• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Шілде, 2022

«Тұнба таудан» қауіп төніп тұр

320 рет
көрсетілді

Алтын, асбестімен әйгілі Жітіқара шаһары кен қалдықтарының үйіндісінен өсіп шыққан жасанды таулардың арасында жатыр. 1913 жылдары бұл өңірде 12 алтын кеніші, 2 химиялық зауыт жұмыс істеген деседі. Сол кезеңнен қалған көне төбенің бірі қаланың дәл іргесіне сұғынып тұр. Жергілікті тұрғындардың бұл төбе ауаға да, суға да, адамға да қауіп төндіріп тұрғанын айтып дабыл қағып келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды.

Өткен ғасырдың басында іске қо­сылған мұндағы кеніш жылына бір тонна алтын беріп отырған көрінеді. Кеңес өкіметі кезінде қайта жаңғырып, 1960 жылдарға дейін жұмыс істеп келген кәсіпорын алтын игеруге сынап, аммиак, күшәла секілді химиялық элементтерді пайдаланып отырған. Осылайша, өнді­рістік мақсатта қолданылған зиянды ауыр металл аралас тұнба қалдықтардың үйіндісі жыл өткен сайын биіктеп, үлкен төбеге айналған. Жергілікті жұрттың бұл төбені «Тұнба тау» («Иловая гора») деп атауының да себебі осы.

Жітіқара қаласының көнекөз тұр­ғын­дарының бірі, 82 жастағы Мәлік Бектабанов қарияның айтуынша, соғыс­тан кейінгі жылдары алтын өндірісінде жұмысшы көп болыпты. Бірақ шетінен селикоз деп аталатын өкпе ауруына шалдыға берген соң, кеншілердің кө­бі мал бағамыз деп жан-жақтағы кең­шарларға тарап кеткен көрінеді.

– Сол кезде алтын жуатын. Қысы-жазы тоқтамай ағатын ыстық су өзенге құйылып жататын. Баламыз ғой, біз оның не екенін де білген жоқпыз. Мы­нау тұрған төбенің топырағы жазда жел­мен бірге бұрқырап ұшып жатты. Қыста біз соның үстінен сырғанап ойнайтынбыз. Төбенің беті бертін келе комбинат ашылғаннан кейін ғана жабылды. Мұның зардабын тартқан кісілер көп. Мысалы, көп жылдар осы алтын өндірісінде қызмет еткен есепші сыныптасым еді. Ол кісінің кейін аяқ-қолы істемей қалды. Анау жылдары бұл төбені шетелден мамандар келіп зерттейді екен деген сөз шыққан. Бірақ ешкім келмеді. Мұны қопарудың қажеті жоқ-ау деп ойлаймын, өзімше. Керісінше, бетін қалыңдап қайтадан жабу керек. Бұл қалдықтың құрамында да алтын бар дейді. Біреулер соған қызығып, өндіріс ашқысы келеді екен дегенді естіп қалып жатамыз. Бірақ халықтың денсаулығы алтыннан да қымбат қой, – деді ақсақал.

Шахта жабылған соң зиянды қал­дықтардан пайда болған қауіпті төбенің бетіне саз бен құм төгіліпті. Алайда бүгінде ақ жаңбырлар мен азынай соққан жел тоздырған сыртқы қорғанысы әбден бұзылып, арша-арша болып аршыла бастаған. Бұл құбылыс тұрғындарға да айтарлықтай зардабын тигізіп келеді.

– Көктемде қар ерігенде осы таудан аққан лай су мына үйлердің артында тұрған Шортанды өзеніне келіп құйылады. Зиянды заттардың бәрі сонда ағады. Жазда өзеннен су алып кір жуамыз, бақша суарамыз, үйде жуынамыз. «Тұнба таудың» астында сынап көп дейді. Қазір төбенің жоғары жағы әр жерден қотырланып ашық жатыр. Ол жерге шықсаңыз, төменнен ашық жат­қан ескі шахтаны көруге болады. Сондық­тан сынап буланып ауаға тарай ма деп қауіптенеміз, – дейді Жітіқара қаласы­ның тұрғыны Маусымжан Мыңжасарова.

Аптап ыстық күндері «Тұнба таудан» жағымсыз өткір иіс шығып, айналаны жайлап кетеді екен. Аудан әкімдігінің өкілдері алдағы уақытта қауіпті төбеге экологиялық сараптама жасалатынын жеткізді.

Соңғы жылдары Жітіқара тұрғын­дары тарапынан құрамында сынап пен ауыр металдар бар зиянды төбенің сыртқы қабаты аршылып, техногендік минералды түзілімнің төңірекке айтар­лықтай қауіп төндіре бастағаны жөнінде өтініш-шағымдар жиі түсе баста­ға­нын облыстық табиғи ресурстар және таби­ғатты пайдалануды реттеу басқар­масының өкілдері де растап отыр.

Аталған басқармаға қарасты табиғат қорғау бағдарламалары бөлімінің бас­тығы Светлана Арсентьеваның айтуынша, биыл техногендік кен орнының қор­шаған ортаға қаншалықты зиян келтіріп жатқанын анықтау жоспарланған. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 21,6 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп, зерттеу жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс жарияланыпты.

Сарапшы мамандардың пікірінше, қауіпті төбені зерттеу жұмыстары жыл он екі ай бойы, жылдың төрт мезгіліндегі ауа райының ерекшеліктерін бірдей ескере отырып жүргізуді қажет етеді. Осыған байланысты, мониторинг жұмыстары да бір жылға дейін созылып, 2023 жылы аяқталмақ.

– Мониторинг барысында «Тұнба тау» орналасқан төңірекке кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Осылайша, қауіпті төбенің ат­мосфералық ауаға, топырақ пен өсім­­діктерге, жерүсті және жерасты сула­ры­на келтіруі ықтимал теріс әсері анық­­талады. Содан кейін мониторинг нәти­желеріне сүйене отырып, қор­шаған ортаға залал келтіріп жатқан жағ­дай­лар­ды жою жөнінде нақты ұсы­ныс беріледі, – деді табиғат қорғау бағ­дар­ламалары бөлімінің бастығы С.Арсентьева.

Қауіпті төбені жіті бақылауда ұс­тап отырған облыстық экология депар­таментінің мәліметіне сенсек, бұған де­йін жүргізілген талдау нәтижелері бойынша, «Тұнба таудың» маңайдағы атмосфералық ауаға теріс әсері анық­талмаған.

Сараптама жұмыстары аяқталып, техногендік кен орнының қаншалықты деңгейде зиянды екені белгілі болған соң, қауіпті төбе не елді мекеннен шал­ғай жерге көшіріледі немесе үстінен қа­лың етіп қиыршық тас аралас топырақ, саз төселіп, сыртқы қорғаныш қабаты нығайтылады.

 

Қостанай облысы,

Жітіқара ауданы