Алматы облысының үздік атлеттері Қапшағай су қоймасындағы «Жағажай» спорт алаңында жиналды. Олар елімізде тұңғыш рет ашық аспан астында өткен Street workout турниріне қатысты. Жарыс тұңғыш рет ұйымдастырылғанына қарамастан, турнирге қатысуға 180 спортшы өтінім берген екен.
– Street workout бойынша осы туринирді қабылдап алу – біз үшін үлкен мәртебе. Бұқаралық спортты дамыту – Мемлекет басшысының алдымызға қойып отырған міндеттерінің бірі. Бұған дейін Oceanman жаппай жүзу жарысын да өткізген едік. Жаңа мәртебесіне сай Қонаев қаласының спорттық инфрақұрылымын одан әрі дамытатын боламыз. Осы турнирді өткізу балалар мен жастардың белсенді әрі саламатты өмір салтын ұстануға деген қызығушылығын арттыруға оң ықпал етеді. Жалпыреспубликалық турнирдің дәл біздің қалада басталуының өзінде символдық мән бар, – еді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жарыстың ашылу салтанатында.
Өз кезегінде осы турнирді өткізу жөніндегі идеяның авторы, белгілі продюссер Нұрлан Қоянбаев барлық қатысушыларды құттықтап, турнирдің күзде Нұр-Сұлтан қаласында өтетін гранд финалына жетулеріне тілектестігін білдірді. Ал жарыстың қатысушылары мен көрермендері үшін жоба амбассадоры, жаттықтырушы, актер Айтым Жақыпов өз тобымен бірге шеберлік сағатын өткізді. Айтпақшы, Айтым Жақыпов street workout бойынша Қазақстанда және әлемде бірнеше дүркін рекорд жасаған спортшы және Еуропаның street lifting бойынша рекордшысы да атанған бірегей тұлға.
Қонаев қаласында тұсауы кесілген Street workout турниріне қатысушылар салмағы мен жасына қарай тоғыз санат бойынша бақ сынады. Жеңімпаздарға 50 мыңнан 200 мың теңгеге дейін ақшалай сыйлықтар берілді. Бұдан бөлек, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ең ересек қатысушыға, яғни 76 жастағы ардагер Бұлар Мейіржановқа арнайы сыйлық тағайындап, оның спорттағы бұл қадамының өзгелерге үлгі боларлық іс екенін атап өтті. Сол сияқты он үш жасар Әмірхан Әнуарбеков ең жас қатысушы номинациясының жеңімпазы атанды. Жалғыз әйел қатысушы Жібек Құлымбетованың да талпынысы ескерусіз қалған жоқ.Көрермен көзайымы аталымында Қарасай аудандық ПБ патрульдік қызметінің инспекторы, аға лейтенант Алхазур Дадаев үздік деп танылды. 38 жасар құқық қорғаушы турнирде полиция формасын киіп қатысқанын да атап өту керек. Жалпы, қызықты өткен іс-шара қазақстандық эстрада өнері иелерінің концерттік бағдарламасымен аяқталды.
Алматы облысы