• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 14 Шілде, 2022

Баға тұрақсыздығы Қазақстанның ғана басындағы мәселе емес - экономист

254 рет
көрсетілді

Белгілі экономист Жақсыбек Құлекеев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында азық-түлік бағасының көтерілуіне әсер еткен факторларды атады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оның айтуынша, азық-түлік бағасының өсуі Қазақстанға ғана тән мәселе емес. Әлем бойынша бағаның өсуі соңғы 30-40 жылда болмаған деңгейге көтерілген. Әсіресе, соңғы екі-үш жылдағы инфляцияның қарқыны қатты.

«Бағаның өсуіне әсер етіп отырған бірнеше себеп бар. Бірінші себеп – пандемия. Салдарынан шектеулер күшейіп, шекаралар жабылды. Тиісінше тауарлардың бір мемлекеттен екіншісіне тасымалдануы қиындады. Бұрын іргедегі Қытайдан екі аптада жеткізілетін заттарды пандемия кезінде үш айлап, жарты жылдап күтуге тура келді. Сауда жақсы жүруі үшін тауарлардың тасымалы үзілмеуі һәм кідірмеуі керек. Тасымалдан кеткен кемшіліктің салдары бірден сезіледі. Әсіресе, біздің жағдайымызда. Өйткені Қазақстанда халық тұтынатын заттың көбі сырттан әкелінеді. Сондықтан тасымал тізбегі кідірсе яки үзілсе тауар дефициті орын алады. Артынша тауар бағасы да өзгереді. Сондай-ақ логистикада қалыптасқан тәртіп бұзылған жағдайда жол шығыны қымбаттайды. Бір ғана мысал, тауар тасымалдау мерзімі 10 күннен үш айға дейін өсетін болса, онда жол шығынының да еселеп артатыны да анық», деді Ж. Құлекеев.

Экономист сөзінше, екінші себеп – климаттың өзгеруі. Мұның салдарын біздің халық та сезініп отыр.

«Айталық, былтыр еліміздің бірнеше өңірінде қуаңшылық болды. Әсіресе, батыстағы облыстар біраз қиналды. Мал қырылды. Егін бітік шықпады. Биылғы жағдай былтырғымен салыстырғанда әлдеқайда тәуір әйтеуір. Түптеп келгенде осының бәрі тауардың өзіндік құнына әсер ететін фактор. Мұндай қуаңшылық әлемнің көптеген елінде кездеседі. Мысалы, Еуропаның оңтүстік аймағындағы Италия мен Грекия бұрын-соңды болмаған қуаңшылықпен бетпе-бет келіп отыр. Өзен-көлдер тартылып, құрғап жатыр. Әдетте өзен-көлдің суын өсімдік шаруашылығына пайдаланатын мұндағы халық ойдағыдай өнім ала алмады. Өнімнің көлемі азайса, бағасының да қымбаттайтыны заңдылық. Сол секілді Африканың да көптеген аймағы қуаңшылықтың зардабын тартуда. Климаттың өзгеруі дегеніміз – қуаңшылық қана емес. Бір аймақта температура күрт көтерілсе, енді бірінде керісінше жағдай қалыптасып отыр. Мысалы, Антарктидада, Арктикада мұз еруде. Салдарынан мұхиттың суы көтеріліп жатыр. Мұхитқа жақын орналасқан кейбір мемлекеттерде жойқын су тасқындары тіркелуде. Әсіресе, мұхиттың Оңтүстік Азия бөлігіндегі мемлекеттерде, айналасын су қоршаған Аустралияда осындай келеңсіз жағдайлар жиі қайталанады. Еңбекші халықтың бүгін-ертең жинап аламыз деп отырған өнімдері судың астында қалып, түкке жарамай жатыр. Бұл да көптеген тауардың жоспарланған көлемде өндірілмеуіне себеп», деді ол.

Сондай-ақ экономист бағаның тұрақсыздығына геосаяси жағдай әсер еткенін атап өтті. Яғни Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс. Екеуі де Еуропадағы, әлемдегі ірі мемлекеттердің қатарына жатады. Әсіресе, Ресейдің жаһандық экономикадағы орны бөлек. Сондықтан соғысқа байланысты Ресейге салынған санкциялардың салдарын әлемнің өзге де мемлекеттері сезінуде.

«Ресей территориясы ең үлкен құрлықтық аумақты алып жатыр. Сол себепті ол тауарлардың, жолаушылардың тасымалына айрықша әсер етеді. Оңтүстік Азияның Еуропаға бағыттаған тауарларының басым бөлігі осы территория арқылы өтеді. Оны айналып өту өте қиын. Сол секілді Еуропадан Оңтүстік Азияға қатынайтын ұшақтардың дені Ресейдің үстімен ұшады. Санкция салынғалы бері солтүстіктегі көршіміздің «аспанын пайдалану» сап тыйылды. Ресей ұшақтары да ешқайда ұшпайтын болды. Осылайша, Оңтүстік Азиядан Еуропаға және кері бағытта тасымалданатын жүктің көлемі күрт төмендеп кетті. Осының бәрі әлемде қалыптасқан логистикалық тізбектің бұзылуына алып келді», делінген Ж.Құлекеевтің сұхбатында.