Энергетика министрлігінің комиссиясы жұмысын аяқтап, Петропавлдағы 2-жылу-электр орталығы мұржасының неден құлағанын анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.
ҚР Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, комиссия Петропавлдағы жылу-электр орталығы түтін мұржасының құлау себептерін толық анықтау мақсатында құрылып, қазандықтардың жұмыс тәртібіне, одан шығатын газдардың параметрлеріне, түтін мұржасын пайдалану режиміне, мұржадағы түтін газдарының өлшемдеріне энергетикалық сараптама тағайындалған еді. Сондай-ақ №1 түтін мұржасына да техникалық құрылыс сараптамасы жүргізілді.
Нәтижесінде комиссия мұржаның құлауының бірнеше себебін атады:
- түтін мұржасын салудың жобалау және бетондау кезеңінде ақаулар жіберілген;
- түтін мұржасы тиісінше пайдаланылмаған, яғни жоспарлы-алдын ала жөндеу жұмыстары, кезекті тексерулер мерзімінде жүргізілмеген;
- қазандықтардан тыс шығатын газдардың температурасы бөлігінде қазандықтардың жұмыс режимдерін сақтамау;
- қазандықтардың жоғары апаттылығы және қазандықтардың авариялық тоқтатылуынан кейін мазутты пайдалана отырып, конденсаттың түзілуіне және төмен температуралы коррозияға қатысты газ жолы мен түтін мұржасының жұмыс жағдайларының нашарлауына әкеп соққан жиі іске қосылуы;
- Петропавл 2-ЖЭО басшылық құрамы мен жауапты мамандары тарапынан тиісті бақылаудың болмауы.
Осылайша, жоғарыда аталған факторлардың жиынтығы түтін мұржасының құлауына себеп болды.
Комиссия жұмысының нәтижелері бойынша осындай технологиялық бұзушылықтарға жол бермеу жөніндегі негізгі ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар әзірленді.
Ал анықталған заң бұзушылықтар мен кемшіліктер деректері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сай тиісті шаралар қабылданады.
Станция жабдықтарының істен шығып, бірнеше рет тоқтауына себеп болған 2021-2022 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңіндегі жөндеу науқаны барысында жіберілген кемшіліктер үшін Директорлар кеңесінің шешімімен «Севказэнерго» АҚ жауапты басшыларын лауазымынан босату және лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік шаралар қабылданды.
Алдағы жылыту маусымына сапалы дайындалу және сенімді өткізу мақсатында «Севказэнерго» АҚ Петропавл 2-ЖЭО жұмысын қалыпқа келтіру бойынша Жол картасын іске асырып жатыр. Жол картасының орындалуы ҚР Энергетика министрлігінің бақылауында, апта сайын көшпелі мониторинг жүргізіледі. Осындай көшпелі кеңес 17 шілдеде Петропавл 2-ЖЭО-да ҚР Энергетика министрлігі өкілдерінің қатысуымен өтті, онда Жол картасының орындалу барысы тексерілді.
Еске сала кетейік, 20 наурызда Петропавлдағы жылу-электр орталығының түтін мұржасы жартылай опырылып құлаған еді. Салдарынан жұмысшы әйел мерт болды.