ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ және Тәжікстандық «Исател» ЖШҚ «Kazsat-3» ғарыш аппаратының транспондерлік сыйымдылығын ұсыну бойынша қызметтерді көрсету туралы шартқа қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Құжатқа сәйкес, Тәжікстанда қазақстандық жерсеріктік байланыс ресурстары арқылы еліміздің алыста орналасқан елді мекендері үшін байланыс арналары ұйымдастырылады.
Шартқа «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Василий Леонов пен «Исател» ЖШҚ директоры Умед Тагоев қол қойды.
«Исател» ЖШҚ компаниясы «Телерадиоком» ААҚ еншілес ұйымы және Тәжікстандағы байланыс операторы болып табылады. Оның Душанбе қаласында өзінің телепорты және желілік басқару станциясы бар, елдің мемлекеттік органдары мен жеке компаниялары үшін Интернетке қол жетімділікті қамтамасыз етеді.
Қазақстанның жерсеріктік байланыс жүйесі еліміздің байланыс қызметтері қажеттілігін толығымен қамтамасыз етеді, «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ Қырғыз Республикасына да ғарыштық байланыс өнімдерін жеткізеді.
Айта кетсек, цифрлық индустрия қызметтерінің экспортын ұлғайту міндетін ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында мемлекет экономикасын дамытудың құрамдас бөліктерінің бірі ретінде атап өткен еді.