• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Экология 20 Шілде, 2022

ЭКО-жобалар талқыланады

699 рет
көрсетілді

Экологиялық хакатонға қатысушылар Маңғыстау облысының қоршаған ортасын жақсартуға бағытталған жобаларды ұсынбақ. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл іс-шара – QazaqGeography республикалық қоғамдық бірлестігі EcoBatys ауқымды бастамасы шеңберінде іске асырып жатқан EcoVision жобасының бір бөлігі.

Эко-жобаның басты мақсаты – халықтың экологиялық проблемалардан, көміртегі бейтараптылығы туралы ақпараттандырылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрғындарды  экологиялық бастамаларға тарту.

Бүгінге дейін EcoVision жобасы аясында бірнеше әлеуметтік іс-шара өтті. Жуырда Ақтауда EcoVision эколо­гия­лық жобасының қатысушылары үшін алғаш­қы воркшоп ұйымдастырылды. Қоғам белсенділерінің айтуына қарағанда, воркшоп – ғылыми-зерттеулер жүргізіп, өңірдегі экологиялық мәселелерді шешудің зор мүмкіндігі.

Іс-шара барысында Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқу­шылары мен Yessenov University сту­ден­ттері қоршаған ортаны қорғауға қа­тысты жобаларын әзірлеп, экологиялық сауаттылығын жақсартты. Сонымен қа­тар өңірде ұқыпты ойлау тақырыбына арналған онлайн шеберлік сағаттары өткізілді.

EcoVision жобасы арқылы біз жас­тар арасында эко-ойлау мен саналы тұтыну қағидаттарын, экологияға қатыс­ты белсенді азаматтық ұстанымды қалып­тастырғымыз келеді. Біздің мақсат – бола­шақта жергілікті және жаһандық эко­логиялық проблемаларға әсер ете алатын экокөшбасшыларды тәрбиелеу», дейді жоба жетекшісі Мадина Кинаятова.

Тамыз айында қоғам белсенділері жоба қатысушылары үшін тағы да бір оффлайн-тренинг өткізбек.

Ал қыркүйекте ақтаулық оқушылар мен Yessenov University студенттері «Экохакатонның» қатысушылары атанады деп күтілуде. Жарыс барысында оқушылар мен студенттер өңірдің экологиялық мәселелерін шешуге арналған өз көзқарасын ұсынуға тиіс. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Экохакатон» жаңа экожаңашылдықтарға серпін беріп, жастар арасында эколо­гиялық сауаттылықты арттыра алады. Ал үздік жобалардың авторлары баға­лы сыйлықтармен марапатталады деп жоспар­ланған.

Еске салайық, EcoBatys бастамасы аясындағы әлеуметтік жобаны «Шелл Қазақстан» компаниясының жә­не Азаматтық бастамаларды қол­дау орталығының қолдауымен Qazaq­Geography РҚБ жүзеге асыруда.