Биыл қазақ әдебиетінің алып бәйтерегі Шерхан Мұртазаның туғанына тоқсан жыл толып отыр. Мерейлі датаға орай облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің қолға алуымен қайраткер қаламгердің туған топырағы Жамбыл өңірінде атқарылатын іс-шаралар аз емес.
Бұған дейін қаламгердің ескерткіші қай көшеге орнатылатыны ел ішінде әбден талқыланған болатын. Әлеуметтік желі белсенділері де өз ұсыныстарын жеткізіп жатты. Күні кеше жергілікті қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдерінен құралған комиссия мүшелері нақты шешім шығарды. Комиссия төрағасы, «Көне Тараз» қоғамдық қорының президенті Мұратбек Әзімовтің айтуынша Шерағаның ескерткіші Жамбыл даңғылының бойында бой көтереді.
«Біраз уақыт бұрын өңір басшысы Нұржан Нұржігітов Шерхан Мұртазаның тоқсан жылдық торқалы тойына орай еңселі ескерткіш орнату керектігін айтып, жауапты тұлғаларға шегелеп тұрып тапсырма берген болатын. Өз сөзінде облыс әкімі ескертішті қай көшенің бойына орналастыру керектігін халықпен кеңесіп шешу қажеттігін айтты. Кейіннен ескерткіштің эскиздік үлгісіне қатысты байқау ұйымдастырылды. Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы елдерінен де үміткерлер қатысты. Нәтижесінде, 17 мүсіннің үлгісі қаралды. Комиссия мүшелері олардың ішінен үздік деп тапқан үшеуін таңдады.
Енді ескерткішті орналастыру мәселеге айналды. Жұрт Төле би даңғылының бойындағы «Астана» шағын ауданындағы қаламгер тұрған үйдің, «Шахристандағы» жазушы атымен аталатын руханият және тарихтану орталығының, Ы.Сүлейменов көшесінің бойындағы «Жастар аллеясы» және Жамбыл даңғылының бойындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты жатақханасының маңына орналастыру керек деген пікірді жиі айтты. Біз де әбден ақылдастық. Нәтижесінде, комиссия мүшелерінің басым даусымен Халықаралық Тараз иннновациялық институты жатақханасының алдына қою туралы шешім қабылданды. Алдағы бірер күнде осы шешім мен үш үздік мүсіннің үлгісі Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік комиссияға жіберіледі. Нақты шешімді мемлекеттік комиссия қабылдайды, – дейді Мұратбек Әзімов.
Енді мемлекеттік комиссиядан мақұлдау туралы хабар жетсе, ескерткіштің құрылыс жұмыстары бірден басталады. Қысқасы әрі кетсе күз мезгілінде Шерағаның бейнесі Жамбыл даңғылы №75 А мекенжайында қасқайып тұратын болады.
Жамбыл облысы