Өнегелі өмір
Туындыгер тұлға Ғабиден Мұстафин 1902 жылы 26-шы (кейбір деректер бойынша 29-шы) қарашада дүниеге келді. Қарағанды өңірі, Бұқар жырау (Тельман) ауданына қарасты, қазіргі Теміртау зауыты тұрғызылған жерге таяу маңда, Нұра өзені бойында, Жауыр, Қожыр тауларының шашыранды жалғасы Сартөбе етегінде туған екен.
Дәстүр сақтаған, жөн білетін ескі әулет перзенті. Ертеден, сахара – тұма бастау, өзен-су, көл жағалай қонған ел – айлы түндер алқа-қотан отырып, алагеуім мезгіл, елең-алаң, таң бозарып атқанға дейін жыр-дастандар желісінен хикаяттар шертеді, қисса-хикметтер айтады, күй тоқтамайды, ән үзілмейді, ұзандар енгізген жөн-жосық, үкі қадаған сал-серілер, ұлық ақындар орнатқан қазақ қоғамы, түйе қомында туып-өскен жұрт, ат жалындағы өркениет, көшіп-қонған, киіз туырлықты өмірін әшекейлеген әдет-ғұрып, жас таланттардың жарқырап көрінетін тұсы, игі жақсының жамырап көзге түсетін кезі, өнерпаздың аузына қараған, сөз қадіріне жеткен қара орман халық, төрінде би-шешені қаулай сөйлеген он екі қанат ақ үй, ауыл-аймақ, бәрі тегіс жиналады, кеш бойы, түн қатып, тозығы жеткен ескі кітаптан қиял-ғажайып ертегілер оқып, тәмсіл шашып, жыр төгіп, қоралай қоршап, ұйып тыңдаған, аңыз-әпсаналар құшағында ұйықтаған, ұлы номадтар салтын, таңғажайып тыныс-тіршілігін, ой-қырын, қала берді, ұлысын ардақтаған ұлттық сана-сезімге ие.
Ежелгі ел шежіресі бойынша, арғы аталары – қалың арғын тайпасына жататын Қуандық тармағының бір саласы, беделді руы – Мұрат елі.
Өскен ортасы – алпыс үй Елібай ауылы. Бір сөзінде жазушы, Елібай, қау көрік Сиқымбай Бегайдардан туады деп көрсетеді.
Жасында ел қорғап, жер қорыған жаужүрек бабасы Матай кейін басына он екі мың қой біткен дәулет иесіне айналады.
Қыдыр бабасы байлығы болмаса да, шаршы топта сөз сөйлеген, ел басқарған кісі деседі. Матайдан Қыдыр, Қыдырдан – Ахмет, Алдаберген, Мақаметше, Мұстафа, Қаметжан – Мұстафадан, өз алдына: Зейне, Ғабиден, Әбдікәрім, Әбдіхалық, Ғазиз тарайды. Қаламгердің өз әкесі Мұстафа екі мәрте қажылыққа барған адам екен, мектеп көрмесе де, дінге берік, мінезі томаға-тұйық, момын әрі тілді кісі, құйма құлақ атанған зерек, сергек тұлға. 1952 жылы 87 жасында дүние салады.
«Жол үстіндегі сыр» атты очеркінде Ғ.Мұстафин былай деп жазады: «Мен есімді білер-білмес кезімде жерімізді переселенец алып, алпыс үй Елібай Жауырдан көшеді. Спасс заводының шығыс жағында он жеті километр – «Көкталжарық» деген жерге келіп орналасады (1907 жылдары). Атамекенінен айырылған елдің зары, жермен қоштасқандары, келімсектер мен тұрғын ел арасындағы ұрыс-жанжал, кісі өлімдері менің көңіліме өлмейтін ғажап суреттер қалдырып кетті».
Көзін тырнап ашқалы, азан уақытынан дін сабағын оқып, соңыра, «1916 жылы Спасс заводында табельщик болып (жұмыс) істейтін Мауқымның Жүсібі дегеннен бір жыл» орысша сауат ашады. Бесжылдық орыс-қазақ мектебінің бірден төртінші бөліміне оқуға түсіп, оның төртінші жылын толық бітіреді. Бірақ соңғы жылын аяқтамай кетеді. 1918-1925 жылдар аралығында ауылда болады.
Сосын 1925-1930 жылдары Қызылорда қаласында, астанада Қазақстан Жоғарғы сотына қатынас қағаздар тіркеуші қызметіне орналасады. Газет-жорналдармен араласа бастайды. 1927-1928 жылдары «Сәрсен мен Боқаш» атты алғашқы әңгімесін жазады. «Ер Шойын» атты әңгімелер жинағы 1929 жылы басылып шығады.
«Әліме қарамай Тоғжанов, Сейфуллин сияқтылармен пікір таластыра бастап едім, Сейфуллиннен басқасы әдебиет майданында қағажу көрсетті. Жазғаным өтпей қойған соң, жылы май айының ішінде Қарағандыға жұмысқа кеттім... мен жұмысты жер қазудан, темірлердің тотын қырудан бастап, бірнеше сатылардан өткен соң, токарь болып шықтым».
1933-1938 жылдары газет жұмысына сұранып, Сібір асып, Новосібір барады, жат жерде, бөтен қалада «Қызыл ту» басылымында қызмет етеді. Кейін Алматыға оралады. Белсенді шығармашылық кезеңі басталады: «Өмір мен өлім» (1940), «Шығанақ» (1945), «Қарағанды» (1952), «Дауылдан кейін» (1960), «Миллионер» (1948), «Көзкөрген» (1963) туындылары жазылады. Қаһарман қаламгер өнерде болсын, өмірде болсын, ешқашан арманын, ар-ожданын, әріптесін сатқан адам емес, қолға алған ісіне қашанда адал еді, әділдік туын тігіп, шындық жағында болды, сара жолынан тайған жоқ.
«Қан» және тағы да басқа әңгімелері туралы
Бірде, 1827 жылы Гетенің хатшысы Эккерман ұлы ойшылдың қазіргі кезде «әлем әдебиеті қалыптасып келеді» деген (Weltliteratur) тарихи сөзін қойын дәптеріне түртіп жазып қойған екен. Сөйтіп, неміс халқының кемеңгер перзенті Гете сөзінен үздік ұлттық туындылардан құралған дүниежүзілік әдебиет шежіресі басталады. Озық шығарма оқысақ не көзге түсіп жатса немесе таныса қалсақ, әлем әдебиетінің асыл қазынасына енген туынды деп баға беріп жатамыз. Бұл жоғары баға. Әлем әдебиеті қатарына кірді, қосылды деген қорытынды қалам иесінің шүбәсіз, сөзсіз дарындылығын білдіреді.
Ғабиден Мұстафин шығармашылығы – әлі де болса толық ашылмай жатқан алтын көмбе, адамзаттың аса қымбат асыл қазынасы. Жазушы Ғабиден Мұстафин өз шығармашылығы жолында әлем әдебиетінің тарихи даңғыл жолын жүріп өтті. Ол (қазақ әдебиеті) – дүниежүзілік үздік ұлттық әдебиеттер топтамасының бір шоғыры. Бір бөлшегі.
Қайта өрлеу әкелген бостан, еркін өнер артынан барокко («әсемдіктің теріс формасы»), классицизм (антикалық әлемге еліктеген, XVII) туындайды, кейін ағартушылық – классицизм, реализм, сентиментализм, алдыңғы романтизм ағымдарына ұласады, одан рококо дамиды, сахнаға пастораль, бейәдеп, мемуарлық, галанттық проза көтеріледі (XVIII), романтизм, реализм, натурализм (XIX) ағымдары қалыптасады. Сосын, модернизм билеп-төстеген заман келеді. Кеңес тұсында соцреализм өрбиді.
Бұл – модерн-әңгіме: сөз нығыз, сөйлем ықшам, шығарма көлемі шағын. Әрекеті анық. Қалам бейнелеген қаһарманы жасанды не әсіре белсенді емес, пафос мүлдем жоқ, жазғаны – байыпты, бейтарап, әуезді.
Автор – сөз зергері. Екі заманның алтын көпірі.
Мерген, ділмар шешен, бірақ ауыз екі тіл мен әдеби тіл екеуін айырып тұрған тәртіп екенін аңғарады. Тәртіп – мәдениет белгісі.
Сөзінде – салмақ, ойында сауалы бар. Модерндік шарт: уақиға жоқ жерде іс-әрекет көбейеді. Ертеде, Фолкнерден байқаған едік, ол Борхестен үйрендік дейді, Борхес әлем әдебиетінен көрген шығар. Ғ.Мұстафин тәлім алған екі ұстазы анық: Лев Толстой мен Виктор Гюго. Кейін Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсіреповтің жазғандарын ұната бастайды.
Қарасөзіңде бір құдірет бар. Автордың жазған сайын жазғысы келеді. Біз оқимыз. Көркем лирикалық мәтінді тастап, өндіріс бейнесін асқақ эстетикалық биікте көрсете білген жаңа прозаға өту оңай шешім бола қоймағаны рас.
«Біз екеу едік. Қойтастың қалың бұйратын қақ жара, Қонай шоқысын бетке алып, жүріп келеміз, жақын жерде ел болатын сиқы жоқ. Ұры-қарыдан да қауіпсіз емеспіз. Қарайған көрінсе, жүрегіміз өрекпи бастайды. Ат қатты пысқырып қалса да, жолдасым жамандатқырлап шаужайға қағады».
Задында, әлем әдебиетінде бір үлкен мәселе бар – ол, шығарма бастау мәселесі. Бірінші, сөйлемнің формалық ізденістері сабақтасқан кейінгі мәтінге жарық түсіріп тұрады: «Біз екеу едік».
«Әзір ел қарасы көрінбейді. Жүрген сайын Қонай шоқысы көз ұшында бұлдырап, артымызда қалып барады. Алдыңғы жақтан екенін айырғысыз көгілдір, мұнар ма, ала бұтаның түтіні ме, әлде ел ме, әйтеуір бір мұнартқан көріне бастады».
Негізі, сөз өнерінің көркемдігі оның дәлдігінде жатыр. Жазған сөзі айқын мәтін контексте ғана күңгірт, ұсақ-түйек дүние, майда деталь қысқа эпизодтарда сейілген тұман тәрізді ашық, ағарып атқан таң секілді тұнық, мөлдіреген судай таза көрінеді.
«Тыңдап тұрыстық... біз тұрған жерден қашықтау сияқты. Масаның ызыңындай ғана өлусіреген дауыс естілді. Анықтап білейік деп кідіре тұрдық... Бір кезекте дауыс жақындап, анықталғандай болды. Дүбірлеген тасыр-тұсырмен жер жаңғырықты. Азынаған ащы дауыс «аттандап» құлақтан өтті, бұдан әрі тұра беруге мен шыдамадым, жүрегім аттай тулап, кеудеме сыймады. Буындарым қалтырап, дір-дір етті. Кідірген сайын тасыр бізге қарай таянған тәрізденді».
Ғабиден Мұстафин модернизм дәуірінде өмір сүрді. Еуропада жүріп жатқан өзгерістер қазақ прозасына да дәнекер әдеби үлгілер арқылы ене бастады. Мұхтар Әуезовтің «Көксерек», Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпаны», Спандияр Көбеевтің «Қалың малы», Ғабиден Мұстафиннің «Kөзкөргені» көрнекті мысал бола алады.
«Тағы да біраз кідіріп тыңдап едік, аттан даусы қойылып, жамыраған сөз естілді. «Түсіріп алған екен, жүр», деп Ахмет жорта жөнелді. Лез болмай жылқыға да келіп қалдық. Жылқы ішінде жиырма-отыз кісі жүр екен, «елміз, сауға» деп Ахмет іштеріне кіріп кетті».
«Қан» әңгімесінде тыныштық бар. Тыныштық көшедегі шуды, даладағы ылаңды естіртеді. Бірақ басқа айқай-шуды басып, ылаңды тұншықтырады. Үйде бір жерде су тамып тұрса, онда жаза беріңіз, тыныштық орнады деген сөз.
«Тұрғандардың ортасында екі жігіт қатарынан сұлап жатыр. Екеуінің де басы қып-қызыл қан, бауырдай боп қатып қапты. Аяқ жақтарында жатқан қос ақтабан сойылға дейін қызыл қанмен бояулы, оның үстіне біреуінің аяғы сынып, жинап ала алмай жатқан көрінді».
Озық әдебиет үлгілері кеңістігіне – модерндік талғам үстемдік орнатқан кезде – қазақ зиялы қауымы қазақ тіліне орысшадан классикалық дүниелер мен жаңа ағымдар тудырған шығармаларды аудара бастады. Біздің мысалымызда ол мынадан көрінді: бірінші, Ғабиден Мұстафин шығармалары ықшам, екінші, сөйлемі қысқа, үшінші, көңілді алаңдатар, мәтін атмосферасынан адастырар, лингвистикалық ауытқулар жоққа тән, бір сөйлемде бүтін бір оқиға жүреді, бесінші өзіне қойған талаптар бұлжытпай орындалады.
...«Cоққыға жығылып жатқан екеудің бірі – Бәлкен байдың Шойын деген жылқышысы екен. Екінші жатқан – Төкіш мырзаның жігіті болып шықты. Төкіш өткен қыс жері мұздақ болып қалып, екі елдің шекара жері Қараөзекте жылқыларын қостап шығарады. Бәлкен ол жерді қашаннан бауыр басып жүр екен. Кісі жіберіп Төкіштің қосына «көшесің» дейді. Қос кеше қоймаған соң, үш-төрт ат, айғырды ұстатып алып, басқа жылқыларын қуып тастапты... Араздықтың бас пәлесі нем».
Әңгіме жеңіл жазылған – жеңіл оқылады. Әр тұстан шыққан дыбыс, түн жарып жеткен үн, сайын даланы дүрліктірген жылқы дүбірі төңіректе бір айқас, шағын қақтығыс жүріп жатқанын айғақтайды. Серігі Ахмет барымташылардың қолға түскенін, жағдайдың күрт өзгергенін, кімнің кім екенін жау аңдыған жігіттердің түнгі оқшау-оқшау, жарқын-жарқын сөйлеген дауыстарынан танып қояды. Қараңғы далаға қарап тұрып, қиқудың қай жақтан шыққанын ажырата білген Ахмет бәрін түсініп отыр, атыс-шабыстың бағыт-бағдарын күндізгідей дәл анықтайды. «Қан» әңгімесі шығармашылық жөн-жосық, жоба-жоспарын айқындаған алғашқы әдеби қадамы еді. Бұл туындымен бірге жарияланған «Қашқын», «Тұтқын», «Қадірлі қонақ» әңгімелері – «Қанмен» деңгейлес дүниелер.
«Содан бері Төкіштің көкейінен кекті алу шықпай жүріп, бүгін бес-алты жігітті барымтаға аттандырған. Барымташылар кешке жақын «Қос емшектің» келіп бекініп жатқанын жылқышылар көріп қалады. Жаудың бесеуі бірден бытырамастан тіле қосып отырған, Шойын жеткен соң, араларын ашып ортаға алып қапты. Бес сойыл бесеуі бірден тиіп ат-матымен Шойын сол жерде тоңқалаң аса жығылады, бір аяғы аттың астында қалып, жіліншігін сындырып жібереді».
Қаламгер бір кезде көңілі құлаған ұстанымына қылдай да бір қиянат жасамаған екен. Модернизм әлем әдебиетіне жаңа машық әкелді, қысқаша айтқанда, форманы жаңартты. Жазу мәнері өзгерді, мұраты ауысты, ең қызығы, жазу технологиясы ашылды.
«Міне, мен көрген сынық аяқ қара жігіт – Шойын. Оның қасында жатқан ілмиген сұрша жігіт Көкіштің жігіті екен. Түсірген жерде арттан жеткендер ұрып қалтыратып тастаған сияқты. Жиылып тұрғандардың арасында әлі де ашуы қайтпағандары нұқып кетіп жүрді. Жау түсіріп, көңілі көтерілген ел жамырай сөйлеп, ауылдарына бет алды. Қанға көміліп, жарамен күптелген қос азаматқа, қабақ шытқан жан шамалы көрінді. Ахмет екеуміз Талдының аяқ жағында отырған нағашыларға бұрылдық».
«Алыптың кереметтері», «Шыныдан туған қозы», «Күлмеген адам», «Құлаған құз», «Туған жерде», «Жезқазған», «Жаппархан» көркем әңгіменің өзі не көркем әңгімеге жетеқабыл туындылар. Жанры көрсетілмеген, бірақ бұл – топтамаға енген, кіші проза жанры үлгісіндегі жинақтың басы мен аяғында тұрған екі очеркті оқығандағы туған ой. Кітапты жетілдіре, кемелдендіре түседі. Сюжеті емес, ерекше атмосферасы елді оқуға тартып, жетелеп шақырып тұрады.
Қысқа сөйлемде нүкте де маңызды. Нүкте сөйлемнің аяқталғанын ғана білдірмейді, ол мәтін еркіндігін, сөздің шексіздігін, таным шектеулігін аңдатады. Шекара әдетте кеңістіктің көлемін белгілейді, кез келген нәрсенің ауданын анықтау үшін белгілі бір кезеңде оның не енін, не биіктігін, не ұзындығын, қала берді, үшеуін де қатар шектейді.
Бірақ нүкте қойылған жерден жаңа сөйлем басталады. Тыныс белгілері сөздің бір қырын ашады. Көп нүктеде төмен пафос бар. Айқай-шу да – жоғары пафос. Әуелден қалыптасқан атмосфераны тек үтір мен нүкте ғана бірқалыпты күйінде сақтайды. «Қан» әңгімесінде бұл талап-тілектің бәрі бар. Бұл тұста аустралиялық жазушы Ральфа де Буасье пікірін келтіре кеткенді жөн көрдік: «Сіз қарапайым әрі ықшам жазасыз, халқыңызға бәрі анық, қысқа сөзіңіз поэзияға толы. Сабырлық, байыптылық, шекара, ұстаным, тіпті, эмоцияның өзі бейтарап күйінен өзгермейді».
«Қарағанды» романы
Өткен ғасыр көшпелі жұрт өміріне жаңа бетбұрыс әкелді. Кенесары аңсаған техника – сайын дала, құла дүз, қыр-жота – жықпыл-жықпыл бұйра толқынды тау-үстірт үстінде қаптай бастады. Капитализм көмір, темір, мыс рудаларын үйіп-төгіп артқан ырдуан арбаларды қинала сүйреген машина күйінде, аузынан от шашқан зеңбіректер түрінде көрінді.
Жауды толық жеңіп бітпеген жұрт қаруын тастап үлгермей жатып, жаңа күрес басталды: бесжылдық еңбек майданы ашылды. Көміршілер құдық санын көбейтуді мақсат тұтты. (Қарағанды-Теміртау бір өндірістік цикл құрды). Жан-жақтан мамандар ағылды.
Роман С.Щербаков тобын, Донбастан келген меймандарды (механик Б.Козлов, слесарь Лапшин, инженер Орлов) қарсы алудан басталады. Ермек қолындағы зауыт кілтін жаңадан сайланған трест бастығы Щербаковқа табыс етеді.
Жергілікті партия нұсқаушылары – Тельман аудандық атқару комитетінің төрағасы Қанабек, парторг Мейрам қатысқан топ алдында ескі шахтер, еңбек ардагері Щербаков жолдас қысқаша сөз сөйлейді: «Осы далада Апақ Байжанов қой бағып жүріп, суыр інінен Қарағанды көмірін тапқалы жүзге жуық жылдар өтіп барады. Содан бері орыс-ағылшын капиталистері қазақ жерінің байлығын, қазақ халқының арманын осы кілтпен жауып ұстағандай болса, біз енді осы кілтпен бәрін ашамыз».
Пафос уақытына тән. Шығарманың өз алдына идеологиялық мақсат қойғанын жоққа шығара алмаймыз. Автор оқырманына емеурін тастайды, ойын аңғартып өтеді. Щербаков сөзінде қаламгердің идеясы жатыр. Басында айтылған арман-мұрат аяғында жүзеге асып жатқаны көрсетіледі.
Енді шығарманың соңына ауысайық. Пафос өзгермеген, жасампаз еңбек атмосферасы бірқалыпты, кейіпкерлер түгел орнында, болашақ айқын, мұрат – жалқы. Бірақ бізді қызықтыратыны – образдың саяси тұлғасы емес, өндірістік қаһармандардың жанрлық толымды не толымсыздығы.
«Көмір тиеген ұзын составтар Оралға, Балқашқа тартқан үлкен жолдарға әр тұстан құйылып жатыр. Аяқ астындағы терең забойдан шыққан мына пойыз да кең арнаны жаңғырта солай тартты. Жол үсті тынымсыз ағын. Тау суындай шапшаң, қара бұйра көмір ағыны сарқырай ағып барады... Щербаков: Сонау бұлдырап көрінген сораң, Шерубай Нұрасы Қарағандының жаңа аудандары болады. Көмірлі қала енді солай қарай өседі. Жұмыс аумағы екі-үш есе ұлғаяды. Борис Михайлович комбайнды тез бітір...».
Кітапқа қызығып кіресіз, бұзылып шығасыз. Бұрын елеп-ескермеген есіл дүниелер еске түседі. Ғабиден Мұстафин шығармаларынан көшпелі мәдениетті тықсырып, ығыстырып келе жатқан өркениет дабысы естіледі. Зауыт пештері гүрілдеп, қыза түседі. Шойын пойыздар лек-легімен белгісіз бір жақтарға асығып кетіп бара жатады. Алғашқы сөйлемінен ақырғы жолына дейін темірдің балқығаны, көмірдің жанғаны құлаққа жетіп жатады. Әрі-бері жүйткіген көліктер отанымыздың алып жүрегіндей тоқтамай соғып тұрады. Оқыған сайын от жалыны күшейеді. Ыстықтың табы кітаптың бетін ашқанда қарсы алдыңыздан біртіндеп жайлап есіп, соңыра бетіңізді күйдіре бастайды. Құдыққа түскендер бір-біріне дауыстап тіл қатады. Көмір қазушылардың темір қайласы байласқан, тұтасқан көмір тастарын оңай бұзады, қабырғалар құлағанда, ыдысқа төгіледі, толғанда жоғары өрлейді. Металл үні, ара жүзі әлсін-әлсін тоқтап-тоқтап қойып, көп ұзамай, қайыра жұмысқа кіріседі. Мамыражай шақ, бейбіт еңбек, күнделікті қарбалас артында, тыныш өмір сыртында, бір алапат күтіп тұрғандай әсер қалдырады. Бірі бай кәмпескелеп келе жатады, бірі колхоз құрамыз деп шапқылап жүреді. Әйтеуір қазақ даласында тыным жоқ, ел шулаған, жұрт дүрліккен, тап тартысқан заман. Бұл 1920-жылдары еді. Жарлы-жақыбай бас қосып, оңаша, оқшау жинала қалса, бай-шонжарды тізімдеп, Ібір-Сібір асырамыз, Итжеккен айдатамыз деп даурығады. Кіжінеді. Қырдағы ауыл қызығынан айырылды, еңбек тоқтады, жұрт тозды. Советке қарсы дәулет иелері (Ырымбек, Бейсек) қолдан келгенше зиян тигізіп бақты. Таптық күрес әлсіреудің орнына күшейе берді. Автор, неге екені белгісіз, Бухаринды зиянкестер көсеміне сайлап қояды. Қазақ жатақтары (Жанәбіл, Ермек, Жұманияз, Сейталы) қара шоғырлана бастайды. Қайран алаштың өз күресі бар еді. Қырғыны да көп. Партия бөлімшесінің жетекшісі Мейрам жолдаспен пойызда танысамыз. Бұл эпизод «Нақұрыс» пен «Анна Каренина» романдары ситуацияларына ұқсап кетті. Қырдан қалаға ағылған көшпелі жұрт, негізінен, ірі өндіріс ошақтары жанынан қоныстанды, бір жерге орнығып, тұрақтана бастады. Кітаптың бетін қайырған сайын домна пешінің қақпасы қайта-қайта ашылғандай, лап еткен көмір қызуының лебі бетіңізді қарығандай болады.
Романда «аға халықтың» советтік бейнесі, жасампаз образы жақсы көрсетілген. Жергілікті еңбекшілер екінші қатарда. «Орнын біледі, өзгенің миссиясын жақсы түсінеді».
Бірақ бәрібір, қазақ тарихында «Қарағандыдан» асқан өндірістік роман жоқ: себебі алғашқы кәсіпорындарды тұрғызып, кен қазып, шикізат күреп, қарапайым еңбек қаруымен қаруланып, өнім өндірген қым-қуыт заман туралы, ерекше атмосферасы жайлы шыншыл, шынайы, басқа шығарма енді жазылмайды, тап туралы – қазақ бастан кешкен ұжымдастыру науқаны өндірістендіру тақсыретіне ұласқан қасіреті қақында – қалам тартар ешкім жоқ, тіпті ғылыми-техникалық революцияның мамыражай уақыты өтті. Социалистік қоғам құрылды, жетпіс жыл бойы жалған сөйлеп жамырай өмір сүрдік. Жеті күнде құрыды. Біз оңай құтылдық. Бірақ роман құндылығы дәуірдің көркем образын жасаған автордың суреткерлігінде һәм тақырыптың ерекшелігінде.
Сөзімізді түйіндесек, «Қарағанды» романы Ғ.Мұстафин шығармашылығы ғана емес, қазақ және әлем әдебиеті шеңберінде кезінде ұрандатып келген жаңа жанрдың көрінісі. Егер біз эстетикалық ұстанымнан туатын көзқарас тұрғысынан қарайтын болсақ, құбылыстың эстетикалық құндылығы қоғамда қалыптасқан нормаға байланысты бағаланады. Яғни көзқарас менікі, ұстаным қоғамдыкі. Жалпы, ұстаным жеңе ме, әлде, жеке көзқарас үстем шыға ма, оны Құдай біледі.
Дидар АМАНТАЙ