Жыл сайын Денсаулық сақтау саласында жаңа өзгерістер мен бастамалар көтеріліп, жолға қойылып келеді. Халықтың хал-ахуалын жақсартуға арналған жобалар діттеген мақсатына жетіп, тұрғындардың алғысын алуда. Бұл ретте жақында ғана Денсаулық сақтау министрлігі ел тұрғындарын профилактикалық тексеру қызметтерін кеңейту туралы бұйрықты бекітті.
Мамандар ауыл халқына медициналық қызметтердің қолжетімділігін жақсарту мақсатында зерттеу түрлері мен нысаналы топтарды кеңейтуге қатысты. Бұл қалалық және ауылдық халық арасында медициналық қызметтердің қолжетімділігі бөлігінде орын алып отырған дисбалансты кезең-кезеңімен теңестіруге, сақтандырылмаған халықты медициналық көмекпен көбірек қамтуды қамтамасыз етуге, тұтастай алғанда, ауыл халқы арасында аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Осылайша, ауыл тұрғындарынан профилактикалық тексеруді жүргізу үшін 18 жастан 29 жасқа дейінгі жастарды кеңінен қамту көзделген. Айта кетер жайт, бұған дейін тұрғындар 30 жастан 70 жасқа дейінгі скринингтік зерттеулермен қамтылмаған.
Ауылдық жерлерде профилактикалық тексерулер жүргізу үшін 4 нысаналы топ жолға қойылды: «Жастар» 18 жастан 29 жасқа дейін, «Еңбек – 1» 30 жастан 44 жасқа дейін, «Еңбек – 2» 45 жастан 65 жасқа дейін және «Зейнеткер» 66 жас және одан жоғары.
Ауыл тұрғындарынан асқазан-ішек жолы, зәр шығару жүйесі, ересек жастағы топтағы туберкулез және қуықасты безі обырын ерте анықтау, алдын алу қызметтері кеңейтілді. 18 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық қарап-тексеруге ұйымдастыру мақсатында осы жылы 1 жас, 3, 6 және 14 жас аралығындағы балаларға назар аудара отырып, зертханалық зерттеулердің қосымша әдістерін қосып, профилактикалық қарап-тексеру пакеттерін одан әрі ұлғайту жоспарлануда.
Сонымен қатар денсаулық сақтау орталықтарының базасында жасөспірімдер мен жастар арасында, оның ішінде жыныстық жолмен берілетін аурулардың, мінез-құлықтық қауіпті факторларының, ерте жүктіліктің, суицидтердің, лудоманияның және психикалық, репродуктивтік денсаулықтың басқа да бұзылуының алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.