Қарағанды өңірі «жасыл аймақта» болғанымен, соңғы тәуліктердегі келіп түскен ақпараттарға қарағанда, «жаман тұмау» тағы да бас көтере бастағанға ұқсайды. Мәселен, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ұсынған мәліметке сай, соңғы тәулікте COVID-19 жұқтырған 188 науқас тіркелді.
Жалпы, өңірде пандемия басталғалы бүгінге дейін 152 391 адам коронавирус инфекциясымен ауырған екен.
Бұл дертке тосқауыл бола алатын күштің вакцина салдыру екені белгілі. Осы орайда Қарағанды өңірінде тұрғындардың 75,2%-ы, яғни 675 058 адам екпенің бірінші компонентін қабылдапты. Ал вакцинаның екінші компонентін салдырғандардың саны 633 013 адамға жеткен. Бұл – жалпы облыс тұрғындарының 44,3 пайызы.
Қазіргі уақытта ревакцина салдыру да күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселенің бірі болып тұр. Облыста бүгінге дейін 245 963 адам үшінші мәрте екпе салдырыпты. Мұның ішінде Pfizer өнімі «Комирнати» вакцинасын салдырғандардың саны 67 336 адамды құраған. Бұдан бөлек осы жылдың 25 мамырынан бастап өңірде ревакцина қайта салына бастады. Қазірдің өзінде 18 743 адам осы екпені алған.
Ал енді, коронавирус инфекциясының өрши бастағанына келсек, Қарағанды облысының Санэпидбақылау департаменті өңірдің барлық тұрғындары мен қонақтарына жабық ғимараттарда, қоғамдық көліктерде маска тағып жүру керегін ескерте бастады. Сонымен қатар аталған ведомствоның мамандары вакцина салдырудың толық курсынан өткендер үшін «жаман тұмаудан» келер қауіптің жоғын жоққа тән екенін айтып отыр.
Қарағанды облысы