Қазақ халқында «Ердің ерлігі – еліне мұра» деген даналық сөз бар. Ұлтының атын шығарған батырлардың ерлігі кейінгілерге өнеге, өскелең ұрпақтың отаншылдық рухын шыңдап, патриоттық мерейін асқақтату тұрғысынан да маңызды. Сондықтан да батыр бабаларымыздың ерлік қасиеттерін қастерлеп, олардың әрбір ісін ұмытпай ұлықтау баршаның парызы екені сөзсіз. Алайда тоталитарлық заманның қасаң саясатының салдарынан қазақтың небір марқасқа жампоздары мен батыр ұландарының қайталанбас ерен ерліктері еленбей қалғаны өкінішті болып отыр.
Құралайды көзге ататын қазақ мергендері ықылым заманнан белгілі. Екінші дүниежүзілік соғысының отты жылдарында жаудың көзін жойған мергендер жайлы небір аңыздар болған екен. Қазақтың қайсар ұлдары мен қыздары Аманша Меңдіғалиев, Қасым Ахметов, Балтабек Жетпісбаев, Исатай Сүйеубаев, Әлия Молдағұлова, Ыбырайым Сүлейменов, Төлеуғали Әбдібеков және т.б. Олар жайлы бүгінгі ұрпақ көп жағдайға байланысты біле бермейді. Алайда сол өр мергендердің ішінде қазіргі таңда ұмыт болған шығысқазақстандық Төлеуғали Әбдібеков те бар екенін біреу білер, біреу білмес. Аты аталған мергендердің ішіндегі соңғы екеуі қазақтың қос мергені – Төлеуғали Әбдібеков пен Ыбырайым Сүлейменов жақында 6 мамыр күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағына ие болды. Араға 78 жыл салып әділдік орнап, қазақ батырларының қаһарман ерлігі лайықты бағаланғаны тарихшы ретінде мені де ерекше толғантып отыр.
Бүкіл Калинин майданына аты мәшһүр болған, немістердің өзі «қара өлім» деп атап кеткен қайсар ұлдардың бірегейі – Төлеуғали Әбдібеков. Ол 1916 жылы қазіргі Абай облысының, бұрынғы Семей облысы Жарма ауданында дүниеге келген. 1920-1930 жылдардағы азамат соғысының, Кеңес үкіметінің әкімшіл-әміршіл саясатының салдарынан қазақ даласын індет пен аштық шарпығаны мәлім. Осындай зардаптарға ұшыраған отбасын асырау мақсатында әкесі Насырхан Әбдібекұлы аңшылықпен айналысып, өз ұлы Төлеуғалиды да осы кәсіпке баулыған. Аз уақыт ішінде Төлеуғали да мерген атанып, отбасын ғана емес, бүкіл ауылдастарын да аштықтан құтқаруға қолұшын берген.
Туыстарының шақыруымен 1932 жылы әкесі Насырхан Оңтүстік Қазақстанның Мақтарал өңіріне қоныс аударады. Онда да егіншілікпен айналысып, мақта өсіреді. Осы жерден ол әскер қатарына шақырылып, алыстағы Ресейдің Қиыр Шығысындағы Хабаровск аймағына жіберіледі. Әскер қатарында жүргенде ол нағыз мерген деп танылып, аймақтық сайыстарға қатысып, шеберлігін шыңдайды. Әскер қатарында отандық борышын атқарып елге оралғанда совхозда мақта өсіретін бригаданы басқарады. Әскер қатарына шақырылып, 1942 жылы генерал-майор Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизияның құрамына қосылады. Ол кезде дивизия Калинин майданында қорғаныс ұрыстарын жүргізіп жатқан. Төлеуғалидің аңшы екенін білген 1077-ші полктың қолбасшылығы оны мергендер қатарына қосады. Төлеуғали алғашқы күндерден бастап ұрыстарға қатысып, мергендік өнері шыңдала түседі. Маңызды биіктік үшін бір аптадай ұрыс кезінде мерген жігіт жаудың 19 адамын жояды. Биіктікті біздің әскерлер басып алса да, бірақ жау шабуылға шығады. Төлеуғали жасырынған окопқа 25 неміс солдаты мен офицері шабуыл жасайды. Ұрыс нәтижесінде жаудың 23 адамы қаза болып, екеуі ғана қашып үлгереді. Төлеуғали жолдастарына көмекке келіп, тағы да 12 адамды мерт қылады. Батырдың бұл ерлігі туралы майдандық газетке мақала шығып, оның есімі бүкіл Калинин майданына жайылады.
Холм қаласы үшін болған шайқастың алғашқы күнінде Төлеуғали 17 жаудың көзін жояды. Ал екінші күні істен шыққан танкіге жасырынып, 58 жауды мерт қылады. Үшінші күні неміс әскерлері шабуылға шыққанда мергеннің есебіне тағы да қаза болған жаудың 29 солдаты қосылады. Осы оқиғаға байланысты 3-ші екпінді армияның Әскери кеңесі батырға құттықтау хатын жібереді. 1942 жылдың 18 қыркүйегінде шыққан 8-ші гвардиялық дивизиясының «За Родину» деп аталатын жауынгерлік газетінде батырдың ерлігі туралы жазылып, оның берген мынадай анты келтірілді: «Пока видят мои глаза и руки крепко держат винтовку, не будет житья фашистам» Төлеуғали Ленин, Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған.
Төлеуғали мерген 1942 жылдың 12 мамыры мен 1944 жылдың 22 ақпанының аралығында жаудың 395 солдаты мен офицерінің және 20-дан астам мергенінің көзін жойды. Қарамағындағы ондаған мергендерді дайындап үлгереді. Көп ұзамай батыр Ресейдің Псков облысының Новосокольничев ауданының Насва стансасындағы ұрыста қаза тауып, осы маңда жерленеді. Кейін сол ауданның Монаково деревнясының қасындағы әскери бейітке қайта жерленген. Батырды жерлеу сәтінде оның 2916 нөмірлі мергендік винтовкасы өзі дайындаған мерген жерлесі гвардиялық қатардағы жауынгер Әшірәлі Османалиевке тапсырылады. Осы винтовкамен Әшірәлі жаудың 128 солдатының көзін жойған.
Әйтсе де, егемен ел ретінде кезіндегі солақай саясат ұмыттырған батырлар есімін жаңғыртуға ең алдымен бүгінгі ұрпақ, өзіміз ұмтылуымыз керек! Міне, осындай өрелі мәселені көптен бері Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл көтеріп келді. «Жау оғынан ықпай, қасқайып кеудесін тосқан батырларды пір тұту, көтеру көнеден келе жатқан дала дәстүрі. Халқымыз өзінің ержүрек ұлдарын қайрат-рухымыздың қайнар көзі, ұлттық діліміздің діңгегі деп білген. Аты аңызға айналған батырларымыз Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Рахымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов, Бақтыораз Бейсекбаев, Сағадат Нұрмағамбетов, Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаровтардың ерен ерліктері мен арман тілектері, елім деп соққан перзенттік жүректері осы күнге алып келді. Бүгінгі таңда, тәуелсіздікпен бірге батырлар даңқын асқақтатып, «Мәңгілік Ел» болу үшін, елдік пен ерлікті біріктіріп, өжет бабаларымыз бен әкелерімізді үлгі тұтар, тәуелсіз ұрпақ-батыр аталарын мақтан тұтып, еңсесін тік ұстап, көк туымызды төбеден төмен түсірмеуге тиіс. Рухани дүниеміз кедейленіп, рухымыз жалаңаштанып кетпес үшін, өз елімізде батыр тұлғалардың тарихын түгендеп, тарихи әділдікті қалпына келтіруге алдымен өзіміз мүдделік танытқанымыз абзал», – дейді Бақытбек Смағұл.
Бұл ретте депутат Б.Смағұл Ұлы Отан соғысында елге танылған даңқты мерген Төлеуғали Әбдібековтің есімі бүгінде елеусіз қалып бара жатқанына қынжылыс білдіреді. Шындығында, бүгінгі ұрпақ даңқты мергеннің есімін біле бермейді? Өйткені батыр бабамыздың соғыс жылдарындағы көзсіз мергендігі Кеңес Одағын былай қойғанда әлемді таңғалдырған. Бір ғана мысал келтірейік, кеңінен дәріптеліп жүрген Кеңес Одағының Батырлары, атақты мергендер Ф.Смолячков – 125, В.Зайцев – 255 жаудың көзін жойған екен. Ал, даңқты мерген Төлеуғали Әбдібеков бір өзі – 395 жаудың яғни бір батальонға жуық жаудың көзін құртқан. Мақтап жүрген екі орыстың мергені бірігіп, Төлеуғалидың межесіне жете алмаған. Сондықтан бұл теңдессіз ерлік. Солай бола тұра Төлеуғали Әбдібеков Кеңес Одағының Батыры атағын ала алмаған. Ал бабамыздың қайталанбас ерлігін, мұрағаттағы деректік құжаттар да толықтай растайды. Енді мұрағат деректерін сөйлетіп көрейік:
«2007 жылы қазан айында Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери мұрағатына сұрау салынып, 2008 жылдың 18 наурызында одан жауап келген. Соған сәйкес, Подольск әскери архивінде екі мұрағаттық анықтама сақталыпты. Ол бойынша гвардия аға сержанты, мерген Т.Әбдібековтің соғыс деректерінде ерен ерліктері толық расталады», – дейді Бақытбек Смағұл.
Оның сөзіне қарағанда, хатта архив деректері қолмен көшіріліп, марапаттардың қандай ерлігі үшін алғаны жөнінде тізімі берілген. Атап айтқанда, архивтік құжаттар негізінде Төлеуғали Әбдібековтің «даңқты әрі, теңдесі жоқ мерген екендігі және жаудың 395-нің көзін жойғандығы, сонымен қатар 32 мергенді тәрбиелеп шығарғандығы» тайға таңба басқандай анық жазылған. Ең бастысы құжаттардың барлығы заңды, оларға қол қойылып, мөр басылған, бәрі заңды түрде рәсімделген.
«Даңқты жерлесіміздің соғыстағы асқан ерлігін дәлелдейтін бұдан артық қандай құжат керек? Жауынгерлік ерліктері үшін ол Қызыл Жұлдыз, Қызыл Ту ордендерімен, Отан соғысының I-ші дәрежелі орденімен, Ленин орденімен марапатталған. Отан соғысында біздің қандасымыздан асқан, басқа бірде-бір мерген жайында дерек еш жерде кездеспейді. Ал мерген бабамыз неліктен Кеңес Одағы Батыры атағын алмады дегенге келсек, командование оны Кеңес Одағының Батыры атағына өмірбаяндық сауалнамада өзінің немере ағасы Кемелбай Насырхановтың репрессияланғанын жасырмай жазғаны үшін ғана ұсынбаған екен», – деп түйіндейді сөзін депутат Б.Смағұл.
Осы орайда, Төлеуғали Әбдібековтей батыр тұлғаның ерлік өнегесі, талай жүректерді жаулап, түлектерді баулып қанаттандыра берері сөзсіз. Кезінде, Н.Назарбаевтың араласуының арқасында Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов, Бақтыораз Бейсекбаев, Хиуаз Доспанова сынды ұлы батырларымыздың жанқиярлық ерлігі кеш те болса еленіп, Тәуелсіздікпен бірге олардың да атағы асқақтады», – дей келе, депутат ел Үкіметінің алдына бірқатар мәселелерді тартқан болатын. Олар атап айтқанда, Мәжіліс депутаттары Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріндегі мергендер даярлайтын құрылымдардың біріне Т.Әбдібековтің атын беруді, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында даңқты мерген Төлеуғали Әбдібековті «Халық қаһарманы» атағына ұсыну керектігін көтерген.
«Мәжіліс депутаттарының көтерген бастамалары сол уақыттағы «Нұр Отан» партиясының қолдауыменЖеңістің 70 жылдығына орай Батырларымыздың тарихы мен аты түгенделіп, ала алмаған лайықты бағаларын беру мәселесі бойынша ақпарат құралдарына кеңінен көтеріліп, игі іс басталған еді. Бірақ, біз Жеңістің 70 және 75 жылдығын кеңінен атап тойлағанымызбен, аяулы батыр ағамыздың есімі тағы да ескерусіз қалған еді. Енді осы қолға алған жұмысты лайықты қорытындысына дейін жеткізсек, әрі 2016 жылы Төлеуғали ағамызға мерейлі 100 жыл толған болатын. Бірақ тағы да есіл ердің мерейтойы ескерусіз қалды. Сондықтан да ел болашағы – жас ұрпақты, отансүйгіштік және қаһармандық өнегесімен тәрбиелесек, игі істі атқарған болар едік.
Енді бүгінгі күні еліміздің ең ірі музейінің бірі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі экспозициясына қойылған Төлеуғали Әбдібековтің мергендік винтовкасына (КП 4580) тоқталуды жөн көріп отырмын (суретте). Себебі, мен 2005-2013 жылдары музейдің қару-жарақ және ат әбзелдері қорында жоғары дәрежелі маман қызметінде жұмыс атқарған едім. Мергендік винтовка Ресейдің Тула қару-жарақ зауытында 1891 жылғы үлгі негізінде, 1939 жылы жасалған. Оқпаны төрт иір қырлы, оқпан қорабынан, бекітпеден, құндақтан және магазинді қораптан тұрады. Оқпан екі металл құрсаумен бекітілген. Көздегіш тетігі секторлы типке жатады. Құндағы қайың ағашынан жасалған. Оптикалық көздегіш тетігі бар. Жалпы ұз. 115 см, оқпан. ұз. 80 см, калибрі 7,9 мм. Дүмінің оң жағындағы металл пластинкада қырнап оюланған жазу бар: «Мергендік винтовкасы №ТВ 2916 оптикалық көздегіш тетігімен, Ұлы Отан соғысына қатысқан Әбдібеков Тілеуғалидың ұстанған қаруы және осы винтовкадан 395 неміс-фашистік басқыншылар қаза тапқан. 1942 жылы 14 мамырда табысталған». И.Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизияның мергені Әбдібеков Тілеуғалидың жеке атыс қаруы. Музейге 1944 жылы 27 – тамызда тапсырылған. Қарап отырсаңыздар бұл жерде винтовканың құндағына (приклад) мергеннің есімі Тілеуғали деп, оның жаудың 395 солдатының көзін жойғаны жайында тайға таңба басқандай етіп жазылған.
1944 жылы 8-ші гвардиялық дивизияның үш жылдығы атап өтілгенде, мергеннің қаруы рапортпен бірге Қазақстанға жеткізілген. Бүгінгі күні бұл винтовка ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің қорында сақтаулы. Гвардия аға сержанты Төлеуғали Әбдібеков Отан соғысының I дәрежелі орденімен ғана марапатталды. Әділетсіздікті осыдан көреміз. Себебі, Төлеуғали Отан соғысына қатысқан мергендердің қатарында 19-шы орында тұр.
Рас, КСРО тарихы – біздің де ұмытылмас тарихымыздың бір парасы. Сол әскердің қатарында Бауыржан, Рахымжан, Қасым Төлеуғали ағаларымыз, кешегі күні фәни дүниеден өткен бақилыққа озған Хиуаз сияқты ұшқыш апаларымыз ерлік көрсетіп, аттары аңызға айналды. Сол себептен біздің мақсатымыз – осы тұлғалардың ерліктерін кеңінен насихаттап, өсіп келе жатқан жас ұрпақты Отансүйгіштікке тәрбиелеу және дәл 23-ші ақпан күні қазаға ұшыраған Әбдібеков Төлеуғали сияқты жерлестерімізді құрметпен еске алу. Дәл осы күні орыс халқы В.Г.Зайцевті құрметтегендей Астана немесе Алматы, Шымкент қалаларында Т.Әбдібековтың құрметіне салют берілсе, батырдың аруағы бір көтеріліп қалған болар еді.
Сырым ХАСЕНОВ,
Ұлттық музейдің «Қазақстан тарихы» бөлімінің аға ғылыми қызметкері,
Мәдениет саласының үздігі