Қазақстандық екінші деңгейлі банктердегі салым көлемі азайып жатыр. Соңғы бір айда депозиттік портфель 558,4 млрд теңгеге қысқарған. Қазір қаржы институттарындағы салым көлемі – 24,4 трлн теңге. 558,4 млрд теңге – қайта соншалықты орасан қысқару емес, азаматтар банктерден сәуірде – 738,7, ал наурызда 910,8 млрд теңгені қайтарып алған еді.
Банктердің шаруасы шайқалып, ондағы салымдардың күрт азаюына Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыс тікелей әсер етті. Соғыс басталған ақпан айынан бері қазіргі уақытқа дейін екінші деңгейлі банктерде сақталып тұрған қаражаттың 2,21 трлн теңгесі кері алынған. Мамыр айында депозит базасының өсімі 11 екінші деңгейлі банкте ғана сақталыпты. Соның өзінде аталған 11 банктің төртеуіндегі өсім деңгейі тұрақты емес.
Салым портфелінің айлық өсімі бойынша «Банк Хоум Кредит» белсенді түрде көш бастап тұр. Көктемнің екінші айында бұл банктегі салымға 182,5 млрд теңге қосылып, 350 млрд теңгеге жеткен. Бұл банктің салым бойынша бөлшек сегментте де, корпоративті сегментте де ұпайы түгел. Бір ай ішінде жеке тұлғалар 9,5 млрд теңге әкеліп салса, заңды тұлғалар 173 млрд теңге қосқан.
Мұндай динамика негізінен екі фактормен байланысты. Біріншіден, «Банк Хоум Кредит» бұдан былай ресейлік компанияға тәуелді емес, тікелей чехиялық PPF холдингі мен Home Credit халықаралық тобына тиесілі. Бұл топ ресейлік активтерден түгелдей арылды. Яғни бұл – біздің елде жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың қызығушылығын тудыра алатын, тиісінше Еуропа елдерімен байланыста жұмыс істейтін отандық бизнестің де ынтасын туғызатын Қазақстандағы алғашқы еуропалық банк. Аталған банкте бизнес салымдарының күрт көбеюіне екінші себеп – санкцияға ұшыраған ресейлік еншілес банктердегі салымдардың жаппай алынуы. Олар «Банк Хоум Кредитті» өздеріне таныс ұйым деп санайды және өзге ресейлік қаржы институттары сияқты шектеуге ілінбегені де олардың сенімін оятады, дейді сарапшылар.
Салым динамикасын ұстап тұру бойынша екінші орында – «Банк ЦентрКредит». Мамыр айында бұл банкке 95,2 млрд теңге келіп қосылған. Соның ішінде 45,2 млрд теңге – жеке тұлғалардың еншісінде болса, 50 миллиарды – заңды тұлғалардың қаржысы. Үшінші орында – Kaspi Bank. Бір айда қаржы институтының депозиттік шотына 77,2 млрд теңге салынған. Сөйтіп, жалпы салым деңгейі 3,06 трлн теңгеге жеткен. Сонымен қатар ТОП-5 қатарында «Еуразиялық банк» (+ 35,1 млрд теңге) пен Altyn Bank (+ 25,1 млрд теңге) бар.
S&P Global Ratings агенттігінің сарапшылары Қазақстанда банк секторының поляризациясы күшеюі мүмкін екенін айтады. Олардың болжауынша, биыл да нарықтағы қатаң бәсекелестік жалғасады. Қазір қазақстандық банктердің несие портфелінің ІЖӨ-дегі үлесі 25 пайызға жуықтайды.
«Қазір ірі банктер жылдам өзгеріп жатқан нарықтық жағдайларға бейімделу үшін алдыңғы қатарлы жүйелер мен технологияларды дамытуға белсенді инвестиция құйып жатыр. Шешімтал әрекеттерді қабылдауға дайын болу олардың бизнесіне оң әсер етуі мүмкін, ал шағын банктер бәсекелестік күшейген ортада тартымдылығы азырақ нарық сегменттерінде жұмыс істеуге мәжбүр болады», дейді агенттік сарапшылары.
Халықаралық агенттіктің есептеуінше, Қазақстанда жұмыс істеген үш ресейлік еншілес банк – «Сбербанк Қазақстан», «Альфа-Банк» және ВТБ Банкке елдегі бүкіл депозиттің 14 пайызы тиесілі болған. Алайда санкцияларға байланысты аталған қаржы институттарының нарықтағы қызметі шектелгеннен кейін үшеуінің отандық банктер депозитіндегі жиынтық үлесі 2 пайызға әрең жеткен.
Еске салайық, қазір Қазақстанда 22 екінші деңгейлі банк жұмыс істейді, оның 13-і – шетелдіктердің қатысуымен болса, соның 10-ы – еншілес қаржы ұйымдары.