• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 27 Шілде, 2022

ҚазҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесі берілді

489 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне зерттеу университеті мәртебесі берілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – әлемдегі ең үздік 150 университет қатарына енген Қазақстан мен Орталық Азиядағы жалғыз жоғары оқу орны. 

Бір жыл ішінде білім ордасы QS WUR жаһандық рейтингі бойынша Топ-200 ішінде 25 позицияға жоғарылап, 175-тен 150-орынға көтерілді.

Осылайша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында ғана емес, Орталық Азия мен ТМД елдері бойынша да көшбасшы екенін дәлелдеді.

Айта кетсек, университеттің білім беру бағдарламаларының шамамен 25 пайызы QS by Subject пәндік рейтингінде Топ-500 деңгейінде ұсынылған.

Университет құрылымында 16 факультет пен 68 кафедра, 8 ғылыми-зерттеу институты және 29 ғылыми орталық бар. 140-қа жуық ғылыми және оқу-зерттеу зертханалары жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта білім алушылардың контингенті шамамен 26 мыңды құрайды. Жыл сайын шетелдік студенттер саны артып келеді – әлемнің 30 елінен 2,5 мыңнан астам шетелдік бакалавриатта, магистратурада және докторантурада оқиды. 

Оқытушы-профессорлар құрамының саны 3000-нан асады. Университет профессорларының арасында 10 академик,  7 Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 14 ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты бар.

Білім ордасын дамытудың негізгі векторы – интернационалдандыру. Университет 500-ден астам шетелдік жоғары оқу орындары және ғылыми орталықтармен ынтымақтастық орнатқан.

Биыл әлемнің 30 елінен 100-ден астам шетелдік профессорлар мен ғалымдар ҚазҰУ-да сабақ береді. Сондай-ақ білім ордасының 40-тан астам профессоры Венгрия, Германия, Моңғолия, Франция, АҚШ, Ресей, Түркия, Өзбекстан және басқа шетелдердің университеттерінде дәріс оқыды.

2022 жылы университеттің 41 оқытушысы мен қызметкері Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық білім беру стипендиясының иегерлері атанды. Қазіргі уақытта олардың басым көпшілігі АҚШ, Еуропа, сондай-ақ Жапония және Түркия университеттерінде тағылымдамадан өтуде.

Биылғы мамыр айында Қазақстан Президентінің Түркия мен Қырғыз Республикасына мемлекеттік сапары аясында ҚазҰУ-дың Ыстамбұл және Бішкек қалаларында филиалдары ашылды.

Қазіргі таңда университет елдік және халықаралық стратегиялық міндеттерді шешуде айтарлықтай әлеуетке ие. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың алдағы даму бағыты – әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналу және халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігінде алға жылжу.