• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Мамыр, 2014

Ұлт бірлігі – ұлы байлық

1200 рет
көрсетілді

Кеше 1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін астаналықтар көтеріңкі көңіл-күймен атап өтті. Мерекелік шаралардың ең ауқымдысы «Қазақ елі» монументі алаңында болып, оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Бұл күні Астана аспаны жар­қы­рап, күннің шуағы молынан құйылып тұрды. Мерекеге жиналған халық жұмсақ самал ескен жылы ауада күн нұрына малынып, көңіл-күйлері арта түсті. Сағат тура 11.00 болғанда алаңға Президент Нұрсұлтан Назарбаев келді. Халық Елбасын орындарынан тұрып, қол соға үлкен қошеметпен қарсы алды. Осыдан кейін үлкен сахнаға үш жүргізуші шығып, концерттік нөмірлерді бастап кетті. «Қуаныш­тан желпілдейді түндігім, Бар халықтың бірлік тойы күн бүгін. Халқым мәңгі ғұмыр кешсін бақытты, Бір тамырмен байлап қойған кіндігін» деп шалқыды жүргізуші. Келесі кезекте: «Кең байтақ – көз жетпейді жерім менің, Таулы орман, жасыл жайлау, көлім менің, Бүгінде бар әлемге даңқың жетті, Тәуелсіз Қазақстан – елім менің», деп жалғастырды. Осындай көтеріңкі жыр шашудан соң баяулата басталған қазақы, әсем әндер төгіліп кетті. Халықтың жүрегінен шыққан, ұлт тарихының терең қойнауларынан жеткен нағыз қазақы әндер. Оны жоғарыда бесік шайқап отырған Қазақ-ана бастады. Ән біткенде қасында билеп жүрген түрлі-түсті, қазақстандық көп этносты бейнелеген көп нәсілдің бүлдіршіндері оның құшағына жабысты... Сөйтіп, білікті режиссердің қойылымында осы жолғы театрландырылған көріністер «ә» дегеннен еліміздің діңгегі – Қазақ халқының иісін аңқытып, оның кең құлашты жылы құшағын барлық қазақстандық ұрпаққа молынан танытудан басталғандай болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев театрландырылған көріністі біршама уақыт тамашалаған соң, Қазақстандағы этномәдени бірлестіктер тіккен үйлерден тұратын этноауылға бет алды. Өздері тұрғызған үйлерде этно­бір­лестіктер ұлттық тағамдарын әзірлеп, ән-күйлерін дайындап қойған екен. Сонымен бірге, олар өз этносының тұрмыстық ерекшеліктерінен, мәдениеті мен салт-дәстүрлерінен де көріністер әзірлепті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған еліміздің басшылары өздеріне жақындағанда олардың әрқайсысы қуанышпен қарсы алып жатты. Этноауылды аралап болған соң, Елбасы осы жерде БАҚ өкілдерінің алдына келіп, Қазақстан халқын мерекемен құттықтады. – Бүгінгі жарқыраған күннің жазға айналған шағында біз ұлық мереке – 1 Мамырды, яғни халқымыздың бірлік мерекесін атап өтіп отырмыз. Бірлік деген сөздің мағынасы өте тереңде. Егер отбасында бірлік болмаса, ондай отбасының ойраны шығады. Егер компаниялардың, зауыт-фабрикалардың ішінде бірлік болмаса, ондай кәсіпорындар банкрот болып, құриды. Егер мемлекеттің ішінде бірлік болмай, әркім көрпені өзіне қарай тартатын болса – ондай мемлекет те күйрейді. Сондықтан барлық тіршіліктің ұйытқысы – бірлік деген ұлы нәрсе. Біз бірліктің арқасында ғана көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Ғасырлар бойы аңсап, қол жеткізген тәуелсіздігімізді сақтау – алдымен қазақ халқының бірлігіне байланысты. Ал біз көп этносты болған соң, барлығын ұйыстыратын бірлік керек. Сондықтан бірлік – біздің болашағымыз, бірлік арқылы тәуелсіздік сақталады. Бірлік арқылы мемлекетті нығайтамыз. Бірлік арқылы халықтың тұрмысы жақсарады әрі болашаққа сенімі артады. Тыныштық пен келісім де осы бірлік бар жерде ғана болады. Бірлік – біздің мемлекеттілігіміздің тұғыры, – деді Президент. Одан әрі Елбасы: егер мемлекетімізде бірлік болмаса, кез келген жеке отбасы да өзін бақытты өмір сүріп жатырмыз деп айта алмайды. Сондықтан бірліктің бағасын білейік және ұрпағымыздың санасына осыны сіңірейік, деді. Келесі кезекте Н.Назарбаев 1 Мамырдың бұрын еңбек мерекесі деп аталғанын еске алды. Біз Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына жетеміз деп алдымызға мақсат қойып отырғанда мұның терең мәні бар. Еңбек – адам үшін ең маңызды нәрсе. Егер адам қолымен еңбек етсе – ол еңбекқор, ал егер қолымен де, басымен де жұмыс істесе – ол маман. Ал егер қолымен де, басымен де және жүрегімен де жұмыс істесе – ол нағыз хас шебер. Қорыта айтсақ, еңбек қана адамды жоғары нәтижеге, жақсы табысқа апара алады. Еңбекпен табылған тиын ғана қымбат, сол ғана адамға бақыт әкеледі, дей келіп, сөзінің соңында Елбасы Қазақстан халқын мерекемен тағы да құттықтап, бірліктің нығая беруін тіледі. Әр отбасында бақыт, береке орнасын, деді Президент. Бұл уақытта «Қазақ елі» монументінің қасындағы сахнада түрлі өнер ұжымдары мерекелік шараны барынша қыздырып жатты. Барлық концерттік нөмірлер осы жердегі үш сахнада да бөлек-бөлек өткізілді. Оларға барлығы 700-ден астам өнерпаз қатысты. Сонымен бірге, кіші сахнада 400-ден аса этномәдени бірлестіктердің өнерпаздары өнер көрсетті. Барлық этностардың арасынан келген өнерпаздардың орындауындағы бұл концерттердің жалпы атауы – «Құрақ көрпе» деп аталған екен. Қандай суықтардан, үйді кезіп кететін ызғырық желдерден қорғайтын апамыздың құрақ көрпесі бүгінгі күні Қазақстан халқы бірлігінің символы болғаны да керемет жарасымды шықты. Қазақстандық барлық этностар өнерлерінің бір орталыққа біріккен әртүрлілігі де көзге ыстық құрақ көрпені елестетті. Енді осы концерттерге қатысқан бірқатар өнер ұжымдарын атай кететін болсақ, «Наз» би театры, Қазақ ұлттық өнер институтының «Шабыт» би тобы, Өскемен қаласынан келген «Флэш» балет тобы, Қарағандыдан «Искорка» ансамблі, Шымкенттен «Шамсинур» және «Айгөлек» би топтары өз өнерлерін астаналықтар алдында ортаға салды. Астана сахнасына бұл күні алыс-жақын шет елдерден де өнер ұжымдары жетіпті. Соның ішінде Чешен Республикасынан «Вайнах», Омбы облысының мем­лекеттік би ансамбльдері, Грузия және Түркия астаналарының ұлт­тық хорлары, Германиядан Зит­хер, Үндістаннан Мадан Оак, Қы­тай­дан Ч жу сияқты әншілер де өз өнер­лерін жарқырата көрсетті. Бұлар­дан басқа, қазақстандық көрер­меннің көзайымына айналған Өзбек­станның «Ялла» тобы, Ардақ Бала­жанова, Индира Расылхан және т.б. әншілер де концерттік бағ­дар­ламаның деңгейін арттыра түсті. Осы жерде біз мерекеге келген бірнеше адамды әңгімеге тартып, олардың көңіл-күйін білген едік. Бізбен алдымен әңгімелескен татар этномәдени бірлестігінің мүшесі Камиль Муллашев болды. «Мен бүгінгі мерекені Қазақстан үшін ұлы күндердің бірі деп санаймын. Біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан өз Тәуелсіздігін алған бірінші күннен бері адамдар арасына аса қажетті осы бірлік деген қасиетті сөзді қастерлеп, көздің қарашығындай сақтап келеді. Қазақстан соның арқасында биік табыстарға жетіп, бүкіл әлемге салиқалы мемлекет болып танылып отыр. Сондықтан бұл мерекені біз ұлы демесек болмайды. Мен өзім оны үлкен қуанышпен тойлаймын», деді ол. Бізге пікір айтпақшы болып Тыныс Ақболатқызы деген апайымыз да ниет етті. Қазір зейнетке шыққан апайымыз бұрын Ақтөбе облысында тұрған екен, қазір Астана тұрғыны. «Мен бүгін керемет қуаныш үстіндемін. Болып жатқан концерттер мерейімді өсірді. Осындай мерекелер адамды шаттыққа бөлейді. Біздің Астанамыздың өзі бірліктің туы деуге болады. Оған бәріміз де жан-жақтан келіп жатырмыз. Еліміз тыныш, халқымыз бірлікте болып, осы мерекені жыл сайын қуанышты көңілмен атай беруді тілеймін», деді қарт мұғалім. Өзін Бас прокуратура ардагерлері ұйымының төрайымымын деп таныстырған Гүлжан Қарағұлова апайымыз биылғы 1 Мамыр мерекесінің ерекше жағдайда атап өтіліп жатқанын тілге тиек етті. «Өйткені,–деді ол, – бұл мереке Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясынан кейін болып отыр. Мен Президенттің Ассамблеяда айтқан сөзін ыждағатпен тыңдадым. Ондағы айтылған сөздер халқымыздың бірлігін нығайтып, әл-ауқатының жақсара түсуін көздейді. Өз басым үнемі халықтың қамын ойлайтын Президентімізге ризамын». Айта кететін жайт, «Қазақ елі» алаңында спорттық алаңқайлар да құрылып, онда арқан тарту, гір көтеру, тоғызқұмалақ сияқты спорттың түрлерінен жарыстар болып жатты. Ал 20-ға жуық сауда нүктелері азық-түліктер, дәмді тағамдар саудаланды. Соның ішінде әртүрлі этностардың асханасынан да ұлттық тағамдардың дәмін татуға мүмкіндіктер болды. Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі Астананың өзге аймақтарында да тойланды. Соның ішінде Конгресс-холлда «Бейбітшілік, Еңбек, Мамыр» атты көрме ұйымдастырылды. Ал Астана қаласы әкімдігінің алдындағы Орталық алаңда Қазақстан халқы Ассамблеясы мен шаһар әкімдігі «КМF» микрокредиттік ұйымының қолдауымен «Бірлігім – берік туым» атты фестиваль өткізді. Онда этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары және қазақстандық жас таланттар өз бақтарын сынады. Фестиваль қонақтарының қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары –Хатшылық меңгерушісі Е.Тоғжанов, Сенат депутаты, ҚХА Төрағасының орынбасары А.Башмаков, «КМF» басқарма төрағасы Ш.Жүсіпов және басқалар болды. Осы күні «Атамекен» – Қазақстан картасы этно-мемориалды кешені де есігін айқара ашып, «Мәңгілік Елге саяхат» атты маусымдық ашылуын жариялады. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».