• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Шілде, 2022

Мектеп құрылысы кестеден кешікпесе игі

149 рет
көрсетілді

Павлодар облысында «Заманауи мектеп» жобасы шеңберінде ажары келіскен білім ордалары аз емес. Былтыр 6 мектеп күрделі жөндеуден өткен еді. Оның екеуі Ақсу қаласында орналасқан. Биыл да көптеген ақсулық оқушылар білім күнін жаңа кейіпке енген мектепте қарсы алмақ. Жақында Мәжіліс депутаттары Айгүл Нұркина, Вера Ким мен Анатолий Бойчин Ақсу қаласында болып, №4 орта мектептегі жөндеу жұмыстарымен танысты.

«Заманауи мектеп» жобасы шеңберінде жөнделіп жатқан аталған мектеп 1967 жылы салынған. Мұнда екі ауысым бойынша 1 129 бала білім алуда. Білім ордасында 37 кабинет, оның ішінде 2 зертхана, роботтехника кабинеті бар.

Жөндеу жұмыстарын жүргізуге 3 мердігер ұйым тартылған. Жұмыстың күрделілігі сол, бір мердігер өзіне тиісті жұмысты аяқтамай, екінші мердігер қандай да бір шаруаға кірісе алмайды. Мәжіліс депутаттары жөндеу жұмыстары кестеден кешікпей, балалар білім күнін ерекше қуанышпен қарсы алу керек екенін еске салды. Бұл ретте, халық қалаулылары жергілікті Amanat партиясының өкілдері және білім саласына жауапты мамандармен кеңесе келе, қосымша келісімшарт жасау арқылы кестеге өзгеріс енгізуді ұсынды. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігі мәселесіне баса назар аударуды тапсырды.

Білім басқармасы басшыларының айтуынша, «Заманауи мектеп» жобасы аясында тек күрделі жөндеу ғана емес, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, мұғалімдерге де, оқушыларға да ыңғайлы жағдай жасау көзделген. Сонымен қатар Amanat партиясының сайлауалды платформасы негізінде ауылдық 54 мектепте қайта жабдықтау жұмыстары жүргізілмек.

2025 жылға дейін Павлодар облысының 82 білім беру мекемесі «Заманауи мектеп» жобасы аясында жаңартылады деп күтілуде.

 

Павлодар облысы,

Ақсу қаласы