• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 18 Шілде, 2022

Өміріне өлеңмен құн төлеген

506 рет
көрсетілді

Әдетте әдебиет туралы әңгіме айтылып-айтылып біткенге ұқсайды, кейде. Кейде адамның өзі басқа түгілі өзіне жат көрінеді. Көп ішінде, топ ішінде жалғыз қалады.

Ол да айтарлықтай әңгіме емес шығар. Өз ішінде жалғыз қалғаннан басталмай ма бәрі? Бұл да осы кейдеден өрбитін сияқты. Айналып келгенде адамның кей-кейдегі көңіл ауанынан шығады не шықса. Оны да әдебиет, оны да ақын не жазушы айтады:

«Кейде мен өзімді

Өмірі өлең жазбаған сияқты сезінем,

Тірлікке қараймын таңданып,

Бейтаныс адамның көзімен»

депті Болат Үсенбаев бір өлеңінде. Туғалы, өмір бойы бір дүниемен айналысып келе жатқан адамның бір сәтке бәрін ұмытып қалуы. Тіпті сондай болмағандай, өмірі үйтіп істемегендей күй кешіретіні қалай? Ақынның ғана емес, адамзат баласының қай-қайсының болсын басынан өтетін жайт емес пе бұл? Бірақ әдебиеттен тереңі­рек сезіледі, анығырақ байқалардай көрі­неді. Әсіресе кейіпкер­лері жыл мезгіл­деріндей келіп-кетіп жататын «Жүз жыл­дық жалғыздық» романында жазылатын елді мекеннің адамдары бір кезде істеп жүрген ісінен жаңылатыны сурет­теледі. Елдің бәрін ұмытшақтық басады. Тұтынып жүрген бұйымдарының атауын ұмытуға айналады. Ұмытуға қатысты, өздігінен жаңылуға байланысты романда бұдан да зорғылары орын алады, біз де ұмытыңқырасақ керек. Сондықтан бұл адамзаттың басында бар құбылыс. Басқасын айтпағанда біздің қазақ өзінің қандай ұлт екенін ұмытып қалған деседі. Шын тарихты оқып отырса анығы солай.

Тура сол сияқты, ақын бола тұра, бір­не­ше жыр кітаптары жарық көрсе де өзін «өмірі өлең жазбаған сияқты сезінуі» жалғыз Болат Үсенбаевтың басындағы жағдай дей алмаймыз. Ақынның «өмірі өлең жазбаған адамдай» болатын кездері­нің өзі сол тұма жырдың тұнығына баруға дайындығы секілді. Өйткені «өлең жазбаған адам сияқты» сәтінде тірлікке бейтаныс адамдай таңданып қарайды. Сөйтеді де:

«Шегінем:

Балалық – тазалық шағыма,

Көбелек қуамын,

гүлдердің иісіне елігем»,

дейді ақын. Бейкүнә балалыққа, тазалыққа іңкәрлік – мөлдір махаббаттан бастау алатын өлеңге іңкәрлік емес пе?

Болат Үсенбаевтың «Күрең күз» жина­ғына көз жүгірткенде, астын сызып қайыра оқыған өлеңдерінің бірі «Өткен жылдарда...». Сырбай Мәуленовтің «Биылғы жаз жаңбыр боп өтті» өлеңін еске түсіргендей әсерге қалдырды.

«Өткен жылдарда жасыл

желектерім қалып қойды,

Бергім келмеген, сұрамай-ақ

алып қойды.

Өткен жылдарда қалыпты

өтініштерім ұмыт боп,

Өкініштерім сорып келеді сүлік боп.

Өткен жылдардың ащы өксігі

ұйқымды бұзады,

Жанымды жабырқатады,

көңілім құйқылжымады.

Өткен жылдарға кіршіксіз

сезімдерді сыйлап кеткем,

Қайда сол жарқын жаз,

қунақ көктем?!»

Адам өмір сүргеніне құн төлемей тұр­май­тынын осы өлең аңғартардай сезіледі. Жастығымен, сезімімен, жүйкесімен, ақыл, ар-ұятының нұрымен, жан-жүрегінің мұңы­мен құн төлейді. Соны осы сегіз жолға сыйдырған ақын жүрегі уақыттың қан-тамыры қалай соққанын өлшеп тұрғандай.

«Қарап отырсам, мына кітаптың өн бойы­на қазіргі замандастарымыздың сан қилы мінез-құлқы, өмірге деген сүйіспеншілігі мен күйініш-күрсінісі, өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамдағы тәуелсіздіктің жақсы жақтары мен қосарланып келе жатқан жан сыздатар жарамсыз көріністері, адамның адамға деген махаббатының қай дәрежеде құлдырап бара жатқандығы... бәрі-бәрі жып-жылы, кейде сап-салқын, тіпті ызғарлы түрде кірігіп, сіңісіп кеткен сияқты. Ең кереметі – осының бәрін бір кейіпкердің (автордың) көзімен көріп, сезіп отыратының, сонымен бірге күрсініп, күңіреніп отыратының.

Болат ақынның жазу мәнеріндегі ешқа­шан асып-тасып кетпейтін, бейпілдіктен аулақ биязылық пен байсалдылық кімді болса да қызықтырғандай. Ол арындамайды да, алқынбайды да. Кейде күйіп-жанып, өртеніп бара жатса да, өз отын сап-салқын сезімдеріне бұрып әкеліп, малшындыра салатыны қандай!» депті ақын Әбубәкір Қайран автордың «Күрең күз» жинағы туралы.

Бұған қосылмай қайда барамыз?