• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Шілде, 2022

Цифрлы белгісі жоқ темекіге айыппұл салынады

308 рет
көрсетілді

Бұдан былай цифрлы таңбалау коды жоқ темекі өнімдеріне айыппұл салынатын болды. Тіпті шылым өнімдері таңбаланбаса, тауарлар тәркіленіп, лицензиясынан айырылады.

Цифрлы экономиканы дамыту ор­та­лығы мамандарының хабарлауынша, бұл өзгерістер биылғы 11 шілдедегі «Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы» кодексіндегі толықтыруға байланысты енгізіліп отыр.

Қазіргі таңда темекі өнімдерінің акциздік маркалары жойылып, оның орнына штрихкодтар пайда болғаны белгілі және Қазақстан заңдарында «акциздік маркалар» деген термин «сәйкестендіру құралдары» деген сөзбен ауыстырылды.

Цифрлы экономиканы дамыту орталығының баспасөз хатшысы Ал­тынгүл Жанабайдың айтуын­ша, акциз­дік марка – сұранысы жоғары тауар­лардың жекелеген түріне са­лық төлеуге арналған фискалдық марка­ның түрі. Бұрын бұл Қазақстанда те­ме­кіге қолданылып келген. Темекі бұйым­дарының акциздік маркасы тік­бұрышты, қағазға өздігінен жабысатын графикалық үлгіде болды. Алайда мұндай таңбалау түрі тұтынушыларға өнім туралы толыққанды ақпарат бере алмады. Сауда үшін де тиімді бол­ған жоқ. Оның үстіне акциздік мар­ка­ның жалғандығын тексеру де қиын, сол себептен түпнұсқадан айнымайтын жасанды көшірмелері де болған. «Осындай мәселелерді ескере келе, темекі өнімдерін міндетті цифрлы таңбалау жүйесі қолданысқа енді. Қазіргі өнімдердегі Data Matrix сәйкес­тендіру коды тауардың жалғандығын анықтауға, жалпы өнімді таңбалау әдісімен қадағалауға мүмкіндік береді. Мұндай цифрландыру жүйесінің арқасында жылына 840 млн теңге көлеміндегі қаражат үнемделеді», деді А.Жаңабай.

Негізі темекі өнімдерін цифрлы таңбалауға уақыт берілген. Енді 2022 жылдың 13 шілдесінен бастап, арнайы коды жоқ өнімдерге айыппұл салынады, лицензиясынан айырылады, тәркіленеді, дейді мамандар.

«Бүгінде темекі өнімдеріне акциз­дік марканың функциясын толығымен ауыстырған таңбалау жүйесі темекі өнімдерін идентификациялау құралы болып табылады. Акцизделетін өнім­дерді есепке алу, бақылау таңбаларсыз жүргізілсе немесе белгіленбеген үлгі­де, сәйкестендіруге келмейтін таңба­лармен сақталса, тасымалданса, айна­лымға жіберілсе, онда бұл құқық бұзу­шылық болып саналып, жеке тұлға­ларға – 50 АЕК (153 150 теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 АЕК АЕК (459 450 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК (612 600 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 500 АЕК (1 531 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады», дейді А.Жаңабай.

Жалпы, Қазақстандағы темекі өнім­дері нарығының көлемі 2021 жылы 1,57 млрд қорапты (шамамен 605 млрд теңге) құраған. ЕАЭО елдерінде, соның ішінде Қазақстанда тауарларды цифрлы сәйкестендіру және қадағалау үшін екі өлшемді Data Matrix коды қолданылады. 2020 жылдың қазан айынан бастап Қазақстандағы барлық темекі өнімі осындай цифрлық қорғанысқа ие болуға тиіс, яғни қазір­дің өзінде Naqty Onim мобильді қосым­шасын пайдалана отырып, өнім туралы барлық қажетті ақпаратты алуға және оның заңды екеніне көз жеткізуге болады.

Data Matrix қорғаудың жоғары дәрежесіне ие: криптографиялық шифрлау әдістерінің арқасында оны ұқсастырып, көшіріп басу мүмкін емес. Сонымен қатар Data Matrix коды басқа балаламаларымен салыстырғанда ақпараттың кең көлемін қамтиды. Ондағы деректерді қорап 30%-ға дейін зақымдалса да оқуға болады.

Еске сала кетсек, бүгінгі таңда Қазақстанда үш өнім түріне міндетті цифрлы таңбалау енгізілді: темекі өнімдері, аяқкиім және дәрі-дәрмек. Ал су және құрамында қанты бар сусындар мен зергерлік бұйымдарды цифр­лы таңбалау қанатқақты жоба ретінде жүргізіліп жатыр.