2030 жылы Қазақстандағы жұмысқа жарамды тұрғындардың 80%-ы – 30-ға толмаған жастар болады. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Сенат депутатының сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазір жастарды жұмысқа тарту Үкіметтің басты назарында. Өзіңізге мәлім, 2000 жылдан бастап 300-400 мың бала дүниеге келіп, ел демографиясы оңалды. Қазір олардың алды еңбекке жарамды жасқа жетті – жұмыс күшінің 60%-ы, ал 2030 жылы олардың үлесі 80%-ға жетеді. Жастар үшін жыл сайын 1 миллионға жуық жұмыс орны ашылуы тиіс», делінген жауапта.
Үкімет басшысының айтуынша, азаматтарды табысты жұмыспен қамту үшін бастапқы тең жағдайлар жасалады. Әсіресе, жастар үшін түрлі тетіктер қарастырылып жатыр. Олар:
1) Жыл сайын 100 мыңға жуық жасты өндіріс орындарына жұмысқа орналастыру;
2) Жамбыл облысындағы пилоттық жобаның негізінде ауыл жастарын кооперативтер арқылы тұрғылықты мекенінде жаппай жұмысқа тарту;
3) «Дипломмен ауылға» және «Жастар практикасы» бағдарламаларын қайта қарау арқылы өңірлерге жұмысқа тартылған жастарға еңбекақымен бірге үстемақы және дифференциаланған әлеуметтік пакет ұсыну;
4) Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін гранттар бөлу. Биыл жастарға арналған 10 мың грант қаралып отыр, ал оның сомасы 1,2 млн теңгеге жеткізілді.
5) «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы аясында жұмыс берушілермен бірге мектеп түлектерін және ҰБТ тапсырмағандарды жұмыспен қамту.
«Қаралып отырған шаралар жастарды жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру проблемаларын шешуге ықпал етеді», делінген Әлихан Смайыловтың жауабында.