Жас жазушылар жинағының мазмұны бай. «Таңғы шықтың» палитрасы сан қырлы, алуан бояулы. Достықты, махаббат пен адамгершілік лағыл қасиеттерді қызыл тінге айналдырған лирикалық әңгімелермен бірге, туған жер, ел тағдырын толғаған тебіреніске толы туындылар, аңыз-әфсана, фантастика, сатиралық дүниелер де бар. Ендігі сөз – Төлеу Шаханов пен Төлеш Шахановтың «Тірі көз» аталатын ғылыми-фантастикалық әңгімелері төңірегінде. Баянымызды сабақтамастан бұрын қазақ әдебиетіндегі кенже жанрдың сыр-сипатына аз-кем тоқталған жөн шығар.
Фантастика. Аса қиын да, өте күрделі тақырып. Жалғыз ауыз сөздің аясы мейлінше кең. Бұл ұғымның қазақ санасындағы түйсік-түсінігі кенеусіз ауқымды, мақсат-мұраты шыңырау тұңғиық. Термин төркіні саналатын гректерде бұл атау – көзге елестету өнері дегенді түсіндірген. Осы тұрғыдан пайымдап, зерделер болсақ, қазақ халқының да ежелден арманшыл, ойшыл, қиялшыл екеніне көз жеткіземіз. Айғақ деректі аласұрып іздемей-ақ қояйық. Тілге тиек ретінде бабаларымыздың асыл мұрасы – қиял-ғажайып ертегілерін айтсақ та жетіп жатыр. Халық қиялынан туған хайуанаттар жайлы қиял-ғажайып, тұрмыс-салт ертегілерінде фантастика жанрының негізгі элементтері кездеседі. Бұған ең алдымен «Ер Төстік», «Қырық өтірік», «Керқұла атты Кендебай» тәрізді жауһар жәдігерлерімізді атар едік. Фантастиканың ғылыми жағынан дамып, қалыптасқанға дейін мифологиялық және діни шығармаларда орын алғанын көрсетеді.
Дүниедегі ең шапшаң, ең ұшқыр құбылыс – қиял. Ал адамзаттың бүгінгі таңдағы зор жетістіктері мен игілікті істерінің дені адам қиялының жемісі саналса керек. Қазіргі әдебиеттегі фантастика жанрына берілген тұжырымдама біраз жайдан хабар жеткізгендей. «Фантастика – әдебиеттің өмір шындығын қиял тұрғысында әсірелеп бейнелейтін түрі». Демек, ғылымның дамуымен байланысты жұрт қиялынан туған көркем туындылар да дүниеге келе бастайды. Он сегіз мың ғаламның жұмбағы мен құпиясына жіті үңілген сайын адам қиялына да қанат біте түскені баршаға мәшһүр.
Жалпы ғылыми-фантастикалық әдебиет ағылшын философы Ф.Бэконның «Жаңа Атлантида» кітабынан басталады. ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда планетааралық сапар туралы, кейінірек келешек жайында ғылыми-фантастикалық шығармалар жазылғаны мәлім. Ал «миы – қиял қоймасы» атанған атақты француз жазушысы Жюль Верннің қиял-ғажайып романдары төрткүл дүниені шарлап кетті. Ұлы фантастың «Он бес жасар капитан», «Су астына 80 000 километр сапар», «Капитан Гранттың балалары» секілді кітаптарын қазақ оқырмандарының үлкен-кішісі бірдей жастанып оқығаны белгілі.
Қазақ әдебиетіндегі таза фантастикалық тұңғыш көркем шығарма – көрнекті маркшейдер-ғалым, философ-қаламгер Ақжан Машановтың 1957 жылы жарық көрген «Жер астына саяхат» повесі. Бұл тосын да, ізашар туынды республикада ғылыми-фантастикалық жанрдың қарқынды қанат жаюына әсер етіп, қиялгерлердің үлкен шоғырын жасақтағаны аян. Қазақ қаламгерлерін де ғарыш әлеміне, жұлдыздар сырына, телегей-теңіз мұхиттар тұңғиығына, жеті қат жер қойнауына, табиғаттың құпия тылсымына ой көзімен барлауға ұмтылдырды. Шарқ ұрып ізденіп, талмай тер төкті. Фантазияларын ұштап, шеберліктерін шыңдады. Нәтижесі мерей марқайтып, әдеби қоржынның бүйірін бұлтитты. Қазақ фантастика жанрының көсегесін көгерткен олжа туындылардың кейбірін атай кетелік. Жазушылар Медеу Сәрсекеевтің «Ғажайып сәуле», «Көрінбестің көлеңкесі», Талап Сұлтанбековтың «Көшпелі алтын», «Лұқман Хакім», Шоқан Әлімбаевтың «Данышпандық альфасы», Төлеу Шахановтың «Көгілдір мұнаралар», Төлеш Сүлейменовтің «Жұлдыз адамы», Шәмшиден Әбдірамановтың «Әл-Фараби көпірі», Абдул-Хамит Мархабаевтың «Ғарыштағы қымыз», Советхан Ғаббасовтың «Кәусар», Раушанбек Бектібаевтың «Ионесферадағы алаң», Нарбинь Кенжеғұлованың «Қиын шешім», Жүніс Сахиевтің «Кеңістік көшпенділері» аталатын фантастикалық повестері мен романдары аса күрделі жанрдың қалыптасып, өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқанын қадап көрсеткен жөн.
...Мінеки, алақандай әңгіменің әсерімен «ұшып» жүргеніме екі-үш күн. Ойым да, бойым да асқақтап, қиялым бөлекше шарықтағандай. Тіпті, санамның бір түкпірінде ұмытылып қалған балалық шақтың қызықтарын дабылдатып, сон-ау жылдардың бұлыңғыр суреттерін көз алдыма елестетерін қайтерсің. «Таңғы шық» жинағындағы Төлеу Шаханов пен Төлеш Шахановтың «Тірі көз» ғылыми-фантастикалық әңгімесіне үңілген сайын, елес-жаңғырық та оқтын-оқтын орала береді-ай...
Қаршадайыңда естігенің мен көргенің ешқашан өшпейді. Бала жадында қашалған ғұмыр ізін қанжармен де кетіре алмайсың. Алаңсыз кездің көріністері қазір де айна-қатесіз қаз-қалпында жанарымның алдында тұрғандай. Көгілдір Балқаштың жағасындағы кішкентай балықшы ауылы. Қоңыртөбел тірлігі бар колхоздың бас көтерер үлкендері ұлан жазды іргедегі теңіз үстінде өткізеді. Қақаған аязда шыңылтыр мұз астынан, ал аптап ыстықта теңіз түбінен несібесін терген балықшының шаруасы да бір басына жетерлік. Суық күзге дейін көл бетінде көшіп жүреді. Яғни, жүрекжұтқандардың бүкіл тағдыры толқын жалында қалт-құлт тербелген қара қайық пен «тырқылдаған» қалақтай кеменің үстінде. Бірде ересектермен бірге балық аулап жүрген құрдастарымыз Шағай, Кәтен, Зарықбектер жарыса өздері тамашалаған оқиғаны таңдайларын тақылдатып тұрып шерткен. Қиял-ғажайып хикаяға бергісіз әңгімелері бізді қатты қызықтырған. Әуелде сенбегеніміз рас. Бірақ, олардың айтқандарын үлкендер жағы да мақұлдап, қоштаған-ды.
«Бір күні кешкі тамағымызды ішіп алғаннан соң, Ай жарығымен ау тараштап отыр ек. Күнбатыс беттен ноқаттай боп шалынған өткір жарық үрген шардай бірте-бірте ұлғайып, көтеріле берді. Артынша найза бойы биіктеп барып, кілт бізге қарай жылжыған, – деген Шағай бет-аузын құбылтып, тұтыға үрейлі кейіпте сөзін сабақтады. – Сенесің бе, Жанат? Әлгі алып шар әп-сәтте Қарақұмның желке тұсындағы Алғазы аралының нақ төбесіне келді де, бір орнынан қозғалмай біраз кідірді. Төңірегіне өткір сәулелерін шашқан шар сәлден кейін барып ілгері қозғалды. Дөңгеленіп жылжыған оның тұп-тура біздің үстімізге келе жатқанын аңғарған Кәтен қорыққаннан төменге, каютаға түсіп кетті. Ал мен не істерімді білмей, тіл-аузым байланған күйі, қаққан қазықтай мелшиіп отырып қалыппын. Жарты аспанды жап-жарық сәулеге шомылдырып домалаған шар қиястау бұрылған бағытын өзгертпей Жыңғылдықайырды жағалап, Лепсі-Матайға қарай тартты. Ғажап! Не ұшаққа, не ракетаға ұқсамайды. Ізі де көрінбейді. Жарығы көзді қарып жіберердей. Ұзап бара жатқанда байқағаным, әлгі жарық-сәулелер шеңбердің бүйіріндегі үңірейген тесіктерден шашырап жатқан тәрізді. Әйтеуір, бұрын-соңды көрмеген дыбысы жоқ жұмбақ-дүние. Сонда, бұл не нәрсе деп ойлайсың?..»
Мен иығымды қиқаң еткіздім. «Кім біліпті?!»
Көп ұзамай қара сирақ достарымыз тамсана шерткен таңғажайып алып шарды түнгі ауыл аспанынан жиі көретінбіз. Жарты әлемді жап-жарық сәулеге орап, сырғып кетіп бара жатқан оны білгіштердің дені «Балқаштың арғы бетіндегі Байқоңыр мен әскери «жабық» қаладан ұшырылған спутник» дейтін. О жағын біз қайдан білейік? «Жұлдыздары жамыраған ғарышқа апаратын жұмбақ жол дәл біздің ауылдың үстімен өтетін шығар» деп болжайтынымыз анық. Кейінірек, есейе келе Көк кезбелері хақында көп еститін болдық. «Ұшатын тарелка», «НЛО», «Беймәлім ұшатын шар», «Бөгде планетадан келген алыптар», «Жалғыз көзді жұмбақ ұшақтар...» Тіпті, кейбір «Ұшатын тарелкалар» жалғыз-жарым жүрген адамдарды ұрлап әкетіпті-міс» деген алып-қашпа қауесеттер де естіліп қалатын... Жер «қонақтары» туралы елеңдетер материалдарды әу баста өзге елдердің газет-журналдарынан жиі оқитынбыз. Келе-келе ұлан-байтақ Қазақстанның біресе ана түкпірінен, енді бірде мына түкпірінен «НЛО»-ны өз көзімен көргендердің әңгімелерін есту – әдетті жағдайға айналғаны мәлім. Тәуелсіздіктің елең-алаңында іссапармен Солтүстік Қазақстан облысында болғанымда аспан кезбелерін көрген бір топ куәгерлерге жолығып, шытырман оқыс оқиғаларды естіп, ғажайып әсерлерін өзіміздің «Егеменде» жариялағаным бар.
...Енді міне, ағайынды Шахановтардың «Тірі көзі» қайран қалдырып отыр. Осыдан елу жыл бұрын жазылған фантастика алуан түрлі ойға шомдырған. Жазушы жігіттердің қиялы еріксіз тәнті етеді-ай. Өйткені, ол кезде кеңестік цензура мұндай дүниелердің баспасөз беттеріне шығып кетуіне жол бермейтіні жасырын емес. Көп ретте фантазияның да қисынды болуын қатал қадағалайтын. Қиял-ғажайып шығармалардың ғылыми негізіне үңілген «қырағылар» орынды-орынсыз талап қоятыны және аян. Осынау биік үдеден табылу үшін қазақ фантастарының шүмектетіп тер төккені айқын байқалады. Ізденістері де назар аудартады.
Кәне, ендеше ғылыми-фантастикалық әңгіменің қалай басталғанына жанар тоқтатайықшы:
«Мен көзімді аштым. Маңайдың бәрі бұлдырап әзер көрінеді. Қайдамын? Не болды? Кенет жүрегім лүпілдеп жиі соға жөнелді. Маған баданадай үлкен көз тесіле қарап тұр. Оның өткір қарасы тұла бойымнан өтіп мидағы ой тізбектерін жатқа оқып тұрғандай. Одан құтылар емессің. Ол өзінің тұңғиығына баурап әкетіп барады, әкетіп барады. Мүмкін мұның бәрі түс шығар? Жоқ! Мен көзімді жұмдым. Әлгі көз қимылымның бәрін бұлжытпай орындады. Қорқып кеттім. Соңғы күндері болған оқиғалардың бәрі алдымнан құйындай жүйіткіп өте шықты. Мен жоқпын. Мен енді сөйлей алмаймын. Тек ойлаған ойымды, көргенім мен білгенімді бұрыштағы сопақтау келген «Тіл» деп аталатын электрондық машина жазып жатыр. Қазір Әнес келуге тиіс.
– Әлім, – деді кеше ол, – бұл экспериментті жасама. Ғылым Орталығы басқа тәсілдерді қарастыруда. Мүмкін 8-ші Эпсилон жұлдызындағы құбылысты шешетін екінші әдіс табылар.
– Жоқ, мен белімді бекем будым. Есеп машинасының жасаған формуласы эксперименттің дұрыс екенін растады ғой, – дедім теріс бұрылып.
– Растасын, бірақ ойламаған жерде ми клеткалары зақымға ұшыраса не істемексің?
– Эх, Әнес, ғылым үшін жанымды да қиямын. Әңгімені қысқарталық. Ертең мен эксперимент жүргіземін. Лабораторияға кеп «Тілдің» жазып алғанын тексерерсің.
– Жақсы.
Біз үн-түнсіз осылай тарастық...»
Жұмбақ тылсымның құпиясы оп-оңай шешілмейтіні белгілі. Тәжірибені әлі де ерінбей жалғастыру керек. Бүкіл ғұмырын ғылымға бағыштаған Әлімнің ой сергітіп, жақсылап тынығып алғысы келеді. Алайда, миын шырмауықша шырмап-торлап алған «сұрақтар» отырса да, жатса да маза бермеген. Себебі, осыдан бес жыл бұрын Жер стансалары Водолей шоғырындағы 8-ші Эпсилон жұлдызынан белгісіз хабар ала бастайды. Бұл деректер он екінші толқынмен беріліп тұрған. Ғылыми орталықтың ғалымдары ғарыштан жеткен хабарды қанша зерттесе де түйінін шеше алмайды. Орталық ғалымдары өздерінің ғылыми тәжірибелерін талмай, асықпай жүргізуді ұйғарады. Көмейге кептелген күпті сауал да мәлім.
«Эпсилон тұрғындары кімдер болды екен?..»
Сөйткенше оның басы шыркөбелек айналып, шыңырауға құлап кетеді. Қайдан жетіп келгені белгісіз, төңірегіне өткір сәуле шашқан «Тірі көз» төніп тұрғандай елестейді. Қиялгерлер осы мезеттегі оқиғаның жай-жапсарын былайша суреттейді.
«Маған үлкен көз бадырая қарап тұр. Ол – мені өзінің түкпіріне тартып бара жатқандай. Айналамды қараңғылық басып кетті де, іле жап-жарық болды.
Үлкен алаңның ортасында тұр екем. Алыста аспанға көбік шашып, көгілдір су айдыны тулап жатыр. Оның жағасындағы қызыл, жасыл, көгілдір сәулелерге бөленген ғажайып үйлер жерден болар-болмас көтеріліп, қалықтап барады. Бұл көріністен кейін жасыл күмбезге ұқсас кең сарай пайда болды. Одан да ақ шашты, ұзын бойлы, кең иықты адамдар шықты да аспандағы сарғыш жұлдызды көрсетті.
– Алиамма! – деді олар біртүрлі нәзік дауыспен.
– Алиамма!
Сарғыш жұлдыздың қасында бір топ жұлдыз пайда болды. Бұл Водолей шоғыры.
Ақ шашты адамдардың көкшіл киім кигені алға бір қадам шықты да, Водолей шоғырын өшіріп тастады. Оның орнында енді Күн системасы.
«Уала» – деді әлгі адам Жерді нұсқап. – Уала!..»
Жанкешті ғалымдар кешікпей Алиамманың 8-ші Эпсилон жұлдызы екенін анықтайды. Бірақ әлсін-әлсін ойқастап, қыр көрсеткен көз турасында нақты тұжырымға тоқтай алмай қиналады. Таңданыстарын да жасырмайды. Күрмеуі қиын түйін тарқатылмаған қалпында қалады. Сұрақтар сананы сілкілейді:
– Бұл неғылған Көз? Қандай құбылыс?
– Ол не? Бөгдепланеталықтардың арнаулы аппараты ма?
– Әлде Әлемге көрінген галюминация ма?
– Көз – беймәлім ұшатын аспан кезбелерінің бірі шығар? Әбден мүмкін ғой!
Нақты жауабы жоқ сауалдар селі бізді де түпсіз ой мұхитына батырған...
Фантаст-жазушылардың қиялдары қырағы да, ұшқыр. Таңданбасқа, сенбеске болмайтындай. Қиялгерлердің осыдан жарты ғасыр бұрын болжағандары бұл күнде ақиқатқа айналып отырғаны да баршаға аян. Галактика жұмбақтары мен құпиялары Жер тұрғындарына өз сырларын ашуда. Соның бірі – Көк кезбелерінің бүгінде адамдарға жиі көрінуі. Бұл айғақты уақыттан озған қиял жемісі дегеніміз жөн.
* * *
Әдеттегідей «Тірі көздің» авторлары жөнінде бірер ауыз сөз. Мектеп қабырғасында жүргенімде «Таңғы шық» әңгімелер жинағы арқылы жақсы таныс Төлеу Шаханов пен Төлеш Шахановтардың бірлесіп жазған дүниелерін студенттік жылдары да жиі оқитынмын.
Кейінде байқағаным, Төлеу Шахановтың аты-жөнін әр-әр облыстың басылымдары беттерінен ұшыратып қалатынмын. Ал Төлеш Шахановтың жеке жазғандары еш жерден кездеспейтін-ді.
– Сонда бұл қалай?
Әрине, кезінде осынау сауалды өз-өзіме қойып, жете мән бермегенім шын. Қажетсіз болғандықтан. Несін жасырамыз, әлі де солай болуы мүмкін еді. Бірақ, бұған бізді ешкімнің де кінәламасы күмәнсіз. Сөйтсе де қазіргі басымызға түскен жағдай басқаша. Ағайынды қаламгерлердің өмірбаяндарына қатысты деректерді жанұшыра іздестіруге тура келді. Біледі-ау дегендердің көбінікі долбар боп шықты. «Төлеу мен Төлеш егіз көрінеді. Бірі орыс тілінде жазып, екіншісі қазақшаға аударады екен...», «Ағалы-інілі жігіттер фантастикаларына ғана қосарланған фамилияларын қойып келген. Өйткені, бірі шығарма сюжетін ауызша айтып берсе, екіншісі қағаз бетіне түсіреді-міс...», «Төлеуі қайтыс болған, Төлешінің қос жанары бірдей көрмей қалыпты. Тірі болуы керек. Жаман хабарын естімедім...» Алып-қашпа әңгіменің сұлбасы, міне осындай. Біріне сеніп, біріне күмәндандық. Себебі, сұрау салғандарымыздың дені ақмолалықтар болатын. Сонымен қатар, жергілікті журналистерге де телефон шалдық. Бәдуан Имашұлы, Амантай Есілбаев, Жылқыбай Жағыпарұлы нақты ештеңе айта алмады. Бәдуан құрдас қана «Ерейментаулық қаламгерлер Сайлау Байбосын мен Аманкелді Жұмабек білуі әбден мүмкін. Мен солармен хабарласып көрейін» деді. Байқайсыз ба? Жерлестерінің өздері жазушы бауырларынан көз жазып қалғанға ұқсайды. Тап басып дәнеңе айта алмаған...
Әр-әр жерден жылтылдаған бұлыңғыр үміт сәулесі өшпеген.
«Сұрай-сұрай Меккеге де барарсың» демекші, ағайынды Шахановтарды білетін адамды да таптым-ау. Кім дейсіз ғой? Өзіміздің Раиса апай, Жанайдарқызы Ибраева. «Егемен Қазақстан» Астанаға көшіп келген күні бастығымыздың қабылдау бөлмесіне қызметке алынған хатшы-референт. Отанымыздың бас газетін Сарыарқаның төріндегі елордаға көшіріп әкелген бас редакторымыз Ержұман Смайыл әлекедей жалаңдаған техсекретарьдің орнына «әдейі зейнеткер жасындағы адамға» конкурс жариялаған-ды. Сол жаңадан қабылданған зейнеткер-хатшымыз үлкен ұжыммен бір мүшелдей мерзім жемісті еңбек етіп, «екінші» рет демалысқа кеткен болатын. Ауылшаруашылық институтын тәмамдаған Раиса апай өнерге жақын боп шықты. Өлең шығарып, әңгіме жазады. Сөз киесін жан-тәнімен түсінетін нағыз ана тілінің жанашыры екен. Ежелгі Қараөткелдің бас көтерер қадірменді қарттарынан бастап, бүгінгі зиялы қауым өкілдерінің баршасын жыға біледі.
– Бұған дейін сұрамадың ба? Бүйтіп әуре-сарсаңға түспес ең. Ағайынды Шахановтарды білемін ғой, – деді мән-жайға қанық болған Раиса апай. Жұмсақ биязы үніне күлкі араласқан. – Біз бір ауданнанбыз. О кезде қазіргі Ерейментау ауданы Еркіншілік деп аталатын. Төлеу екеуміз бір жылдың төліміз. Мен аудан орталығындағы қазақ мектебін бітірсем, ол Қазақ темір жолына қарасты «Ерейментау» орыс орта мектебінің түлегі. Төлеу мектеп қабырғасында жүргенде-ақ екі тілде бірдей жазып жүрді. Облыстық, аудандық газеттерде жиі жарияланатын. Мектепті бітіргеннен кейін екі жылдай аудандық «Знамя», «Еңбек туы» газеттерінде еңбек етті. Өйткені, бүгінгідей емес, екі жылдық «стажың» болмаса, жоғары оқу орнына құжатыңды қабылдамайды. Аудан өміріне байланысты репортаждары, мақалалары, суреттемелері, сондай-ақ өлеңдері мен шағын әңгімелері өте жиі жарық көретін оны аудандық «Еңбек туы» газетінің редакторы болып істейтін менің туған ағам Айтмұхамбет Жанайдаров ұдайы мақтап отыратын. Төлеш ағасы да жазушылықты кәсіп етті. Менің білуімше кандидаттық диссертациясын қорғаған. Алматыда ғой. Елге өте сирек келетін. Ағайындылардың кейінгі тағдырларынан хабарым жоқ. Ерейментаудағы туыстардан жөн-жосығын сурастырып көрейін. Сіңілімнің Қарлығаш деген қызы Төлеу Шаханов оқыған мектепте мұғалім. Бір дерегін білер. Айтпақшы, енді есіме түсіп тұр. Төлештің фамилиясы үлкен әкесінің атында секілді. Жарайды. Ең алдымен ауылдағылардан анық-қанығын білейінші. Асықпаңыз... Хабарласам...
«– Раиса апай шынымен тағы бір күдіктің шетін шығарды ма? Бұ қалай сонда? Төлештің тегі басқаша дейді ғой...»
Күпті ойымнан арылып үлгерместен Раиса апай қайта телефондады.
– Жанат-ау, сәтін салайын десе, Аллаға түк емес. Кәне, тездетіп жазып ал. Алматыдағы Төлеудің кемпірінің соткасын таптым. Мына қызықты қара, оның да есімі Қарлығаш көрінеді. Ұялы телефон нөмірі біздің Қарлығашта бар екен. Ендігісі өз қолыңда...
Қуанышым шексіз. Бөгелмедім. Емен-жарқын күйде неше уақыттан бері нақты хабарының ұштығын ұстай алмай жүрген Төлеу ағайдың өмірлік серігіне звондадым. Хал-жағдайын сұрадым. Өзімді таныстырдым. Бұйымтайымды сұрады. Шаруамды айттым.
– Түсіндім бәрін де. Аяқ астынан не деймін. Төлеуді де іздейтіндер бар екен ғой, – деген Қарлығаш жеңешемнің байсал үні аса мұңайысты шыққан. Әр сөзін бөліп-бөліп маңғаз жеткізеді. Көңіл-күйі де пәстеу. – Өткен он екінші жылдың желтоқсанында Төлеу ағаң жетпіске толды. Соғыстың от-жалынында туғандардың біразы мерейтойларын дүрілдетіп өткізгенін білесің. Ал біздің Төкеңді елеген ешкім жоқ. «Қазақ әдебиеті» газетіне өз қолыммен апарып берген бір топ өлеңдері аузы-мұрны жоқ аңдатпасыз жарық көрді. Енжарлық па, немқұрайлық па? Әлде өзі жоқтың, көзі жоқтың кері ме? Әйтпесе, екі тілде бірдей жазған Төлеу Шаханов қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар қаламгер. Поэзиясын айтпағанда, оның ғылыми-фантастикасы мен аудармаларының өзі бағалауға да, құрметтеуге де әбден лайықты. Медет етерлік қуанышты жай – ерейментаулық жерлестері Төлеу оқыған орта мектепке оның есімін бергізіпті. Бұған да шүкір! Бір өкініштісі, осынау салтанатқа арнайы шақырамыз деген ағайындар мені ұмытып кеткенге ұқсайды. Мейлі өздері білсін. Күтпеген жерден хабарласып, жөн сұраған сізге құлағдар еткенім ғой...
Иә, қаламгер шаңырағының шырақшысы Қарлығаш Зейінқызымен әлденеше мәрте тілдестім. Талай түйткілдер мен деректердің егжей-тегжейіне көз жеткіздік. Соларды оқырмандар назарына түйіп-түйіп жеткізгім келеді. Жазушының жары Қарлығаш апай – атақты қаламгер, Алаштың ардақтысы Зейін Шашкиннің қызы. Мұны ескі көз, алдыңғы буын өкілдері ғана білмесе, кейінгі ұрпақтың мүлдем хабарсыздығына сенімдімін. Ал ойдан-қырдан шарқ ұрып іздеген Төлеудің ағасы Төлештің тегі Сүлейменов болып шықты. Ағайындылар отбасын құрып, үйленгендеріне дейін фантастикалық шығармаларына қосарлап «Шаханов» деп қол қойған көрінеді. Сөйтіп, Төлеш ағаның әдеби мұралары үлкен әкесінің атымен таңбаланыпты. «Ағалы-інілі төртеуміз Шаханов боп кетсек, әкеміздің әкесінің аты тарихта қалмас. Мен бүкіл құжатымды Сүлейменовке өзгертемін. Атамның рухы риза болсын» депті Төлеш аға. Мінеки, фамилия құпиясы мен сыры осылай анықталған.
Қызықты қараңыз. Төлеш аға туралы жан-жақты білгім келіп, Қарлығаш апайдан ананы-мынаны сұрастырып отырғанымда көңілімдегі күпті сауалдың ұшы да көрінген. «О кісі де ұзақ жүрмеді. Төлеуден кейін, үш айдан соң қайтыс болды ғой. Фантастикалық бірнеше кітаптары жарық көрген. Олар «Жұлдыз адамы», «Күн сынығы», «Қиял әлеміне саяхат», «Алиана-нысан» деп аталады. Өзі ғылыми-фантастика тақырыбынан диссертация қорғаған, филология ғылымдарының кандидаты. Неге екенін білмедім, Жазушылар одағына мүше емес. Қайнағаның қыздары да филологтар. Соңғы кітабы – «Сегіз Сері». Осы кезде мен шыдамай: «Е-е, енді есіме түскен тәрізді. «Сегіз Серінің» авторы болса, Төлеш ағамен жалғыз мәрте кездескенім бар...» дедім.
...Кәне, құлақ түріңіз, қадірлі оқырман. Сіз де хабардар болыңыз. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басы. Ұмытпасам, Алматының шіліңгір шілдесі. «Ленжаста» бірге істеген белгілі қаламгер Ырым Кененбаев екеуміз республикалық зағиптар қоғамының журналы «Еңбек таңының» редакциясына бас сұқтық. Осында жаңадан қызметке тұрған жазушы досымыз Сейітқазы Досымовқа жолыға кеткіміз келген. Елпілдеп қарсы алған ол жазу үстелінен енді ғана көтеріліп, күн қағары бар жұп-жұқа шүберек телпегін шекесіне қисайта киіп жатқан дембелшелеу жігіт ағасын таныстырды. «Фантас-жазушы ағамыз Төлеш Сүлейменов. Жақында «Сегіз Сері» дейтін ғажап романы шықты...» Рас, біз елеңдеп қалдық. Өйткені, Төкеңнің жаңа кітабы баспасөзде әжептәуір жаңғырық туғызып жатқан шақ еді. Жөн сұрасып, танысқан жазушы ағамыз кешірім өтінген. «Түскі үзіліске үйге бара жатыр ем. Сендермен танысқаныма қуаныштымын. Сәті түссе, тағы бірде жүздесіп, «Сегіз Серіні» жуармыз...» Ағеділ жанның мейірімді жүрегі шынайы лебізінен байқалып тұрды.
Өкініштісі сол, одан кейін біздің Төлеш ағамен жолымыз бірде-бір рет түйіспепті...
Төлеу Шаханов ҚазМҰУ-дің филология факультетінің журналистика бөлімін бітірісімен «Социалистік Қазақстанда» (қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті) қызмет істепті. Бірақ, бұл жөнінде кейінгілер мүлдем білмейді. Сұрастырған ересектердің өздері «Өте ертеректе болғаны ғой» дегеннен артық ештеңе айтпаған. Сондай-ақ ол «Ленинская смена», «Семиречие», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде журналистік көріктің ыстық-суығынан өтсе, кейінірек «Жазушы», «Жалын» баспаларында редактор болыпты. Өмірінің соңғы кезінде «Қазақфильм» киностудиясында қызмет атқарыпты.
Әдебиеттің әр жанрында қалам тербеген ол өнікті еңбек етті. Орыс тілінде «Жазушы» баспасынан «Бәйге», «Шуақты күн», «Сен білесің бе, бұларды?», «Қос шапқыншы» аталатын лирикалық өлеңдері мен поэмалар жинақтары дүниеге келген.
Қазақ ғылыми-фантастикасының көкжиегін кеңейтуге өзіндік үлес қосқан Төкеңнің «Көгілдір мұнаралар», «Жоғалған планета» туындысы да кезінде жұрт назарын аударып, талғампаз оқырман ықыласына бөленген-ді. Қаламгердің тәржіма саласындағы еңбегі де елеулі. Ол қазақ ақындарының өнернамасын орыс оқырмандарына танытуда маңдай терін біршама бұршақтатқанын естіп-білдік. Талантты аудармашы Кенен Әзірбаев, Нұрхан Ахметбеков, Қадыр Мырзалиев, Дүйсенбек Қанатбаев т.б. ақындардың көптеген өлең-дастандарын орыс тілінде сөйлеткен. Ол аударған венгр жазушысы Крянгенің «Өжет әтеш» пен М.Светловтың «Мальчик-Кибальчиш» спектакльдері республикалық балалар қуыршақ театрының сахнасынан түскен жоқ.
Әңгіме арасында жазушының жары Қарлығаш апай оның баспа жүзін көрген туындыларының басын қосып, қазақ-орыс тіліндегі толық бір томдығын әзірлеп жатқанын айтқан-ды. Қаржының тапшылығы қол байлауда. Әйткенмен де Жазушылар одағынан үміт күтетінін жеткізген. Несі бар, орындалмайтын қиялдағы арман емес қой. Біздің де келешектен күтеріміз көп. Дүниеден озғанына жиырма жыл болған қаламгердің осы мерзім ішінде бірде-бір кітабы қайталап басылмапты.
Қазақ әдебиетінің үлкен жанашыры, белгілі қазақстандық орыс жазушысы әрі аудармашы Алексей Брагин «Қазақтан шыққан дарынды шебер аудармашы екеу болса, сөз жоқ, оның бірі – өзіміздің Төлеу Шаханов еді», ал фантастиканың жілігін шағып, майын ішкен Абдул-Хамит Мархабаев «Ол – қиял тұлпарының жалынан ұстаған қаламгер» деп биік бағалаған жазушы есімі әрдайым өз оқырмандарының жүрегінде.
Жанат ЕЛШІБЕК,
халықаралық «Алаш»
сыйлығының лауреаты.