• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 19 Шілде, 2022

Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадада 4 медаль жеңіп алды

408 рет
көрсетілді

Ұлттық құрама химиядан халықаралық олимпиадада 1 алтын және 3 күміс медаль жеңіп алды. Биыл бұл жарыс Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің Телеграм каналына сілтемемен.

«Еліміздің атынан Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Павлодар және Ақтау қалаларынан 4 оқушы қатысты. Олар әлемнің 83 елінен келген 322 оқушымен бақ сынасты. Осылайша, 4 оқушымыз да беделді олимпиаданың жеңімпазы атанды.

Ұлттық құрамаға 2017 жылдан бергі алғашқы алтынды Мадияр Қасымалы әкелсе, Санжар Бисенәлі, Санжар Нұрғалиев және Альмира Нұрланова күміс жүлдені еншіледі. Былтыр қоржынымызға үш күміс, бір қола медаль түскен болатын», деп жазды министр.

Асхат Аймағамбетов биыл осындай олимпиадалардың жеңімпаздары қомақты ақшалай сыйақы алуға және отандық ЖОО-ларға ҰБТ тапсырмай-ақ түсуге мүмкіндік берілетіні айтты.

«Оқушыларымызды жоғары нәтижелермен және лайықты жеңістерімен құттықтаймын! Балаларымыздың математика, физика, химия пәндерінен халықаралық олимпиадалардағы жетістіктері жаратылыстану пәндеріндегі жақсы жетістіктердің көрсеткіші. Команданың табандылығы, білімі, еңбегі және жеңіске деген жігері барлық оқушыға үлгі болары сөзсіз.

Биыл осындай олимпиадалардың жеңімпаздары алғаш рет қолдау шараларына ие болады. Олар қомақты ақшалай сыйақы алуға және отандық ЖОО-ларға ҰБТ тапсырмай-ақ түсуге мүмкіндік алып отыр. Оқушыларды жарысқа дайындаған ұстаздар да төлемақы алады», деді Оқу-ағарту министрі.