Павлодар облысының Бәйет ауылы маңында вахтамен жұмыс істейтін адамдарды таситын автобус аударылды. Салдарынан 16 жолаушы зардап шекті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, 103 желісіне ірі жол-көлік оқиғасы туралы хабарлама бүгін сағат 12:38-де түскен.
«Қоңырау шалушылардың айтуынша, Екібастұздан 25 шақырым жерде вахташыларды Атырауға алып бара жатқан автобус аударылған. Оқиға орнына 5 жедел жәрдем бригадасы жіберілді», деді станциядан.
Медицина қызметкерлері шақыру орнына 14 минутта жеткен. Автобуста барлығы 32 адам болған. Оның 16-сы Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілді.
«19-53 жас аралығындағы ер адамдарда бассүйек ми жарақаттары, мидың шайқалуы, түрлі көгерулер мен сынықтар тіркелді», делінген облыстық жедел жәрдем станциясы мәліметінде.
Облыстық Полиция департаменті жол апаты туралы әзірге ақпарат ұсынған жоқ.