• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Өнер 29 Шілде, 2022

Жылқышы бикеш салған суреттер

613 рет
көрсетілді

Үбі өзенінің жағасына қарайғы шеткері көшеде тұратын Татьяна Котова үйдің күнделікті күйкі тірлігінен қолы қалт етсе, майлы бояумен картина жазады. Жазған жұмыстарының бір бөлігі Шемонаиханың тарихына бағытталса, енді бір бөлігі жылқы тақырыбына арналған. Жүйрік ат десе, делебесі қозып тұратын ол асыл тұқымды Орлов жылқысын да ұстайды екен.

...Шілденің шіліңгір ыстығы. Су­рет­ші Татьяна қоңыр салқын бөлмеде керіл­ген кенепке масатыдай құлпырған таби­ғатты бейнелеп отыр. Бергі планда бө­рене, бөренеде бурыл сақалды әлде­біреу ентігін басып отырғандай. Жанына бал­тасын сүйеп қойған. Анадайдан кәм­шат дей-тұғын судың аңы жылтияды.

– Бұл – Выдриха ауылының құрыл­ған­ы туралы сурет. Ертеде ауылы­мыздың орны орман болған. Алғаш қоныс аударушылар үйлерін бөре­неден қиып, осы Үбінің жағалауына көтер­ген екен. Ал «Выдриха» деп аталуы­ның себебі, өзенде кәмшат өте көп бо­лыпты. Міне, картина сол заманның көрінісі, – деп түсіндірді Татьяна Котова.

Тарихты парақтасақ, Выдриха ауы­лының іргесі 1763 жылы қала­нып­ты. Ал ескі дін ұстаушылардың естелік­терінде бұл ауылға XVI ғасырда-ақ ел қоныстана бастаған деп көрсетілген. Ал­ғаш ағайынды Кимасовтар келіп, үш үй тұрғызыпты. Енді бір деректерде ел 1747-1748 жылдары көшіп келген дейді. Кім білсін?! Бір ақиқаты 1970 жылдары ұйымдастырылған археологиялық қазба жұмыстары кезінде осы өңірден ат әбзелдері, қару-жарақ, тұрмыстық бұйымдар табылған. Оны тарихшылар қимақтарға тиесілі деп топшылаған. Жарайды, тарихты кейін тарқатармыз.

Татьянаның кенеп бетінде ойнақтаған қылқаламына қарап отырып терең ойға шомып кеткенімізді байқамаппыз. Бір уақытта көне сағаттың дың еткен дыбысы елең еткізді. Бағана кіреберіс пен ас үйде XVIII-XIX ғасырдың табы қал­ған ескі сағаттар ілулі тұрған. Солардың бірі екен. Татьяна баяғыда ауыл-ауыл­дан іске жарамсыз болып қалған көне сағаттарды жинап алып, жөндеп, қабырғаға іліп қойыпты. Бәрі бірдей тық-тық етіп, астаналық уақытын соғып тұр. Анау бір жылдары мұндай сағат үшін қалталы азаматтар әжептәуір баға ұсынғанын көргенмін. Сонда құны тарихпен ғана өлшенбейтінін түсінгенмін... Ал Т.Котованың үйінде ондай антиква­риат дүниелердің бір емес, бірнешеуі бар. Оларды сату, айырбастау туралы ойланып та көрмеген. Анда-санда тапсырыс­пен портрет жазғаны болмаса, көненің көзінен тиын табуды ойламаған да. Айтуынша, ұзын саны жүзге жуық картина жазыпты. Олардың көбі жергілік­ті музейде тұр. Бір қызығы, Т.Котованы ешкім сурет салуға үйретпеген. Өзінің қызығушылығы, ұмтылысының арқа­сында қолтаңбасы қалыптасқан суретші болып шыға келді. Жо-жоқ, суретке деген махаббатын кішкентай кезінен оятқан жылқы жануары ғой деймін. Ес біле келе сәйгүліктерге құмартып, жайылымда жүрген ауылдастарының атын жайдақ тақымдап алып жүрген. Оған бола әуелде ат иелері ренжігенімен, кейін үйренісіп кеткен. «Е, өзіміздің Таня мініп кеткен шығар», деп алаңдамайтын болғанға ұқсайды. Кішкентай Таня болса, шашын желге таратып, ауылды бір айналып келмесе, көңілі көншімейді.

– Неге екенін өзім де білмеймін, ат десе ішер асымды жерге қоямын. Кішкентай күнімнен солай. Он үш жасымда ғой деймін, арманымды қағазға түсіре бастадым. Аттың суретін әр қырынан бейнелейтін болдым. Өсе келе әкем ат алып беріп, бала арманым орындалды. Бірақ бейнелеу өнерін тастағаным жоқ. Керісінше, қолыма майлы бояу тиіп, шабытым одан сайын ашылды, – деп бөлме ішіндегі небір тұлпарлар бейнеленген картиналарын «көрдің бе» дегендей көзбен шолды.

Рас, кенепке жылқыларды жазудан жалықпаған. Өзі мініп жүрген Орлов тұқымды жануарды да айнытпай салыпты. Көздері от шашып, ойнақшып тұр. Тұлпарға тән мінез бар. Соны қылқаламның құдіретімен бере білген Татьяна Котованың шеберлігіне қалай қайран қалмайсың. Сүліктей қара ат мініп, аңға шыққан бүркітшіні де келістіріп жазған. Кейбір картиналарынан қазақы қоңыр колорит байқалады. Ұлты орыс болғанымен, мерекелерде қыз қууға шығып, ұлттық ойындарға қа­тысып жүреді. Зіңгіттей жігіттердің жан алысып, жан берісетін көкпар ойы­ны­на бірнеше рет төреші болғанын да білеміз. Асау үйретіп жүріп қаншама рет жарақат алды?! Сонда да қайтпас қайсар мінезі бар. Үйдің ішкі-сыртқы шаруасы да өз мойнында сияқты. Жолдасы Олег көбіне тіршіліктің қамымен сыртта жүретін көрінеді. Ұл-қызы жетіліп, жеке кеткен. Таңмен таласа тұрып сиыр сауу, оны табынға қосу секілді бітіп бермейтін күйкі тірліктің соңында жүріп күнін батырады. Сөйтіп жүріп атқа да мінеді, жүген де түйеді... Керек болса, қайыстан таспа тіліп, қамшы да өріп береді.

Қызық. Бұл үйдегі жануар біткен адам тілін түсінетіндей. Жануар біткен деп отырғаным, бес-алты мысық, төрт ит, тауық-қаз, қой-ешкі, жылқы-сиырға дейін бар. Бірақ маңайы тап-тұйнақтай, тап-таза. Таңғалғаным, ойнақтап жүрген құлындары жат десе жатады, шап десе шабады. Бір уақытта жабық қорасынан есік пен төрдей Орлов тұқымдас мініс атын алып шығып, ерттеді.

– Табынға сиыр қосу, кешкісін күтіп алу – мен үшін бір демалыс. Себебі атпен серуендеп қайтамын. Соның өзі өмірдің бір рақаты, – дейді жылы жымиып.

Табын келгенше деп, ақбоз атын өзенге апарып шомылдырды. Гүбір-гүбір етіп, тұлпарына әңгімесін айтты. Бір-бірін түсінетіндей. Қандай атбегі­лер­ден атқа деген мұндай махаббатты байқамаппын. Әй, бірақ, сондай сұлу да кербез жануарға қалай ғана мейіріміңді төкпейсің. Бітімі бөлек асыл тұқымды бұл жылқы XVIII ғасырдың екінші жартысында, қазіргі Воронеж облысында өсірілген екен. Орлов жылқысының тұқымын шығаруда граф А.Орлов және атбегі В.Шикин көп еңбек сіңірген деседі деректерде. Орлов жылқысын алу үшін сол кездегі жылқылардың ең жақсы деген тұқымдары пайдаланылған. Кейін тәжірибе жүргізе отырып, ең сымбатты, жұмысқа мықтысын таңдаған. Сынақ жұмыстарын жүргізу үшін ауыр арбаға жегіліп, алыс шақырымдарға жолға шыққан. Сол сияқты ондаған сынақтардан өткізіп барып, Орлов тұ­қымын шығарған екен. Сол заманның атбегілері әр күнгі жұмыстарын қағаз­ға түсіріп отырған. Нәтижесінде, басы үлкен, түгі тақыр, шоқтығы биік, арқасы тегіс, аяқ сүйектері жуан, аққу мойынды жылқы өсіріп шығарған. Бүгінде тұқымы сиреп бара жатқан көрінеді. Асыл тұқымды сақтап қалу үшін Татьяна Котова жыл сайын төлін алып, бағып-қағып отыр. Алайда жем-шөп, жайы­лым жағынан қысылатын секілді. Неге дегенде, көбейту оңай, асырау қиын деп қалды бір сөзінде. Десе де, көңіл күйі үнемі көтеріңкі жүретін Татьяна үшін алынбайтын қамал жоқтай көрінді. Нәзік жанды болса да шаруасын дөңгеле­тіп, шығармашылығын ақсатпай қоңыр тір­лік кешіп жүр. Аудан, облыс деңге­йін­де көптеген көрмелерге қатысқан. ­Жеке көрмесін өткізер күн де алыс емес сияқты.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Шемонаиха ауданы,

Выдриха ауылы