• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 18 Шілде, 2022

Қарлагтағы қаламұш

822 рет
көрсетілді

Адамзат тарихында түрлі оқиға болды: соғыс, бейбітшілік, ашаршылық, құлау, қайта құру, Ғарышқа ұшу, Нобель, қуғындау, ату, ақтау... Бұның бәрі айтылып, жазылып, белгілі бір деңгейде зерттеліп жатыр. Әр қоғамның өз шындығы, өз әділетсіздігі бар. Сол әділетсіздіктердің бір куәсі – Қарлаг мекені.

Жалпы, мұндай қолдан жасалған қылмыстардың салдары қаншалықты ауыр һәм сұмдық болғаны белгісіз. Содан болар, біз аштықтан қанша қазақ қырылғанын, майданға қанша адам барып, қаншасы тірі қайтқанын, қанша қазақ зиялысы айдалып, қай жылы өмірден өткенін нақты білмейміз. Өйткені бұл сандар өте көп. Қарлагта да шын мәнінде қанша адам отырғаны әлі күнге дейін беймәлім. Әлқисса.

Қарағанды қаласындағы Қарлаг лагерінің тарихы көпке мәлім. Жер-әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған түрлі тағдыр осы қасіретті өңірде тоғысты. Арқаның аязды даласы, аңызақ желі сол жылдары көптеген шығармашыл жанды да жауратты. Мүсінші, композитор, актер, биші, ақын-жазушылар... Ал біздің бүгінгі тақырыбымыз – Қарлаг суретшілері. Арнайы осы тақырыптың ізімен Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайына, одан әрі Қарлаг музейіне барып қайтқан едік.

Қарағанды лагері – қара орамал

Жиырмасыншы ғасырдың

басындағы...

Ғалым Жайлыбай

Далалық құстар

Жазасын өтеуші суретшілердің өнері хақында алғашқы көлемді зерттеулер 80-жылдардың соңында – Қарағандыда облыстық бейнелеу өнері мұражайының ашылуымен басталды. Музей қызметкерлері шеберханаларды аралап, Мәскеуге, КСРО-ның басқа да қалаларына барып, іздеу жұмыста­рын жүргізді. Ол уақытта кей суретшілер тірі болғандықтан, естелігін жазып алу, мұражай қорына суреттерін, графика­сын, мүсіндерін, құжаттарын алу маңыз­ды болды. Баспасөз беттерінде хаттар, ла­герьдегі өмірден үзінділер жариялана бастады. Еске салсақ, 1990-жылдардың басы мен 2000-жылдардың соңында Қарлаг мұрағаты уақытша ашылған еді. Міне, осы уақытта бірқатар зерттеу жүргізіліп, құжаттар мен естелік-хаттар қолға түсті.

«…Бұл жерде не ағаш, не бұта жоқ. Жел… Жел… Қатты боран. Бұл менің суық тиген өкпем үшін жайсыз. Өмірім­нің соңын басқаша елестетуші едім…».

Г.Фогелердің Теодор Плевьеге жазған хатынан.

20.10.1941

«1949 жылғы 4 тамыздағы 7?19 қау­лысынан. Тұтқын Кропивницкий әйнек­­пен қолын кесіп, өзін-өзі өлтіруге тал­­­пынды, себепсізден-себепсіз жұ­мыс­қа шықпады.

Қаулы: Тұтқын Кропивницкий жа­са­ған қылығы үшін 5 тәулікке карцерге қамалсын».

Лев Кропивницкийдің жеке ісінен.

Қарағанды облыстық бейнелеу өне­рі мұражайының дерегінше, аталған өңірге репрессияланған суретшілер, шама­мен отызға жуық. Музей қорында олардың 800-ге тарта еңбегі сақталған. Ал оның ішінде Қарлагта болған он бес суретшінің 300-ге жуық картинасы бар. Ескерте кетейік, бұл тек музей қорында деректері тіркелген авторлар ғана (оған қоса зерттеу жұмыстары әлі де жүріп жатыр). Яғни лагерьде жазасын өтеген суретшілердің нақты саны емес. Ол, әрине, он бестен көп. Жоғарыда айтқанымыздай, Қарлагта қанша адам тұтқында болғаны туралы нақты мәлімет жоқ: суретшілердің саны, жалпы өнер адамдары да солай. Сол себептен де лагерьдің мәдени өмірі туралы тереңінен қаузай алмаймыз. Десек те лагерьге түскен шығармашыл жандардың тағдыры ұқсас – жаласы бір.

Аталған мұражайдың ғылыми қыз­меткері Айгүл Омарованың айтуынша, қорда Қарлаг суретшісі Григорьевтің тек бір ғана туындысы бар. Сондай-ақ Соглобов, Ивашев-Мусатов, Шку­рацкийдің де еңбектері аз. Ал Фризеннің 70-тен аса, Чижевскийдің жиырма картинасы сақталған.

«Өйткені біз Ресейдегі бірнеше музеймен тығыз шығармашылық байла­­ныс­тамыз. Одан бөлек Чижевский атын­­дағы қорлармен де жұмыс істейміз. ­Олар­­мен тың деректермен, шығармаларымен ­алмасып отырамыз. Көрмелер мен ­кон­ференциялар ұйымдастырамыз», дейді А.Омарова.

«Қарағанды жаңбыры», А.Чижевский, 1952

 

«Жарты жыл бұрын Виктор Козлов деген суретшінің картиналарын қызы алып келді. Ол да репрессияға ұшыраған, осында шеберханаларда жұмыс істеген. Ал Лев Премиров картиналарын, жазбаларын түрлі адамдарға таратып берген. Автордың бұл әдісі дұрыс болған сияқты. Жан-жаққа шашылған сол суреттер мен деректер кейін музей қорына жиналды. Нәтижесінде, Премиров туралы еңбектер жазылды, кітап болып шықты. Оның өмірі де, шығармашылығы да бүгінде көпшілікке таныс. Одан бөлек бір неміс отбасы Қарлагта отырған су­ретші аналарының туындыларын іздеп хабарласты. Бірақ бізде оның картиналары болған жоқ. Мүмкін алдағы уақытта табылып қалар. Міне, осындай бірде-бір шығармасы сақталмаған белгісіз суретшілердің тізімі бар. Біз олармен әлі де жұмыс істеп жатырмыз. Оған қоса көптеген материал тәркіленгені тағы бар. Тұтқындар лагерьден босап шыққан соң да 70-жылдың ортасына дейін бақылауда болды. Суретшілер де әр апта сайын комендатураға барып белгіленіп тұратын», дейді ғылыми қызметкер.

Сондай-ақ ол қазір бұрынғыдай емес, суретшілердің көзін көргендер аз екенін атап өтті. «Сондықтан бүгінде зерттеуді көбінесе деректі форматта жүргіземіз. Мұрағатқа сұрау саламыз, интернеттен авторлардың туыстарын іздейміз. Осындай жұмыстардың нәтижесімен «Сарыарқа» телеарнасымен бірге «Бір картинаның тарихы» атты бағдарлама түсірдік», дейді ол.

Еркіндік түсі

Еркіндіктің өз болмысы, өз мінезі, өз даусы, өз түсі бар. Қарлаг суретшілері сол уақыт саясатының айдауымен Арқа­­ға келді. Өмірінде қара жұмыс іс­теп көр­­меген ақсүйек өнер адамда­ры егін екті, ағаш отырғызды, үй салды. Бүгін­гі­дей шіліңгір шілдеде Долинкаға бара қал­саңыз, суретшілер еккен дәу талдар­ды саялайсыз. Солтүстіктен оңтүс­тікке дейін 300 шақырым, шығыстан ба­тысқа дейін 200 шақырым созылып жат­қан алып кеңістікте бір-бірін танып, араласқандар сирек (мәселен, Фризен мен Чижевский бірге отырған). Кеше музейде деректерді ақтарып отырып, Лев Кропивницкийдің бір сөзін оқып қалдым. «Суретшіден өнер туады, ал өнер суретшіні құтқарады». Шынында да, лагерьдің сұрқай күндерінде шығар­машыл жандар қалай күн көрді? Өлең жазбай, ән шығармай, балшық илемей, би билемей, сурет салмай қалай жүрді? Тірі адам тұншығады ғой.

Олар әр салада талантты, білімді тұт­­қындарды пайдалана алды. Қара жұмыс­тан бөлек өз істерімен де айналыстырды. Бірақ еркіндік жоқ. Қарағандыда өнер мен оқудың қалыптасуына осы Қарлагқа түскендердің игілігі көп тиген. Тек қалаға ғана емес, жалпы қазақ бейнелеу өнеріне сол суретшілердің әсері болды. Толқын қалыптасты, шәкірт тәр­биеледі.

Куәгер Е.Анцелович-Зинченко­ның суретші А.Григорьев туралы есте­лігінде: «Арық, ақ шашты, жүзі ашық, даусы бәсең болатын. Барақта тұрған жоқ, До­линка кеңсесінің артындағы кішкентай болғанмен, бөлек бөлмеде жататын. Оған сурет салуға да, пейзаж салуға да тыйым салынды. Тек лагерь атрибутикасы жоқ портреттер мен ашықхаттардағы әйгілі суреттер­ден көшірмелер ғана сала алатын. Қара­ғандыға барғанда ашықхаттар әкелетін, Григорьевке сурет салуға дайындыққа көп көмектестім. Қаптарды сөгемін, тігемін, суретші оларды жұмысқа да­йын­дап, кенепке сурет салады», деп жа­зады. Айта кетейік, өзі арық, ақ шаш­ты бұл суретші бейбіт өмірінде – 20-жылдары революцияға дейінгі Ресей суретшілері ассоциациясының және Ке­ңес суретшілер одағының ұйым­дас­тырушысы, жетекшілерінің бірі болды.

Иә, суретшілер, тек тапсырыспен жұмыс істеді. Олардың шығармаларында драматизм, яки бір зұлмат заманның көрінісі жоқ. Өкімет лагерь өміріне қа­тысты сюжеттерді салуға тыйым сал­ды.

Негізгі тақырып – патриоттық мәні бар суреттер, портреттер, репродук­циядан көшірмелер еді. Айтпақшы, Қара­ғанды облыстық бейнелеу өнері музейі қорында жүріп, Эйферттің 1939-1940 жылдары салған «Ленин – се­руенде» атты картинасын байқап едік. Лениннің Эйферттің көз алдында көлікпен серуендемегені анық.

«Ленин серуенде», Эйферт, 1939-1940

 

Алайда тыйымға бағынбай, өз тақы­рыбындағы суретін тінтуден жасырып, сыртқа алып шыққан авторлар да болған. Мәселен, Юло Соостер. Бүгін­де оның картиналарының бір бөлігі Мәс­кеудегі «Мемориал» мұражайында тұр. «Лагерьде Юло суретші болып жұмыс істеді. Күндіз ұйықтап, түнде салды. Ол тұтқындардың портреттерін 5 рубльге салатын. Оған қоса суреттерді үйге жіберуден үміттеніп, зонаны да салған. Ол үшін басы бәлеге қалуы мүмкін еді, бірақ Юло басқаша жасай алмады» (әйелі Л.Соостердің естелігінен). Кейін 1950-1960 жылдарда Юло Соостер андеграунд суретші ретінде танымал болды.

Қарлагта көркем-өндірістік шеберханалар мен Суретшілер одағының бө­лімдерін құру мақсатында жазасын өтеп жатқан суретшілер тіршілік ету үшін кез келген жұмысқа келісуге мәж­бүр болды. Ең көп тараған жұ­мыс – безендіру (плакаттар, маңдай­шадағы жазулар, хабарландырулар, құрмет тақталары, социалистік жа­рыс­­тардың кестелері, екпінділердің порт­реттері, қоғамдық ғимараттардың ин­терьерлері), жергілікті театрлар мен мәдениет клубтарындағы сахнаны бе­зен­діру. Мәселен, Қарағандының бір бұры­шындағы бұрынғы басқарма, зауыт, не асхана ғимаратынан тұтқындағы суретшінің жауһар туындысын көріп қалуға болады. Әрине, қазір қалада жер аударылғандар безендірген нысандар аз. Соның бірі – 1952 жылы салынған темір жол вокзалы, оны негізінен «зектерден» тұратын суретшілер тобы бе­зендірген. Бүгінде күту залдарында мүсін фриздерінің бір бөлігі ғана қалды.

Қарағанды облыстық мұрағатында «Социалистік Қарағанды» газетінің тігін­дісі сақталған. 1950-жылдардағы газеттен «Л.Гаврилов» деп белгіленген карикатураларды көруге болады. Бұл суретші Л.Гамбургердің лақап аты, ол 1941 жылы тегі неміс болғаны үшін жер аударылған. Қарлагта отырған жоқ, Қарағандыда шахтада, газетте, театрларда жұмыс істеді. Гамбургер облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бірін­ші экспозициясын безендірген.

«Суретшілік кәсіп лагерьдегі тұт­қын­дарға өмір сүруге көмектесті. Яғни артық тамақ жеуге, өзіне деген оң көз­қарас табуға, тұрмыстық керек-жа­рақ­пен есептесуге тиімді болды. Қар­лагтағы суретшілердің бағасы қабі­ле­тінде еді. Сол қабілетті барынша пай­­­да­ланды. Олар, негізінен қаладағы клуб­­­тарды, үйлерді безендірді. Тіпті сурет­­шілерге лагерь аумағында үйірме ашып, сабақ оқытуға мүмкіндік берді. Мысалы, бізде Долинкада отырған Анна Артобатскаяның бір картинасы бар. Ол сонда тұратын адамдарға, офицерлердің, жер аударылғандардың, тұтқындар­дың балаларына суреттен сабақ берді», дейді Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің ғылыми қызметкері А.Омарова.

Анна Артобатскаяның Долинка және Спасск клубтарында үйірме жүргізгені туралы Дагмара Евстешинаның есте­лігі бар: «Отбасым ІІХК Қарлаг орналас­қан кентіне жіберілді. Сурет үйірмесіне баратын клуб есімде, оны тұтқында отырған суретші әйел жүргізетін. Сабақ­қа қарулы күзетшінің айдауымен келетін. Бос уақыты бола қалса, алты жасында қайтыс болған қызының суретін салатын. Суретші берілген эскиз бойынша үлкен суретті майлы бояумен салды. Ол эскизді кейін маған сыйлады».

Дагмараның портреті, Долинка, 1942

 

Артобатская Ленинградтағы Көркем­сурет училищесінде (ВХУТЕИН), кейін Миландағы (Италия) Брера өнер акаде­миясында оқыған. Мүсін жасаумен де айналысады. 1938 жылы күйеуі тұт­қын­далған соң, өзі де Отанын сат­қанның әйелі ретінде репрессияға ұшы­рап, сегіз жылға сотталады. Алды­­мен Алжирде, кейін Қарлагта – До­лин­када болды. Сол лагерьде 40-жылдардың бірінші жартысында өнер студиясын жүргізді. Ал 1946 жылы қаладан шығу құқығынсыз босатылып, біршама уақыт Долинкада тұрып, жұмыс істеді. Музыкалық коме­дия театрында И.Кальманның «Ма­рица», «Сильва», К.Целлердің «Про­давец птиц» (1948-1950) оперетталарын бе­зендірді. А.Васильева оның порт­ретін қарындашпен жасаған.

Артобатская портреті, А.Васильева

 

Лагерьде суреттен сабақ бергендер­дің енді бірі – Наталья Изнар. Ол да Отан сатқынының отбасы мүшесі ре­тінде қамауға алынған. Санкт-Петер­бургте туған. Театр суретшісі, аква­релші. Жоғары арнайы білімі бар. Өзі адвокаттың қызы. Суретшілік шеберха­наларға жетекшілік етіп, көркем редактор болып жұмыс істеген. Наталья да 1938 жылдың соңында Мәскеуде «Халық жауының әйелі» деген айыппен сегіз жылға сотталады. Бутырь түр­месінен Ал­жирға, кейін Қарлагқа келеді. Долинка кентінде Орталық клуб жанында суретші болды. «Где-то в Москве», «Урок жизни» спектакльдерін көркемдік жағынан безендірген осы Наталья Изнар. Оның Қарлагтан жазған хаттары сақ­талған.

«Осы жылдар ішінде өмір мені есейт­ті, жүрексіздіктен, долы мінезден құтылдым».

Наталья Изнар

Алла Васильева, Мария Мыслина үшеуі лагерьде жақсы араласты. Олар­ды көркем өнерге деген ортақ көз­қа­растарынан бөлек, Мәскеу мен Ленин­град­тың үздік шеберлерінен алған дәріс­тері байланыстырды.

Айта кетейік, лагерьдегі бұл бейнелеу үйірмелері өңірдегі алғашқы студия болуы әбден мүмкін.

Қарлаг суретшілерінің шығарма­шы­лығында еркіндік болмады. Екібастан. Алайда олар өлмеу үшін сурет салды. Қандай тақырып болса да қаламдарын суытқан жоқ. Өнерін талғажау етіп тірі шықты. Лагерьден босап шыққан соң да бақытты өмір сүріп кете алған жоқ. Жұмыс жоқ, ақша жоқ, жүйке тозған, денсаулық та сыр берген. Бір­ша­масы туған жерлеріне қайтып, шығар­машылығын жалғастырса, енді біразы Қазақстанда қалды.

Бүгінде қалада ол суретшілердің қолы тиген жерлерден басқа ізі жоқ. Олар тұрған үйлердің мекенжайы бел­гілі болса да тақтайша қойылмаған. Бұл мекен бір жылдары суретшілер даласына айналғанына қазір Қарағандының қара топырағы мен архивтегі құпия деректер ғана куә болып қалғандай.

Айта кетейік, Қарлаг суретшілері туралы бүгінгі материал газеттің алда­ғы нөмірлерінде де жалғасады. Эйферт, Премиров, Фризен, Борхман, Чижевский, Кропивницкий, Стерлигов... Лагерьге асқан талантымен түскен жандардың әр картинасын әңгімелейміз. Бәрі тарих, бәрі өнер.

 

НҰР-СҰЛТАН – ҚАРАҒАНДЫ – НҰР-СҰЛТАН