• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Шілде, 2022

Атырау мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатты

877 рет
көрсетілді

Сәрсенбіде, 27 шілдеде Атырау облысында қатты жел соғып, нөсер жауды. Табиғаттың тосын құбылысынан кейін байырғы кәсіпорының бірі – Атырау мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатты. Бұған электр энергиясының өшуі себеп болған. Ал зауыттағы алау қондырғысынан ауаға қара түтін будақтады.

Зауыттың қоғаммен байланыс бөлімінің мәліметінше, «KEGOC» АҚ электр қуатын жоспардан тыс тоқтатып тастаған. Соның салдарынан Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысын авариялық жағдайда тоқтатуға мәжбүр болған. Төтенше жағдайдың ал­дын алу үшін сыртқы электр­мен жабдықтау жүйесі толық тұрақ­тан­ғанша, зауыттың отын желісі тех­нологиялық регламентке сәй­кес алау жүйесіне бағытталған.

Атырау мұнай өңдеу зауы­ты­ның бас директоры Мұрат Досмұратовтың мәліметінше, электр энергиясының өшуінен бастапқыда екі қондырғының жұмысы, кейін зауыттың өндірісі толық тоқтап қалған. Мұнайды бастапқы кезеңде айдайтын тек екі қондырғының жұмысын сақ­тап қалуға мүмкіндік ту­ған. Қондырғыларды істен шығару кезінде барлық газ алау ша­руа­шылығына жіберілген. Бұл – қон­дырғыларда депрессия болмауы үшін автоматты түрде жасалатын үдеріс. Зауыт қондырғыларына келген зиян туралы айтуға әлі ертерек. Өйткені бұл қондырғыларды іске қосу кезінде анықталады.

– Қазір біздің зауыттың қорында 26 мың тонна бензин, 22 мың тонна дизель отыны, 4 мың тонна керосин бар. Бен­зин мен дизель отыны тұты­ну­шыларға 5-6 күнде, керосин бір аптада жөнелтіледі. Ал зауыттың қондырғыларын сынақ­тан өткізуді, іске қосуды бас­тау үшін электр қуатын беруді қалпына келтіру қажет. Бұл – қысқа мерзім ішінде екінші рет қайталанған апаттық өшіру. Біз өткен жұмада электр энергиясына байланысты екі қондырғының жұмысын тоқтатқан едік. Сол қондырғыларды іске қосуға бір жарым күн кетті. Қазіргі ахуал мүлдем басқаша болып отыр. Енді қондырғыларды мұнай өнімдерінен, катализатордан тазарту қажет. Сондықтан барлық қондырғының жұмысын қалпына келтіруге қанша күн кететінін болжау мүмкін емес, – дейді М.Дос­мұратов.

Энергетика министрлігінің мәлі­ме­тінше, Атырау облысын­дағы ауа райының қолайсыз­ды­ғынан «Құрманғазы» мұнай айдау стансасына энергия жеткізетін бағанадағы 220 кВ-тық екі электр желісі бір мезгілде өшіп қалған. Электр желісі «КТК» АҚ-ның теңгеріміне алынған. Электр беру желілерінің бағаналары құлаған. Осыған байланысты «КТК» АҚ-ның Қазақстандағы желісін энергиямен қамту 16 МВт-ға дейін шектеліп отыр. Ал Атырау мұнай өңдеу зауытында қоректендіруші желілердің іске қосу тетіктері, «Karabatan Utility Solution» электр стансасының энергия жүйесімен байланыс желілері өшкен. Осының салдарынан электр стансасы генерация­ны нөлге дейін төмендетті.

«КТК» АҚ-ның мәліметіне қарағанда, Қазақстан аума­ғын­дағы «Құрманғазы» және «Исатай» мұнай айдау стансалары резервтік көзден электр энер­гиясын алып отыр. Бірақ аталған нысандарда төтенше жағ­дай қаупі туындамаған. Тек сор­ғы қондырғыларын іске қосу техно­ло­гиялық себеппен мүмкін болмай тұр.

Облыстық экология депар­таментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Атырау мұнай өңдеу зауытының сани­тарлық қорғау аймағының шекарасында атмосфералық ауадан сынама алу басталды. Экологтердің жедел әрекет етуіне зауыттағы алау қондырғысында қара түтіннің будақтағаны себеп болып отыр.

«Жедел әрекет ету мақсатында департаменттің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің ма­мандары Атырау мұнай өң­деу зауытының санитарлық-қор­ғау аймағының шекарасында атмосфералық ауаның сынама­ларын алды. Сынамаларды талдау қорытындысы қосымша хабар­ланады», деп мәлім етті депар­та­менттің баспасөз қызметінен.

 

Атырау облысы