бұларға сөз шығын қылудың өзі артық сияқты. Осы өңірде туған Жансүгір батырдың есімін алған дұрыс болмас па еді деген ұсынысты да елеген жоқ.

Қызылжар ауданынан шығып Аққайың ауданының аумағындағы Рублевка ауылында да болдық. Бұл ауылға бұрын тіпті «Баянды» деген қазақ ауылын да қосқан екен. Ал жердің атауы әп-әдемі Ақсуат болыпты. Алайда оны көшіп келгендер керек қылып тұрған жоқ. Осында 40 жыл мұғалім болдым деген Ольга Махина деген әйел өзінің пікірін барынша сыпайылықпен жеткізуге тырысса да ішкі ойы қазақ атауына қарсы екені аңғарылып тұр. Біздің мақсат – ауыл атауын қолма-қол өзгерту емес, сіздерге елдің ономастикалық сая­са­тын түсіндіру ғана деген сөз­іміз­ді де кейбіреулер ұққысы келме­ді. Қар­жы­лық шығындарды сылтаурат­қандар да көп болды. Ондай шығындар болмайтыны, тек деректер базасындағы ауыл аты ғана өзгертілетіні айтылды. Жалғыз шығын – ауылдың атауы көрсетілетін жолдағы көрсеткіштер жасатуға ғана кететіні, оны ауылдық округ әкімдігі жасататыны да айтылды. Салыстыру үшін басқа елдер де идеологиялық ескірген атаулардан құтылғанын мысалдармен келтірдік. Осы проблеманы көптен зерттеп жүрген маман ретінде Дос Көшім Ресейде тіпті селолар мен қалаларға үш мыңдай жаңа атау берілгенін ескертті.

Келесі тоқтаған елді мекен –Тайынша ауданының Келлеровка ауылы болды. Бұл кезінде осы аттас ауданның орталығы болған біршама үлкен ауыл, округтің орталығы. Қарамағына Келлер, Богатыров, Кременчуг, Липовка деген ауылдар кіреді. Ауылдың негізін Волга бо­йынан 1905 жылдары Қазақ даласына көшіп келген неміс тұрғындар қалаған екен. Жаз бойы жүріп келіп, күз түсе бастағанда олар жертөлелер сала бастайды да қоныстың атауын да «Келлер» деп атапты. Оның қазақшасы «жертөле» деген сөз екен. Сондықтан қимай қалатын атау емес. Бізбен кез­дес­­кен тұрғындар да әрі-сәрі халде екен­­дік­­терін көрсетті, не де болса өзгерт­­пей­міз деп табан тіреп тұрған адам­дар­ды әйтеуір мұнда көрген жоқпыз.

Есесіне ауданның «Драгомировка» деген ауылының тұрғындары қарсы­лық­тарын айтып атойлап тұрды. Осы ауылдық округке Драгомиров­кадан басқа Ивангород, Любимовка, Обу­ховка деген үш ауыл қарайды екен, бәрі де үлкен жолдың бойында, халқының үлес салмағында қазақтар – 9, орыс­тар – 27, украиндар – 21, немістер – 19, қалғаны басқа ұлттардың өкілдері көрінеді. «Жаркөл» деген қазақ жері­не түссе де бізге Драгомиров деген генералдың жесірі шіркеу салдырып берген, ауыл соның есімімен аталған, өзгертпейміз деушілер көп болды. Өздері тіпті дайындалып келіпті, бірінің сөзін екіншісі қостап өрекпіп бақты. Біздің мақсатымыз ауылдың атын ауыстыру емес дегенге де сенбей, қолма-қол қол жинап жатты.

Қызылжар, Аққайың, Тайынша, Ақжар аудандарының орыстілдес аға­йын­дар көп тұратын 8 ауылын қам­ты­ған сапардағы оқиғаларды бір мақа­лада толық қамту мүмкін емес. Тек әйтеуір орысша атау алған ауылдар­дың бәрінің де ежелгі қазақы атауы болғанына көзіміз жетті. Мысалы, Чкалов ауылының жер аты Қарақоға, Ильичевканың тұрған жері Бесқарағай және т.б. аталады екен. «Тіпті қазақы жер атауы болмаса да біз ауылдар атын өзгертіп ұрпағымызға өз батыр­лары­мызды танытып, солардың ер­лік, адамгершілік үлгісімен өсіруі­міз керек қой», деді Чкалов ауданы­ның әкімі Сәкен Сәдуақасов өзінің сөзінде. Ильичевка қарайтын Амандық ауыл­дық округінің жаңа әкімі Болат Сағын­­дықов та өзгертуге құлшынып тұр. Оның округіндегі қазақ тұрғын­дары­ның үлесі де басым. Тек осы уақыт­қа дейін қолға алынбағаны ескі әдет­тен ары­лмай жүре бергеннің кесірі сияқты.

Соңғы тоқтаған ауылымыз Ақжар ауданындағы Ленинградское деген ауыл болды. Бұл ауылдың жерін қазақтар ежелден «Шатқайың» атапты, ал колхоз құрылған жылдары «Жаңажол» атанған. Тағы бір ақсақал жердің Ақжар аталғанын айтты. Бұрын аудан орталығы болған Ленинград ауылында 43 көше бар екен, соның идеологиялық тұрғыдан ескірген 10-ы өзгертілген. Бұрынғы Пионер, Юбилейный, Лихачев, Дзержинский, Совет, Комсомол, Коммунистік және т.б. атаулар Ә.Бөкейхан, Жамбыл, Ақан сері, Әлия Молдағұлова, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Кенесары атауларын алыпты. Осы арада бір келеңсіздік те бар екен. Жергілікті билік алдымен халық жиналысының хаттамасын жасап, одан ономастикалық комиссия­ның, мәслихаттардың шешімін алып, ең соңынан жаңа атауды Әділет министрлігіне тіркетуі керек. Бірақ жалпы республика бойынша келетін осынша қағаздарды үш-ақ адам ғана саралайды екен. Ал бір айдың ішінде олар үлгермесе немесе болмашы қате­лік тапса құжаттарды кейінге қай­тарып, қайта жасатудың әуре-сарса­ңына салып қоятын көрінеді. Осының кесі­рінен өзгертілген жеті көше әлі күн­ге тіркелмепті. Ал бұрынғы тәртіп б­ойын­ша қағаздарды Әділет министр­лігі­не апармай облыстық әділет басқармасы тіркей салады екен. «Сол тәртіпті қайта енгізсе дұрыс болар еді», деді аудан әкімінің орынбасары Б.Жұрынтаев.

Біздің түсіндірме жұмысымыздың барысында «Ленинград» атауын өзгертуге қарсы шыққандар да болды. Соның ішінде бұрын аупарткомда істеген бір қазақ шалы «асықпаңдар, асықпаңдар» деген «ақыл» беріп, өзінің жаңбыр жаумай су болып жүретіндігін көрсетті. Тағы бір қазақ екіленіп, «Ресей қазақ ауылдарының атын өзгертіп жатқан жоқ қой, сендер неге бізге өзгерт дейсіңдер» деп өзінің орысшылдығын көрсетті. Ресейдегі қазақ ауылдары өзінің тарихи атауында тұр, ол жерлер де бұрын қазақтікі болған, ал кеңестік ескірген атауларды олар баяғыда өзгертіп тастаған десек те көрші елдің сөзін сөйлеп, тіпті өзеуреп кетті.

Қазақ тұрғындары басым көпшілік болса да әлі күнге «Ленинград» атауынан айырылмай отырғандықтың осындай сырлары бар екен. Өз қазағымыз қарсы болған соң жергілікті билік те қарымды қадамдар жасай алмайтын сияқты. Дегенмен қозғалыс болатынына сенімді болып аттандық.

Міне, елдің теріскейіндегі ономас­ти­­калық ахуалдың жай-күйі осын­дай. Халық арасындағы ұсыны­стар қата­рында жергілікті билік тұрғындар­дан сұрамай ескі кеңестік әдетпен жоға­рыдан өзгерте салса, ешқандай проб­лема болмас еді дегенді айтты. Еш­кіммен талас-тартыс, айтыс болып, өзара алагөздік те тумас еді дейді. Бұл сөздің жаны бар. Алайда біздегі заң бойынша жергілікті тұрғындардың пікірлері ескерілуі керек. Әйтпесе кей­бір әкімдер бұра тартып, өзінің ата-бабасына, нағашы, қайын жұртына көше, ауыл аттарын да беріп жіберуі мүмкін ғой. Оңтүстік облыстарда осындай ке­лең­сіздіктерге жол берілгені де белгілі.

Бірақ білетіндердің айтуына қарағанда, біздегі ономастикалық заңды да тиімді пайдалана алуға болады екен. Өйткені мәселені шешу үшін жергілікті референдум жасап, дауысқа салудың қажеті жоқ, тек жиналыс хаттамасын толтырып, ономастикалық комиссияға өткізу керек. Ал ономастикалық комиссия қолдаса, құжаттарды одан әрі жылжытуға болады. Бізде негізгі шешім ономастикалық комиссияда көрінеді. Осындай әдістерді жасауда әкімдер мен бастамашыл топтың икемділігі мен белсенділігі керек.

Дегенмен заңнамаға «ескі карта­лардағы атаулардың басымдығы болуы керек» деген қосымша енгізілгені дұрыс. Ал оларда қазіргі самсаған жат атаулардың бәрі қазақ жеріне түскендігі қолмен қойғандай көрсетілген.

 

Солтүстік Қазақстан облысы