• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Таным 31 Шілде, 2022

Киелі жауырынды музейге аманаттады

410 рет
көрсетілді

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қоры ерекше жәдігермен толықты. Сонау XVIII ғасырда өмір сүрген емші, көріпкел, жауырыншы Бибісара – Сары бәйбіше ұстаған қойдың жауырынын ұрпақтары музейге тапсырып, жергілікті ғалымдарға оны зерттеп, құпиясын ашуға аманаттады.

Атақты жауырыншының ұрпағы Бауыр­жан Тәшімов бұл жәді­гер оның үйін­де жарты ғасырға жуық сақталып кел­ге­нін жеткізді. Соңғы уақытта жауырынға сұрау салушылардың көптігіне байла­нысты оны музей қорына әкеліп тапсыруды туыстарымен ақылдасып шешіпті.

Сары бәйбішенің шын есімі – Бибісары, ауыл-аймақ «Сары ана», кейін ол кісінің емшілігі мен әулиелігіне, ел арасындағы абыройына орай «Сары бәйбіше» атап кеткен. Балалық өмірі табиғаты әсем Көкше өңірінде өткен.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің директоры Ербол Қайыров қасиет иесіне қатысты аңыздарды теріп, зерттеп жүрген азаматтың бірі.

– Сары анамыз Ерейментауға қоныс аударып, сонда сырқаттанып қалады. Ауру күн сайын өршіп, өмірден түңіле бастаған шақта, түсіне күміс сақалды әулие еніп: «Бұл жер саған құт болмайды. Еліңді жинап, көш бастап, Сарыарқадан әрі ассаң, Қарағайлы ну орман бар. Сол жер сенің мекенің болады. Үрім-бұтағың өсіп-өніп, көркейесің. Ауруыңнан құлан-таза айығасың. Күнде кешкісін отардың соңында үнемі маңырап келетін сары бас қой бар, сойып, етін елге тарат. Оң жақ жауырыны саған өмірде адасқанда жол көрсетер, ем іздегендерге шипа бергізер қасиетің болмақ. Жауырынды қолыңа алғанда жыбырлап жазу бітер, оны тек сен ғана оқи аласың. Қойды кешкісін сойғандықтан, жазу күн батар алдында ғана пайда болады», – деп аян береді.

Сары бәйбіше әулиенің айтқанын орындап, қазіргі Аққулы ауданындағы Бәйімбет алаңына елін орналастырып, кейін өзі жерленетін жерге қазық қағып: «Мына жерде менің отауым тігілсін, дүниеден өткенде де осы жерге жерлеңдер», деп аманат еткен», – дейді музей басшысы.

Сары бәйбіше жауырынмен тылсым дүниенің тілін біліп, болашақты, ауа райы құбылыстарын болжап, халыққа бағыт-бағдар көрсеткен. Өзінің ақ құранымен халыққа ем-дом жасап, өңірде Домалақ ана атанған. Анамыздың алдына бір перзентке зар болған жас жұбайлар, бойын дерт буған сырқаттар келетін, тіпті дуаланған жандарды да барып емдеген.  

 

Мұрат ҚАПАНҰЛЫ,

журналист

 

Павлодар облысы