Қазір еліміздің саяси бағдары үшін аса маңызды сәт десек, артық бола қоймас. Осы бағыттағы ауқымды өзгерістердің аясында жаңа Конституциямыздың жобасы жарияланды. Бұл – ел дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанымызды айшықтайтын тарихи құжат.
Жалпы, Конституциялық реформа – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі саяси жүйені жаңғырту бастамасынан туындаған қадам. Осы мақсатпен Конституциялық комиссия құрылып, іргелі жұмыс атқарылды.
Комиссия құрамында Ұлттық құрылтайдың мүшелері, белгілі заңгерлер, орталық мемлекеттік органдарда жауапты қызмет атқаратын тұлғалар, БАҚ жетекшілері, мәслихат төрағалары, өңірлік қоғамдық кеңестердің мүшелері және ғылыми-сараптамалық орта өкілдерінің болуы барлық аймақ пен әлеуметтік топтардың мүддесін кеңінен ескеруді қамтамасыз етті. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асырылуының жарқын көрінісі екені анық.
Талқылау үдерісі бірнеше кезеңнен тұрды. Ол сарапшылар арасындағы пікірталастармен қатар цифрлық платформалар мен кері байланыс тетіктері арқылы ұйымдастырылған ауқымды қоғамдық дискуссияны қамтыды. Азаматтардан, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардан түскен жүздеген ұсыныс жан-жақты сарапталып, ішкі тұрғыдан үйлескен біртұтас жобаға енгізілді. Отырыстардың тікелей көрсетілуі, ашық түсіндіру жұмыстары мен Комиссия мүшелерінің медиакеңістіктегі белсенділігі де қоғамның сенімін арттыруға әрі қабылданған шешімдердің заңдылығын күшейтуге елеулі ықпал етті.
Аталған ауқымды жұмыстың нәтижесінде Ата заңымыздың преамбуласынан бастап, негізгі бөлімдеріне дейін тұжырымдамалық өзгерістер енгізіліп отыр. Конституцияны кешенді түрде жаңартқан бұл жоба мемлекетіміздің даму философиясын түбегейлі жаңғыртуды көздейді. Еліміздің ең басты құжатына бұрын болмаған жаңа баптар қосылып, қолданыстағы нормалардың заман талабына сай қайта қаралуы соның айқын дәлелі.
Қазіргі Конституцияның мазмұны мен негізгі мәнінде ХХ ғасырдағы ескі жүйеге тән белгілер бар екені белгілі. Әсіресе биліктің шамадан тыс орталықтандырылуы және оның қатаң вертикалға негізделуі Әділетті Қазақстанға бағдар бола алмайды. Сондай-ақ ескі редакцияда ұлттық бірегейлік те нақты айқындалмағанын атап өткен жөн. Мұның бәрі ұлттың заман көшіне ілесіп қана қоймай, алдыңғы легіне шығуына жол ашатын жаңа серпін қажет екенін көрсетеді.
Шын мәнінде, Конституция – елдің ұзақмерзімді дамуының берік негізі. Қоғам мен мемлекеттің стратегиялық бағыты, ең алдымен, Ата заңда айқындалады. Сондықтан жаңа жобада еліміздің алдағы ондаған жылдарға арналған саяси, әлеуметтік және экономикалық даму бағдарын нақтылайтын, сондай-ақ тұрақты әрі орнықты өсудің құқықтық іргетасын қалайтын басымдықтарға ерекше көңіл бөлінген.
Бұдан басқа, мемлекеттің басты құндылығы ретінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары нақты әрі мазмұнды түрде бекітілген. Бұл – қысқамерзімді саяси шешімдерге емес, ұрпақ алдындағы жауапкершілікке негізделген ұстаным. Осылайша, Конституцияның ұсынылған жобасын қоғамды біріктіретін және болашаққа сенім қалыптастыратын рөлге ие деп айтуға толық негіз бар. Мұның бәрі кездейсоқ өзгерістер емес, жүйелі жаңғыру екені сөзсіз.
Бұл жаңғыру – Әділетті Қазақстанның жаңа конституциялық моделін қалыптастыру жолындағы батыл қадам. Өйткені жаңа Ата заң жобасында әділдік, заң үстемдігі және тең мүмкіндік қағидаттарына баса мән берілген. Әділеттілік формалды ұран емес, нақты құқықтық және институционалдық мазмұнмен толықтырылып отыр. Сол арқылы мемлекет қоғам алдында есеп беретін, ал азаматтар өз құқықтарын қорғауда нақты тетіктерге ие болатын жаңа өзара қатынас моделі қалыптасады. Бұл – билік пен халық арасындағы алшақтықты азайтып, ашық әрі әділ басқару жүйесін орнықтырудың маңызды жолы.
Жаңа өзгерістер Парламенттің өкілеттігін күшейтуді және саяси жүйенің тиімділігін арттыруды көздейді. Сол арқылы заң шығарушы биліктің рөлі нығайып, өкілді органның Үкімет пен атқарушы билікке ықпал ету тетіктері кеңейеді. Мұндай қадам өкілді биліктің салмағын арттырып, халықтың саяси үдерістерге қатысуына тың серпін береді. Парламенттің күшеюі биліктің бір орталыққа шоғырлануын шектеп, саяси жүйедегі ашықтық пен жауапкершілікті қамтамасыз етеді. Соның нәтижесінде қабылданатын шешімдерде қоғамның мүддесі толық ескеріледі.
Сондай-ақ билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен өзара жауапкершілік күшейіп, саяси жүйе бұрынғыдан да жинақы, айқын әрі нәтижеге бағытталған сипатқа ие болады. Мемлекеттік аппараттың қызметі формализмнен арылып, нақты қоғамдық сұраныстарға жауап беруге бейімделеді. Мұндай жүйе ішкі тұрақтылықты сақтаумен қатар, сыртқы өзгерістерге де икемді әрекет етуге мүмкіндік береді. Осылайша, қоғамның билікке деген сенімі нығаяды.
Жалпы, жаңа Конституцияны ішкі факторлар мен сыртқы сын-қатерлерге берілген салмақты жауап деп қабылдаймыз. Себебі әлемде орын алған тұрақсыздық, геосаяси өзгерістер және ішкі әлеуметтік сұраныстар мемлекеттің құқықтық негізін жаңаша қарауды талап етіп отыр. Бұл талаптар елдің конституциялық негіздерінде ескерілуге тиіс.
Жаңа Конституция жобасы ел егемендігі мен тәуелсіздігін сақтауға, аумақтық тұтастығын қорғауға және ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған нақты құқықтық нормалармен толықтырылған. Бұл құжат мемлекеттің сыртқы қысымдарға төтеп беру қабілетін арттырып, ішкі бірлікті сақтаудың институционалдық негізін қалыптастырады. Сондықтан аталған жоба мемлекетіміздің бүгінгі және болашақтағы мүддесі қатар қамтылған, заманға сай құжат екені анық.
Тағы бір ерекше атап өтер жайт, жаңа Конституция жобасының мазмұны, баптардың атаулары, жаңа бөлімдердің мәні жай техникалық түзетулер емес, терең ойластырылған тұжырымдамалық жаңғырудың нәтижесі екені. Мәтіннің жатық, барынша түсінікті жазылуы да Ата заңның бюрократиялық тілден бас тартқанын, анағұрлым жүйелі әрі жұмыр бола түскенін көрсетеді.
Қорыта айтқанда, жаңа Конституцияның жобасын еліміздің жарқын болашағына бағытталған жүйелі қадам деп қабылдаймыз. Бұл – уақыт талабы, қоғам сұранысы және тарихи жауапкершіліктің тоғысуынан туындаған шешім. Әділетті Қазақстан идеясы енді тек саяси бағдар ғана емес, Ата заңмен бекітілген нақты даму жолына айналып отыр.
Осы жолда ұлт болып ұйысу аса маңызды. Себебі Конституциялық реформаларды жүзеге асыру – тек биліктің емес, барша халықтың ортақ жауапкершілігі. Бірлік пен ынтымақ бар жерде ғана әділетті, қуатты және бәсекеге қабілетті мемлекет қалыптасады. Сондықтан барша отандасымызды осындай тарихи кезеңде Мемлекет басшысының айналасына топтасып, бірліктің озық үлгісін көрсетуге шақырамын.
Мәулен ӘШІМБАЕВ,
Сенат төрағасы