Желіде Балқаш көлінде ірі көлемде балықтардың қырылуы туралы бейнежазба жарияланды. Аталған фактіге қатысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ресми ақпарат берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«2022 жылғы 27 шілдеде Instagram желісінде Жетісу облысы, Қаратал ауданы, Көпбірлік ауылы маңындағы Қаратал өзеніне құя берістегі Балқаш көлінде балықтардың ірі көлемде қырылуы туралы бейнежазба жарияланды», делінген хабарламада.
Аталған факт туралы жұмыс тобына хабарланған.
«Бүгін аталған фактіні тексеріп, зерттеу мақсатында Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының, Алматы облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының, Алматы облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының табиғатты қорғау жөніндегі жедел қызметінің және Алматы облысы экология департаментінің өкілдерінен тұратын жұмыс тобы балықтар қырылған жерге барды», делінген хабарламада.
Экология министрлігі ұсынған мәліметке сәйкес, расталмаған ақпарат бойынша балықтарды белгісіз біреулер заңсыз аулаған. Кейін өткізудің мүмкін еместігінен және күннің ыстығынан тез бұзылуына байланысты оларды суға тастай салған.
«Өлген балықтардың санына қатысты толық ақпарат жұмыс тобы мүшелерінің зерттеу қорытындысына сәйкес қосымша хабарланады», деп толықтырды ведомство.