Атыраулық балалар арасында күрделі операцияны қажет ететін сырқат көп. Мұндай операцияларды жергілікті жерде жасау оңай емес. Соған қарамастан, облыстық балалар ауруханасының нейрохирургтары күрделі оталарды қолға алды. Мәселен, былтыр төрт айлық сәбидің басына, ал жақында бір жасар баланың миына жасалған күрделі ота сәтті өтті.
Анасы төрт айлық баласының бас пішініндегі диспропорцияны байқаған. Дәрігерлер балада «бас сүйегінің туа біткен патологиясы», «сагитальды краниостеноз» диагнозы барын анықтаған. Балалар дәрігерлерінің пікіріне қарағанда, туа біткен патология кезінде бас диспропорциясы өсе бастайды. Сол себептен балаға жоспарлы хирургиялық емдеу, сондай-ақ краниотомия ұсынылған. Отадан кейін дәрігерлер науқастың жасына сәйкес бас пішінінің пропорцияларын орнына келтірді.
Ал елордадағы №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы ортопедия және оңалту бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Ағабек Чикинаев тірек-қимылы бұзылған атыраулық балаларға бес операция жасады. Жоғары санатты ортопед-травматолог Ағабек Чикинаевтың айтуына қарағанда, ата-аналар мұндай отаны жасату үшін балаларын елордаға немесе шетелге апаруға мәжбүр.
– Менің ұлыма церебральды сал ауруы, гидроцефалия диагнозы қойылған. Ол жүре алады. Бірақ аяғын сылтып басады. Атырауға ортопед-дәрігердің келетінін естіп, ойланбастан ота жасатуға шешім қабылдадық. Білікті дәрігер жасаған ота сәтті шықты. Енді ұлым еш қиындықсыз жүретініне үміт артып отырмын, – дейді 14 жасар баланың анасы Октябрина Құрманғазиева.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, былтыр «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығының 12 дәрігері шақырылған. Елордалық дәрігерлер құрамындағы неонатолог, акушер-гинеколог, кардиолог, невролог секілді мамандар үш күнде 300-ге жуық кеңес берді. Науқас балаларға бес ота жасап, үміт отын жандырды.
Жақында облыстық балалар ауруханасында бір жасар баланың миына күрделі ота жасалды. Балақай мерзімінен екі ай бұрын дүниеге келген. Сол себептен бастапқыда облыстық перинаталдық орталықтың жансақтау бөлімінде дәрігерлер бақылауында болған. Орталық дәрігерлері баланың денсаулығы жақсармаған соң балалар ауруханасының нейрохирургі Шодер Ариповке жүгінген. Дәрігерлер баланың миына қан құйылу диагнозын қойған. Бұл диагноз ультрадыбыстық зерттеу қорытындысымен расталған. Бірнеше рет операция жасалған. Алайда оның миында алты ісік өсіп, алманың көлеміндей деңгейге жеткен.
– Балалар арасындағы мұндай сырқат еліміздің өзге қалаларында да кездесіп жүр. Сол себептен Атырауға балалар нейрохирургі Данияр Сабдиналиевті шеберлік сабағын өткізуге шақырдық. Бірнеше сағатқа созылған операция кезінде сырқат баланың миындағы алты ісікті алып тастадық. Қазір науқас баланың жағдайы қанағаттанарлық деуге болады. Біздің ауруханада осындай күрделі ота жасалды, – дейді нейрохирург Шодер Арипов.
Сырқат балаларға өмір сыйлап, олардың ата-анасын қуанышқа кенелтіп жүрген нейрохируг Шодер Арипов И.Ахунбаев атындағы Қырғыз мемлекеттік медицина академиясын бітірген. Дәрігерлік жолын травматологияда бастап, Қарағанды, Тараз қалаларындағы ауруханаларда тәжірибе жинаған. Алайда оны нейрохирургия қызықтырған. Ал төрт жыл бұрын облыстық денсаулық сақтау басқармасының шақыруымен Атырауға көшіп келген.
Атырау облысы