• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Шілде, 2022

Мал ұрлығына қатысы бар күдіктілер ұсталды

264 рет
көрсетілді

Сарыағаштық полицейлер мал ұрлығының 16 жайтына қатысы бар үшеуді ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын бір бас жылқысының жайылымнан ұрланғаны бойынша шағым түсірген. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркеуге алынды. Хабарлама алысымен сарыағаштық тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды.

Полицейлер өз тәжірибелеріне сүйене отырып, ұрылардың ізіне түсу үшін шұғыл және жоспарланған әрекеттерді жүзеге асырды. Мал жайылымдарына шығып, тиянақты тексерулерді ұйымдастырды. Көрген-білгендерден жауап алып, жан-жақты сұрастыру жұмыстарын жүргізді.

Нәтижесінде, полиция қызметкерлері күдікті ретінде Өзбекстан азаматын ұстады. Тексеру кезінде күдікті жас жігіт өзімен бірге мал ұрлығымен айналысқан, яғни, қылмысты ұйымдастырушы тағы екі күдіктінің бар екенін айтты. Осыдан соң полицейлер қалған азаматтарды іздестіру жұмыстарын жүргізді. Оларды көп ұзамай қолға түсірді.

Жалпы, ұсталған азаматтардың екеуі Өзбекстан Республикасының азаматы болса, бір азамат жергілікті тұрғын болып шықты. Тиянақты тексеру мен зерделеу барысында осы ұсталғандардың мал ұрлығының 16 жайтына қатысы бары анықталды. Ал шығын көлемі 10 миллион теңгеден жоғары екені белгілі болды.

Анықталғандай, күдіктілер қылмыс жасау барысында өз рөлдерін алдын ала жоспар бойынша орындаған. Мысалы, басты күдікті мал жайылымында қараусыз жүрген жылқы, сиырларды байқаған бойда жүк көлігіне тиеп отырған. Содан сыбайласы екеуі ұрланған малдарды сатып алушыларға, қасапшыға арзан бағада өткізген. Олар ұрлаған олжаларын Газель көлігімен тасымалдаған.

Полиция қызметкерлері айғақты зат ретінде күдіктілерден Газель көлігі мен екі бас жылқыны тәркілеп алды. Дәл қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары ұсталғандардың басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр.