Әлеуметтік желіде 360-қа жуық атыраулық кәсіпкердің жобасы мемлекеттен бизнеске берілетін қайтарымсыз қаржыны ұтпағаны жөнінде ақпарат тарады. Қолдаудан құр қалғандардың ішінде кәсіп бастамақ болған мүмкіндігі шектеулі жан да бар. Олар облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабековтің атына шағым түсірді.
Соның қатарындағы екінші топ мүгедегі Мейрамбек Бауыржанұлы он жылдан бері халыққа қызмет көрсету орталығында әлеуметтік сала менеджері қызметін атқарып келеді. Ол қоғамның әлсіз топ өкілдерімен жұмыс тәжірибесін одан әрі жалғастырмақ болған. Сөйтіп, алғаш рет «Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мобильді сервис қызметі» жобасын ұсынып отыр. Жобаның құны – 5,5 млн теңге.
– Мен жобамды грант талаптарына сәйкес ұсындым. Жоба шартында көрсетілгендей, инновациялық, әлеуметтік бағыт қамтылды. Мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істеу тәжірибем бар. Сондықтан елімізде бұрын-соңды болмаған жобаны іске асыруды көздедім. Бірақ грант қаржысын ұта алмадым. Соның себебін білгім келеді, – дейді Мейрамбек Бауыржанұлы.
Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабековтің мәліметінше, өткен жылмен салыстырғанда, биыл өтінім берушілер саны үш есеге өскен. Мемлекеттен бөлінетін қайтарымсыз қаржыға облыс бойынша 392 жоба ұсынылып, 37 адамға оң жауап берілген.
– Барлық ұсынысты қанағаттандыру үшін шамамен 2 млрд теңге қажет. Биыл бұл жобаға 106 млн теңге қаржы бөлінді. Біз оны игеру үшін Үкімет қаулысында бекітілген арнайы ережеге сүйенеміз. Ережеге сәйкес 27 млн теңге – жастарға, 15,8 млн теңге – қоғамның әлсіз топ өкілдеріне, 63,2 млн теңге өзге жобаларға бөлінуі керек. Осы жылы грант беру тек Qoldau.kz порталы арқылы толық автоматтандырылған жүйеде өткізілді. Комиссия мүшелері жобаларды ережеде бекітілген критерийлерге сәйкес бағалады, – деп түсіндірді Нұрбол Жаңабеков.
Басқарма басшысының мәліметіне сүйенсек, қазір облыста 60 795 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Биыл Атырау облысында кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде бюджеттен 8 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 23 пайызға көп. Оның ішінде несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға – 6 млрд теңге, несиені кепілдендіруге – 1,9 млрд теңге, мемлекеттік гранттар ұсынуға 106 млн теңге берілді. Жыл басынан бері 76 кәсіпкердің жобасы қаржыландырылды.
Ауыл кәсіпкерлерін қолдау мақсатындағы өңірлік бағдарламаны іске асыруға жергілікті бюджеттен 2013-2022 жылдарға 3 млрд 357 млн теңге қаралыпты. Соның нәтижесінде 531 жоба қаржыландырылып, 718 жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл бұл бағытқа 500 млн теңге жарату көзделген. Өңірде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасына өткен жылы Ұлттық қордан 1 млрд теңге бөлінген еді. Қазір несие сомасы 510 млн теңге болатын 40 кәсіпкердің жобасы қаржыландырылды. Алдағы уақытта олар 46 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр.
Атырау қаласына таяу орналасқан Дамбы ауылының тұрғыны Света Өтеғалиева бес жылдан бері киім тігу ісімен айналысып келеді. Қарамағында төрт адам жұмыс істейді. Оның үшеуі – көпбалалы ана. Мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грантқа үш жыл қатарынан «Ер адамдардың киімін тігу» бағытымен бизнес жоспарын ұсынған. Тек биыл 2,4 млн теңге көлеміндегі қайтарымсыз қаржыны ұтып алған.
– Маған жобамды іске асыру үшін комиссия шешімімен 2,4 млн теңге қайтарымсыз қаржы беру жөнінде шешім шықты. Осы қаржыны алғаныма шүкір етемін. Енді берілген қаржыға тігін цехының жұмыстарын жетілдіруді жоспарлап отырмын. Мұнда «грантты беру кезінде ашықтық болмады» деген пікірге келіспеймін. Өйткені комиссия мүшелерін мүлде танымаймын, – дейді Света Өтеғалиева.
Комиссия мүшелері жобасы өтпей қалған кәсіпкерлерге келесі жылы қайта тапсырудың мүмкіндігін іздеуге, республикалық және жергілікті жерде іске асырылатын басқа да бағдарламаларға қатысуға кеңес береді. Кәсіп бастауға ниет еткендердің «Атамекен» ҰКП өңірлік филиалының арнайы мамандарымен кеңескенін қалайды.
«Атамекен» ҰКП Атырау өңірлік филиалы жанындағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының кеңесшісі Гүлнафис Жармұханбетованың айтуынша, әйелдер арасында мамандық таңдау бойынша сауалдама жүргізілген. Соның қорытындысына сәйкес әйелдердің ұсынысы ескеріліп, оқыту бағдарламасы әзірленіпті.
– Біздің орталық биылғы наурызда ашылды. Содан бері 300 әйел кәсіп түрлеріне оқытылды. Жазғы курс 11 маусымда басталды. Алғашқы лекте Атырау қаласы мен шаһар маңындағы елді мекендерден 50 әйел бес мамандық бойынша оқытылып жатыр. Олардың арасында кәсібін жаңа бастаған, жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер мен өз ісін ашуға талпынғандар бар. Бұдан соң аудандарда тұратын әйелдер оқытылады. Мұндай курс қараша айына дейін жалғасады. Курста бірнеше мамандықты қамту жоспарланып отыр, – дейді Гүлнафис Жармұханбетова.
Оның айтуынша, курсты ұйымдастыру үшін «Ғасыр» оқу орталығымен шарт жасалыпты. Соған сәйкес тігін тігумен бірге, аспаз, массаж жасау, бьюти-индустрия ісі оқытылады. Үш аптаға созылатын курстан соң сертификат беріледі.
Алғашқы курсқа қатысқанның бірі – Рая Аяшқызы. Жеті жылдан бері тігін бизнесімен айналысатын ол қолданбалы өнер бұйымдарын жасайтын жеке цехын ашқан. Цехта қалыңдыққа қажетті бұйымдар да тігіледі. Қазір тігін цехында бес әйел жұмыс істейді. Олар осы цехта тігін ісін үйренген.
– Мені бала күнімде тігін ісіне шешем баулып еді. Содан бері іс тігуге құштарлығым жоғалған жоқ. Бұрын тігін тігуді хоббиым санаушы едім. Кейін маған тапсырыс түсе бастағасын, бұл істі бизнесіме айналдырдым. Өзім тұратын ауылда цех ашып, ынтасы бар әйелдерді жұмысқа тарттым. Бұл кәсіпті жетілдіру үшін үнемі үйрену, тәжірибені шыңдау қажет. Сол себептен, өзімнің шеберлік деңгейімді арттырып отыруға тырысамын, – дейді Рая Аяшқызы.
Ол жақында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ұйымдастыратын тегін курс туралы естіп, өтінім берген. Қазір өзі курста оқып жүр. «Біз үшін мұндай курстың пайдасы көп. Кәсібіме қатысты пайдалы кеңестерге қанық болдым. Енді өзіммен бірге жұмыс істейтін әйелдерді осы курста оқытуды көздеп отырмын», дейді ол.
Атырау облысы