Тіршілік болған соң жолға шықпай тұра алмайсың. Бәріміз де жолаушымыз. Мінгеніміз – ұшақ, пойыз, автобус, жеңіл көлік, тағысын тағы...
Қазақ «жол азабы – көр азабы» деген. Тауып айтқан. Кеудесінде жаны бар адам көрге жатып көрмесе де оның азабы оңай болмайтынын сезінеді. Ал осы азапқа жол азабын теңеген қазақ бір нәрсені біліп айтқан ғой. Демек жол азабы ауыр болғаны да.
Түрлі анкеталық сауалдамалар ұсынылып жатады. Сондай сауалдамалардың ішінде «Сіз өзіңізді қауіпсіз сезінесіз бе?» деген сауал кездесіп тұрады. Бұл сұраққа мен ойланып жатпастан, «Жоқ, өзімді қауіпсіз сезінбеймін», деп бірден жауап беремін. Неге? Өйткені түрлі жол апаттары туралы ақпаратты санаңа сіңіріп алып, жолға шыққанда өзіңді қыл көпірдің үстінде кетіп бара жатқандай сезінесіз, қай тұста шашылып қаларыңды білмей отырасың. Діттеген жеріңе аман-есен жетсең Алланың берген жаны өзіңде қалғанын олжа санап терең тыныстайсың, бірақ сапарың сонымен бітпейді ғой, ертең тағы да жолға шығуға мәжбүрсің. Өйткені бұл – өмір. Содан тағы да бір үміт, бір күдікпен жүргенің.
Қай бір жылы бала-шағамызбен жолға шықтық. Бағытымыз – Шымкент – Жетісай. Көлігінің салонына жиырма шақты адам салып алған жүргізуші көресінді көрсетіп келеді. Қаланың ішінде небір маневрлер жасап зуылдатқан жүргізуші қаладан шыға сала өкірте басты. Бірді-екілі үлкендер жағы «жай айда» деп ескерту жасағанына көлік иесінің жауабы «жұмысың болмасын, өзім білем» болды. Жол азабының нағыз көр азабы болғанына күмәніңіз болмасын. Жол әжептәуір ұзақ. Бағымызға қарай жолдың алғашқы бөлігі кең болды. Бір кезде бұл кең жол да бітіп, жарыс-сайыс тар жолда жалғасты. Қарсы бетке шығып кету оқиғасы сан мәрте қайталанды, апатты жағдай жиі-жиі кездесті. Өзім де көлік жүргізетіндіктен жүргізушінің қателігін анық көріп келемін. Қарама-қарсы өтіп жатқан көліктердің жүргізушілері біздің әумесерге «миың жоқ па?» дегендей сұқ саусағымен самайын нұқып көрсетіп кетеді.
Жол бойында мынаның аптығын басатын, әншейінде қаптап жүретін бір жол полициясы кездеспеді-ау, шіркін!
Не керек, Жетісайға жеттік-ау, әйтеуір. Бүйтіп жеткені құрысын! Жанымыз аман қалғанына, бала-шағамыздың аман-есендігіне Тәңірге сансыз шүкірлер айтып сапаржайда түсіп жатырмыз. Үлкендер жағы жүргізушіні тілдеп, небір жағымсыз сөздерін бағыттап жатыр. Жүргізуші олардың айтқандарына пысқырып та жатқан жоқ. «Шымкент, Шымкент!» деп кері қайту үшін жолаушы жинауға кірісіп кетті.
Не деген көнбіс, жуас халықпыз. Кейін ойлап қарасам, өз тағдырымызды, өз өмірімізді қайдағы бір жауапсыз жүргізушіге тапсырып қойып, көрсеткен көресінінен әбден зәрезап болып қиналсақ-та оған ешқандай қарсылық, қандай да бір шара көру ойымызда да жоқ, іштей бұрқ-бұрқ қайнап өз бетімізбен кете барыппыз. Ең құрығанда, тиісті бір орынға шағымданып, әлгі жүргізушінің тағы бір тағдырларды темір қорабына салып алып қыл көпірдің үстімен жүруіне тоқтам салуға болар еді ғой. Әлгі көліктің жанынан өте бере жас келіншектің жетегіне еріп машинаға мініп бара жатқан, жанары мөлдіреген төрт-бес жасар қыз баланың көзіне көзім түсіп кетті. Оны аяп кеттім. «Алдыңда қандай тағдыр күтіп тұр екен сені, балапан?» деген сауалды ой жүрегімді қарып өткені. Ел аман, жұрт тынышта бейкүнә сәбиді қауіп-қатерге қиғандай болып сезіндім өзімді...
Бес-алты күннен кейін кері қайттық. Мінген көлігіміз жайлы, жүргізушісі де сабырлы болып шықты. Іштей қуанып отырмыз. Кенет орта жолда төңкеріліп жатқан ақ машинаны, шулаған, зар жылаған адамдарды көрдік. Жол полициялары біздің көлікті жолды жаппауымыз үшін аялдауға рұқсат етпей өткізіп жіберді. Әлгі жолдағы жол апаты көз алдымнан кетпей қойды. Жол бойында жаңағы төңкеріліп жатқан машина бізді Жетісайға жеткізген көлік емес пе екен деген ой мазалай берді. Әлі күнге дейін мазалайды.