• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 21 Шілде, 2022

Сазгер Саида

303 рет
көрсетілді

Өнерде шекара жоқ. Музыка да солай. Ұлтқа, тілге, дінге, ұстанымдар мен көзқарастарға бөлінбейді – тек талантты таңдайды. Адам да талғамайды. Жақсы әуенге тек жүрек керек. Нәзік сезімдердің нотаға түсіп, әуелей аспанға көтерілгенін тек есту керек. Жан-дүниеңді еліткен сол әуез жоғарылаған ­сайын өзің де бір толқып, бір түсіп, бір суып, бір ысып отырасың. Музыканың құдіреті де осы.

Астаналықтар әуезді ән тың­дап, өнерден эстетикалық ләззат алу үшін көбінесе Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік акаде­миялық филармонияға барып жатады. Әсіресе, филармония солисі Саида Қалықованың кө­рермені көп деседі. Әлқисса. Музыкант, сазгер Саида Қалы­қова аталған өнер ұжы­мын­да көптен бері еңбек етеді. «Болашақ» халық­ара­лық бағдарламасымен оқы­ған ол Флоренция (Италия) қала­сындағы Conservatorio Luigi Cherubini университетінде ма­гистра­­тураны үздік диплом­мен тәмамдаған. Сондай-ақ Д.Д.Шос­такович атын­дағы Санкт-Петербург қала­сындағы ака­демиялық филар­мониясының да белді өнерпазы. Саида тыңдаушысын өзінің ерекше талантымен һәм фортепиано аспабын­да асқан орындаушылық ше­­берлігімен таңқалдырып, «Қазақ­станның 100 жаңа есімі» жо­басына енді. Зағип сазгердің талабы мен талантына көз алдын­дағы тас түнек ешқашан кедергі болған емес.

«Мен бала кезімнен музыкаға әуеспін. Алты жасымда ата-анама ештеңе айтпастан, өз бетіммен музыка педагогына жазылдым. Ауыр дерттің салдарынан қос жанарым көруден қалса да, музыкамен айналысуды жалғастырдым. Нотаны көзбен емес, жүрекпен жаттадым. Әуен мен әуез – ме­нің өмірім. Соның арқасында жаңа белестерді бағындырып, түр­лі концерттік алаңдарда өнер көрсетіп жүрмін», дейді Саида Қалықова.

Ол алғашқы шығармасын 15 жасында жазған. «Жаңбырдан кейін» композициясы ақ жауыннан кейінгі табиғаттың тамашасын әндетеді.

Айта кетейік, бүгінде сазгер 20-ға жуық музыкалық шығар­малардың авторы, 100-ден астам классикалық музыканың үздік шығармаларын жатқа орындай­ды. Қазақстанда ғана емес, Ре­сей­де, Италияда, Түркия мен Румы­нияда ондаған концерт өткізді.

Одан бөлек Саида Қалықова халықаралық байқауларға қа­ты­сып, қайырымдылық іс-шара­ларына да жиі атсалысады. Ал шығармашылықта репертуарын үнемі жаңартып отыруға тырысады.

Еске салсақ, музыканттың ел­ордалық мемлекеттік филармония сахнасында шығармашылық жолының жиырма жылдығына арналған концерті өтті. Ендігі мақсат – Лондондағы Альберт-холл, Монакодағы филармония сахнасы. Талантты сазгердің арманына тілекшіміз.