• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Шілде, 2022

Әшкерелегіш экран

313 рет
көрсетілді

Қаланың әр бұрышында беталбаты шашылып жатқан қоқыс үйінділерінен көптен бері арыла алмай келе жатқан рудныйлықтар бұл тығырықтан шығудың жолын енді тапқан сыңайлы.

Таяуда шағын қаланың орта­лығында үлкен экран пайда болды.  Тұрмыстық қалдық­ты қоқыс жәшігінің маңайына қалай болса-солай лақтыра салатын тұрғындардың әбес әрекеті дәл сол уақытта осы алып экранда көрініс тауып, әшкере болады. Әр ауладағы қоқыс алаңының тұсына арнайы камералар орнатылған. Бұл бейнеқұрылғылар қоқыс жәшігінің маңайында болып жатқан қимыл-қозғалыстың бәрін таспаға түсіріп тұрады.

Қаланы ластаушыларды әшкерелегіш экран жергілікті әкімдіктің қаржысына орнатылыпты. Ал қоршаған ортаға жанашыр экобелсенділер әр камерадағы видеоны жинап, шағын бейнетүсірілім жасап шығарады да, әлгі экран ар­қылы жалпы жұртқа жария етеді. Осылайша, «қоқыс қа­һармандары» бүкіл қала жұрт­шылығына масқара болады.

Алайда кейбір тұрғындар мәселенің мұнымен шешіле қоятынына күдікпен қарайды. Өйткені коммуналдық қыз­мет кеншілер шахарындағы  тұрмыстық қалдықтарды сыртқа аптасына бір-ақ рет шы­ғарады.  Салдарынан қоқыс кон­тейнерлерінің маңында аяқ басатын жер қалмай қалады. «Қо­қыс жәшіктері аузы-мұрнынан ақтарылып толып тұрса, үйден шыққан тұрмыстық қалдықты жәшіктің жанына тастамағанда, қайда тастаймыз? Тек қайтадан үйге алып кіру ғана қалады. Біз ақшасын төлеп отырмыз ғой», дейді жұрт.

Ал әшкере экранына түсіп қалған бес-алты тұрғын таяуда ғана әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 24 мың теңгеден айыппұл арқалаған.

 

Қостанай облысы,

Рудный қаласы