Қоғамның наразылығын тудырып отырған мәселенің бірі – сыбайлас жемқорлық. Әсіресе облыстық әкімдікте жоғары лауазымды қызмет атқарған үлкенді-кішілі шенеуніктердің осынау «дертке» шалдығуы тоқтар емес. Тіпті жемқорлық дерегімен сотталған бұрынғы әріптестерінің теріс әрекетінен сабақ алмағандар әлі де осы қылмысқа бейімдігін көрсетіп отыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы департаментінің басшысы Ерлан Досановтың айтуынша, соңғы бір жарым жылда сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін 83 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Жауапқа тартылғандардың арасында мемлекеттік органдардың 9 басшысы бар. Оның бесеуі – облыстық, біреуі – қалалық, екеуі – аудандық, тағы біреуі ауылдық деңгейдегі басшылық лауазымды атқарған. Осы кезеңде сыбайлас жемқорлыққа қатысты 119 қылмыс анықталып отыр. Әсіресе әкімдіктер сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары органдар қатарында қалып отыр. Сыбайлас жемқорлық қылмысы әлеуметтік қамту, құқық қорғау, салық қызметі, білім беру, ауыл шаруашылығы секілді салаларда байқалады.
– Соңғы бір жарым жыл ішінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты 82 қылмыстық іс өндіріспен аяқталды. Қылмыстық істің 63-і сотқа жолданды. Бұл істер бойынша кінәлі деп танылған 48 адам сотталды. Олардың сегізіне бас бостандығынан айыру, 35-не айыппұл түріндегі, ал бесеуіне өзге жаза тағайындалды. Сотқа дейінгі іс жүргізу шеңберінде мемлекет кірісіне 1,1 млрд теңге немесе келтірілген залалдың 96 пайызы өтелді, – дейді Ерлан Досанов.
Департамент қызметкерлері мемлекеттік сатып алу веб-порталына мониторинг жүргізіп, тауарлар мен қызметтерге бағаны жасанды түрде көтеретін салаларды анықтаған. Оның ішінде білім беру саласында 15, ал денсаулық сақтау мекемелерінде 13 дерек тіркелген. Мемлекеттік сатып алу веб-порталына жүргізілген тұрақты мониторингтің қорытындысымен берілген ұсыныс негізінде 1,5 млрд теңгеден астам қаражат үнемделіп отыр. Асыра бағалау фактілері 103 мемлекеттік органда анықталып, соның нәтижесінде мемлекетке залал келтірілмеген. Бұл мемлекеттік сатып алу саласындағы қылмыстық құқық бұзушылық деңгейі 6 есеге төмендеуіне ықпал еткен.
Жақында Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы облыс әкімінің бірінші орынбасары 10 жылға сотталды. Мұнайлы өңірдің бұрынғы басшылары коронавирус инфекциясы күрт өршіген 2020 жылдың шілде айында Жылыой ауданының Құлсары қаласында аурухана салу туралы шешім қабылдаған. Аурухананың құрылыс жұмыстарын «БКК» ЖШС орындаған. Осы кезде облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары құрылыс саласына жетекшілік ете отырып, «БКК» ЖШС директорының орынбасарынан келісімшарт сомасының 10% мөлшерінде пара талап еткен. Кейін облыстық құрылыс басқармасы басшысының қатысуымен пара сомасы 7%-ға, яғни 185 млн 500 мың теңге мөлшеріне келісілген. Әкімнің бірінші орынбасары басқарма басшысына параға сұралған қаржыны алып келуді тапсырған. Өзінен лауазымы жоғары басшыға құлдық ұратын басқарма жетекшісі жәбірленушіден 185 730 004 теңге (423 900 АҚШ доллары және 5 000 000 теңге) мөлшерінде пара алған. Басқарма басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлерімен параны алу кезінде ұсталған.
– Сот облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасарын Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі, 366-бабының 4-бөлігімен (Мемлекеттік қызметті атқаратын лауазымды адамның қорқытып алу жолымен адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен аса ірі мөлшерде пара алуға оқталуы), құрылыс басқармасының басшысын Қылмыстық кодекстің 28-бабының 5-бөлігі, 24-бабының 3-бөлігі, 366-бабының 4-бөлігімен (Аталған іс-әрекеттерге көмектесу) кінәлі деп таныды. Сот үкімімен әкімнің бірінші орынбасарына 10 (он) жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Басқарма басшысы жазаны ауырлататын мән-жайлар мен заң талаптарының болмауы ескеріліп, Қылмыстық кодекстің 55-бабының 4-бөлігі қолданылып, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Екі сотталушы да өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды, – деді аталған соттың баспасөз қызметі.
Құрманғазы аудандық сотында округ әкіміне қатысты Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігімен пара алу, 369-баптың 1-бөлігімен қызметтік жалғандық жасау, ал серіктестік директорына Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігімен пара беру, 385-баптың 1-бөлігімен құжаттарды қолдан жасау дерегімен айыптау үкімі шығарылды. Ауылдық округ әкіміне әкім аппаратына тиесілі ғимаратты сатуға серіктестік директоры жәрдемдескені анықталған. Әкім жалған мәліметтер енгізілген ресми құжаттарды тіркеуші органға бергені үшін серіктестік директорынан 800 мың теңге сомасында пара алған.
Аудандық соттың үкімімен ауылдық округ әкіміне 32 млн теңге, серіктестік директорына 16 млн теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалды. Екеуі де мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Қаржылық мониторинг агенттігі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Жылыойсу» МКК директоры 2019 жылдың наурызынан 2021 жылдың наурызына дейін монополиялық жоғары бағаларды белгілеп, Құлсары қаласында сумен жабдықтау және канализациялық қызметтің тарифтерін негізсіз көтерген. «Ол аса ірі мөлшердегі қаражатты жымқырып, 126 млн теңге залал келтірген. Тергеу кезінде аталған залал мөлшері толық мемлекетке қайтарылды. Сондай-ақ тергеу кезінде Құлсары қаласы және Жаңа Қаратон кентінің тұрғындарын сумен жабдықтау қызметіне бекітілген тарифтер 54,4 пайызға төмендетілді», деп хабарлады агенттік.
Сот үкімімен аталған кәсіпорын басшысы кінәлі деп танылды. Оған мемлекеттік мекемелерде материалдық жауаптылығы бар басшы қызметімен айналысу құқығынан 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қылмыстық кодекстің 63-бабының талаптарына сай, тағайындалған жаза шартты деп есептеледі.
Қазір сот қарауында сыбайлас жемқорлыққа байланысты бірнеше іс бар. Соның бірі – бұрынғы облыс әкімінің тағы бір орынбасарына қатысты іс. Күдікке ілінген оған Қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен, онымен бірге ұсталған облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысына Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігімен тергеу жүргізілген. Күдіктілер Абай ескерткішін жасау және орнату бойынша 145 млн теңге сомасына мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін бір топ адаммен алдын ала сөз байласу арқылы серіктестік басшысынан 4,5 млн теңге сомасында пара алған деп айыпталған.
Тағы бір іс облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарған шенеунікке қатысты болып отыр. Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері Атырау облысында аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын аяқтады. «Әлеуметтік нысандар, мектеп, екі отбасылық дәрігерлік амбулатория, спорттық-сауықтыру кешені құрылысына бөлінген бюджеттің аса ірі мөлшердегі қаражатын жымқыру дерегі бойынша «Атырау облысы Құрылыс басқармасы» ММ-ның лауазымды тұлғалары мен «Техника-Рем строй» ЖШС-ның басшысына қатысты соталды тергеп-тексеру жүргізу аяқталды. Анықталған ақша жымқыру көлемі – 467 миллион теңге. Серіктестіктің басшысына қатысты күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды» деп ақпарат таратты агенттіктің баспасөз қызметі.
Агенттіктің дерегінше, серіктестіктің 79 миллион теңге көлемін құрайтын мүлкіне тыйым салынған. Облыстық құрылыс басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары мен тағы бір тапсырушыға қатысты үйқамақта ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Қазір қылмыстық іс сотқа жолданды.
Міне, мұнайлы өңірде бюджет қаржысын жемқорлық ниетпен жымқырмақ болғандардың жымысқы әрекетіне тосқауыл қойылды. Бұл өзге мемлекеттік қызметкерлерге сабақ бола ма? Жалпы, Атырау облысы жемқорлардан қашан арылады? Өңір тұрғындары бұл сауалдың жауабын кімнен сұрарын білмей отыр.
Атырау облысы