Былтыр мектеп жасындағы балалар арасында семіздікке шалдығу факторлары бойынша арнайы зерттеу жүргізген Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жеткіншектердің 25 пайызы үйде тамақтанбайтынын, ал 16,7 пайызы газдалған тәтті сусындарды күнделікті тұтынатынын мәлімдеген. Ересектердің ішінде де қуат беретін сусынға құмартқандар көп. Жалпы, қазақстандықтар күніне шамамен 30 мың литр энергетикалық сусын ішеді екен.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дұрыс тамақтанбау үлкен жаһандық мәселеге айналғанын айтып, дабыл қағып отыр. Айталық, бүгінде әлем бойынша әл бермей келе жатқан аурудың екі түрі бар. Оның біріншісі қатерлі ісік болса, екіншісі – жүрек қан тамыр аурулары. Жаһандық ұйым осы екі дерттің де негізгі себебі тамаққа байланысты екенін айтады. Яғни өлім-жітімнің 60 пайызы, науқасқа шалдығудың 80 пайызы дұрыс тамақтанбаудан туындайды. Айналып келгенде, дұрыс тамақтану – адам денсаулығының кепілі. Қараңыз: денсаулықтың 53 пайызы – адамның өмір сүру салтына, соның ішінде 18 пайызы – сыртқы орта факторларына, 20 пайызы – адамның генетикасына, ал тек 5-10 пайызы ғана дәрігерлердің қолында екен. Халықтың «таңғы асты өзің іш, түскі асты бөле іш, кешкі асты жауыңа бер» дегені осыдан қалса керек.
Қазіргі таңда Қазақстан – саламатты тамақтану режімін сақтамайтын елдердің қатарында. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың сөзіне қарағанда, елімізде соңғы жылдары қант диабетіне шалдыққандардың қатары күрт көбейген. Бұл ауруға да дұрыс тамақтанбау, құрамында қанты көп сусындарды жиі тұтыну себеп болып отыр. Сондықтан министрлік ауру көрсеткішін төмендету мақсатында қант қосылған сусындарға акциздер енгізуді қолға алмақшы және дұрыс тамақтану асханасы, пайдалы тағамдар дүкені секілді арнайы бағдарламаларды жүзеге асырмақ.
Кез келген тағамды немесе сусынды мөлшерден көп ішсе зиян екені белгілі. Мұны диетологтер жиі ескертеді. Бірақ мамандардың кеңесіне құлақ асып жүрген адам шамалы. Жұрт тәтті және сергіткіш сусындардың көп зияны жоқ деп ойлап, бей-берекет іше береді.
«Өнімнің жапсырмасында көрсетілген құрамға сенсек, көптеген алкогольсіз сусында шырындар, емдік шөптердің сығындылары, дәрумендер мен сергітетін заттар бар деп көрсетілген. Бұл сусындар бұлшықет белсенділігін уақытша ынталандырады, серотонин арқылы көңіл күйді көтереді, шөлді, тіпті аш қарынды қысқа уақытқа басады және біраз уақыт рахат сезімін тудырады. Энергетикалық сусындардың құрамына кіретін сахароза мен глюкоза кофеинмен бірге ұйқышылдық пен шаршау сезімін күрт төмендетеді, жүрек соғысын жылдамдатады және адамға шамадан тыс жүктемені жеңуге көмектеседі. Алайда танымал сусындардың пайдасы осымен аяқталады», дейді Нұр-Сұлтан қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары.
Мекеменің ресми сайтына жариялаған мәліметке сүйенсек, алкогольсіз сусындардан, оның ішінде энергетикалық сусындардан нақты зиян бар. Мысалы, оны үнемі қолдану адам ағзаларының патологиясына, тіс эмалінің бұзылуына және тез салмақ қосуға, қант диабетіне, гипертонияға, атеросклерозға және басқа ауруларға алып келеді.
Департамент мамандары биылғы өнімдердің қауіпсіздігін бақылау аясында импорттық және отандық өндірістен шыққан алкогольсіз сусындардың 63 үлгісіне, оның ішінде энергетикалық сусындардың 23 үлгісіне сараптама жүргізген. Зертханалық зерттеулердің нәтижесі импорттық өндірістің 12 сусын сынамасы, оның ішінде 5 энергетикалық сусын сынамасы Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенті талаптарына сәйкес келмейтінін анықтаған. Мысалы, Monster Ultra Can, «Монстр», «Энерджи Ультра» энергетикалық сусындары мен «Натахтари» лимонадының құрамында натрий бензоаты концентрациясының 1,1-ден 1,2 есеге артқаны анықталды. «Натрий бензоаты – бензой қышқылының натрий тұзы, басқаша айтқанда, Е-211 консервантының тағамдық қоспасы. Бұл қоспа тамақ өнеркәсібінде синтетикалық консервант ретінде кеңінен қолданылады, бактериялардың көбеюіне, зеңнің, токсиндердің пайда болуына жол бермейді, сондықтан өнімнің жарамдылық мерзімін арттыру үшін жиі қолданылады. Ол көбінесе ет өнімдеріне, балық консервілері мен уылдырыққа, майонезге, кетчупқа, кондитерлік өнімдерге, джемдер мен мармеладтарға, газдалған сусындарға, алкогольсіз сыра мен алкогольді ішімдіктерге қосылады. Бұл қоспа ағзаға зиян әкеледі», дейді департамент мамандары. Олардың айтуынша, Е-211 консервант концентрациясының артуы аллергиялық реакцияларды туғызады. Құрамында Е-211 бар өнімдерді С дәрумені бар өнімдермен бірге қолдануға мүлдем болмайды. Өйткені натрий бензоаты мен аскорбин қышқылының өзара әрекеттесуі кезінде бензол пайда болады да бұл ағзада қатерлі ісіктердің дамуына, пайда болуына әкелуі мүмкін.
Жалпы, энергетикалық сусындардың құрамында адам ағзасына қауіпті басқа да химикаттар қосылғанын мамандар айтып жүр. Ғаламтордағы ашық дерекке сенсек, мұндай сергіткіш сусындарды XX ғасырдың 60-жылдары Вьетнамда соғысқан америкалық жауынгерлердің моральдық және әскери рухын ынталандыру үшін АҚШ ойлап тапқан екен. Бірақ бұл сусындарды күнде литрлеп ішкен әскерлердің арасында бас ауруы, ми, бауыр ісігі күрт көбейген. Жауынгерлерлерді сергітудің орнына сергелдеңге түсірген сусынды кейін пайдалануға тыйым салған.
Елорданың санитарлық мамандары да адамға уақытша қуат беретін сусындарды пайдалану барысында абай болуға шақырады. Алкогольсіз салқын сусындарды таңдау кезінде оның таңбалау кодына, жарамдылық мерзіміне, сақтау шарттарына назар аудару қажет. Өндірушісі, шығарылған күні мен жарамдылық мерзімі көрсетілмеген сусындарды сатып алмаған жөн. «Мұндай өнімдердің көбі жалған тауар болып шығады. Сондықтан өнімнің сақтау және таңбалау шарттарында бұзушылықтар болса, олардың талапқа сай екенін растайтын құжаттарды талап ету керек. Егер мұндай құжат сізге ұсынылмаса, онда аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарына: 57-60-56, 57-60-59 телефондарына хабарласыңыз немесе astana.dooz@gmail.com поштасына арыз-шағым жолдауға болады, ресми сайтымыз: dkkbtu.nur-sultan@dsm.gov.kz», дейді департамент мамандары.
Дұрыс тамақтану мәселесін зерттеп жүрген белгілі профессор, медицина ғылымдарының докторы Ерболат Дәленов те дүкен сөрелерінде сатылатын сусындарды жиі қолдану зиян екенін айтады. Тіпті пайдалы делінетін минералды сусынды да шектен тыс көп ішсе, ағзаға салмақ түсіреді. «Мысалы, минералды сусындар не үшін шығарылған деп ойлайсыз? Белгілі бір ауруға ем ретінде қолдану үшін. Оның да мөлшері бар. Ал бұл сусын түрін шамадан көп пайдалану өт пен несеп жолында, бауырда ұсақ тас, құм пайда болуына әкеліп соғатынын естен шығармау қажет. Өйткені минералдық судың құрамында минералдық заттар жай судан қарағанда екi-үш есе артық болады. Бұл адам ағзасына ауыр тиеді», дейді ол.
Профессор сондай-ақ ет пен газдалған сусын да бір-біріне сәйкес келмейтінін айтады. Өйткенi минералды газдалған су еттiң сыртын қоршап алады да қорытылуына кедергі келтіреді. «Сондықтан мүмкіндік болса, газсыз су ішу керек. Ал шәйді тағамға дейiн бiр сағат бұрын немесе тағамнан кейін бiр сағаттан соң iшкен жөн», дейді маман.
Жалпы, құрамында кофеині бар және сергіткіш сусындарды қолдануға көп елде тыйым салынған. Мұндай сусын түрі белгілі бір тәртіппен ғана сатылады. Қазақстанда да осыдан бірнеше жыл бұрын мектеп асханаларында газдалған сусындарды сатуға тыйым салынды. Келешекте бұл өнімнің жарнамасына шектеу енгізу, энергетикалық сусындарға акциз енгізу, азық-түлік өнімінің қауіпсіздігі туралы техникалық регламентке түзетулер енгізу секілді өзгерістер елімізде де қолданылуы мүмкін. Бірақ әзірше бұл – уақыт еншісіндегі мәселе.