Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсонның қызметінен кететіні белгілі. Соған байланысты Консервативтер партиясы өзара дауыс беру рәсімін өткізген-ді. Ақырғы кезеңге екі үміткер шығып отыр. Олар: сыртқы істер министрі Лиз Трасс пен Қаржы министрлігінің экс-басшысы Риши Сунак. Үкімет басшысы ауысқанымен, Ұлыбританияда «Брексит» жыры әлі бітер емес. Таяуда екі үміткер арасында өткен дебатта да бұл мәселе талқыланды.
Мәселенің бәрі Ирландия мен Солтүстік Ирландия шекарасына келіп тіреледі. Оқырманға түсінікті болу үшін «Брексит» жайында өткенге шегініп, баяндай кетсек. 2016 жылы Тұманды Альбионда Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуына қатысты жалпыхалықтық референдум өтіп, кәрі құрлықпен қоштасуды аңсайтындардың үні басым шыққан-ды. Алайда дауыс беру мәселені шешудің орнына, көптеген түйткілдің шетін қылтитты. Әсіресе Еуроодақтан шыққаннан кейінгі жағдай көп талқыланды.
Референдумнан кейін ел тізгінін қолына алған Тереза Мэй де Брюссельмен келісе алмай, қызметінен бас тартқан. Содан кейін премьер креслосына жайғасқан Б.Джонсон елде парламенттік сайлау өткізді. Дауыс беру нәтижесі бойынша оны қолдайтындар басым түскен. Осылайша, Лондонның экс-мэрі өз мақсатын орындауға түбегейлі кірісті.
Айтпақшы, Брюссельдегі атқамінерлермен басы піспеген Ұлыбритания басшылары «Брексит» мерзімін бірнеше рет ұзартты. Межелі уақытта түк тындыра алмаған ағылшындар Еуропалық одақтың астанасы Брюссельден 2020 жылғы 31 қаңтарға дейін мұрсат сұраған. Көп ұзамай ЕО екіжақты келісімге енжарлықпен қол қойды. Осылайша, пәленбай жылға созылған «Брексит» ақыры аяқталғандай көрінген. Бірақ бұл – мәселенің басы ғана екен.
Көп ұзамай-ақ түрлі деңгейде қиыншылыққа кезікті. Соның ішіндегі ең бастысы – Ирландия мен Солтүстік Ирландия шекарасы. Өйткені олардың бірі – Одақ құрамындағы тәуелсіз мемлекет, екіншісі – Ұлыбританияның әкімшілік аймағы ғана. Бірақ екі елдің арасындағы шекара құжат жүзінде ғана. Әйтпесе, халықтың ауылы аралас, қойы қоралас болып кеткелі қашан!
Мәселен, дәл шекарада британиялық жағы Белку, ал ирландиялық жағы Блэклайон деп аталатын ауыл бар. Екі ортаны Белку өзені бөліп жатыр. Ауылдың тұрғындары да көп емес. Белкуде бес жүзге жуық, Блэклайонда үш жүзге жуық адам мекендейді. Елді мекендегі жалғыз ет дүкені ирландиялық тарапта орналасқан. Ал шаштараз, шаруашылық дүкені Ұлыбритания аумағында тұр. Тұманды Альбионда мұндай елді мекендер жетіп артылады.
Бұл түйткілді оңтайлы шешу үшін Еуропалық одақ та, Ұлыбритания да «Белфаст келісімін» сақтауға талпынды. Естеріңізде болса, XX ғасырдың екінші жартысында Ирландия аралында қақтығыс өрті өршігені белгілі. Таразының бір басында Ирланд республикалық армиясы (IRA) Ирландияның бірігуі және британиялық басқаруды тоқтату үшін күрессе, келесі жағында Ұлыбритания қарулы күштері мен лоялистер тұрды. Қақтығыстың өршігені соншалық, адам ұрлау, партизандық соғыс, кек қайтару күнделікті жағдайға айналып кеткен-ді. Шиеленісті реттеу үшін 1998 жылы «Белфаст келісіміне» қол қойылды. Соған сәйкес екі тарап та қарулы қақтығыстарды тоқтатып, 30 жылға созылған текетіреске нүкте қойды.
Тараптар осы келісімді сақтап қалу үшін «Брексит» аясында «Солтүстік Ирландия протоколына» қол қойған-ды. Аталған келісімге сәйкес, Солтүстік Ирландия мен Ирландия арасында шекара болмайды, құжат тексеру, камералық бақылау орнатылмайды. Яғни Солтүстік Ирландия тұрғыны (Ұлыбритания азаматы) Ирландияға (Еуропалық одақ құрамында) өте қалса, ешқандай кедергі көрмеуге тиіс.
Бірақ қағаз бетінде оңай көрінгенімен, іс жүзінде мұны жүзеге асыру қиынға соқты. Тауарларды жеткізуге байланысты көптеген дау туды. Мысалы, Еуропалық одақ ысталған ет секілді өнімдерді ұйымға мүше емес мемлекеттерден әкелуге тыйым салған. Солтүстік Ирландия ресми түрде одаққа кірмейтіндіктен, Ұлыбританиядан әкелінетін мұндай тауар өңірге кірмей қалуы мүмкін. Бұл мәселені шешу үшін Борис Джонсон «Солтүстік Ирландия протоколына» өзгеріс енгізуді көздеген еді. Бірақ мұны Брюссельдегі шенеуніктер жақтырған жоқ. Ел ішінде де осы келісімге байланысты Борис мырза жиі сынға ұшыраған еді.
Қазіргі таңда премьерлікке таласып отырған Лиз Трасс пен Риши Сунактың да «Брекситке» қатысты көзқарасы екі түрлі. Кезінде Элизабет ханым Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуына қарсы болған еді. Алайда референдум өтіп, халық қарт құрлықпен қоштасуды қолдаған соң Л.Трасс пікірін өзгертті. Енді ол қалай да «Солтүстік Ирландия протоколы» ратификациялауды ұсынып отыр. Сарапшылар Элизабет ханымның мұндай ұстанымын үкімет басшысы атануға ұмтылысымен байланыстырады. Риши Сунак та бұл келісімді қолдайды.
Бірақ протоколды рәсімдегенмен, мәселенің түбегейлі шешіле қоюы екіталай. Шекараның басқа бөлігінде де түйткілдердің түйіні тарқамай тұр. Мәселен, қазіргі таңда Ұлыбританияның экспорт көлемі айтарлықтай азайған. Тіпті жергілікті сұраныстың артуы да өндіріс иелерінің қалтасына түсетін қаржыдан қағылуын тоқтата алмаған көрінеді. The British Chambers of Commerce жүргізген зерттеуге сүйенсек, елдегі 2 600 экспортшының табысы бірнеше есеге азайған. Мұның басты себебі ретінде Еуропалық одақпен арадағы кедендік бақылау мен шекарадағы ұзын-сонар кезекті айтып отыр.
The British Chambers of Commerce-тің сауда саясаты жөніндегі бөлімінің басшысы Уильям Бэйннің айтуынша, былтырғы жаздан бері Ұлыбританияның қарт құрлыққа жеткізетін тауар көлемі төмендеген.
«Тауар жеткізу тізбегінің бұзылуы, бағаның өсуі және Brexit бюрократиясының әсері мен шығындардың артуы экспортқа, әсіресе пандемиядан зардап шеккен шағын өндіріс ошақтарына кесірін тигізіп отыр», дейді Уильям Бейн.
Расында, қазір Довердегі кедендік бақылау аймағында ұзын-сонар кезек қалыптасқан. Бұған дейін Ла-Манштың астымен еркін тасымалданған тауарлар енді ұзаққа созылатын тексерістен өтеді. Әлбетте, бұл қозғалысқа кедергі келтіретіні айтпаса да түсінікті. Осыған байланысты Тұманды Альбиондағы экспортшылар үкіметтен әрекет етуді күтіп отыр.
Довердегі порт «Брекситтен» кейін демалыс күндері шамамен 140 мың жолаушы, 45 мың жеңіл көлік және 18 мың жүк көлігін өткізуге ғана қауқарлы. Порт әкімшілігі 2020 жылы үкіметтен инфрақұрылымды жетілдіру үшін 33 миллион фунт-стерлинг сұраған еді. Бірақ Ұлыбритания парламенті мұны қабылдаған жоқ. Сөйтіп, небәрі 33 мың фунт-стерлинг қана берген.
Осылайша, «Брексит» мәселесі әлі талайға дейін жыр болатын түрі бар. Бірнеше жыл сыртқы істер министрі қызметін атқарған Лиз Трасс үкімет тізгінін қолына ала қалғанда Брюссельмен қалай келісімге келетіні түсініксіз. Өйткені Еуропалық одақ «Солтүстік Ирландия протоколын» орындамағаны үшін Ұлыбританияға ашулы. Алда-жалда мұның шешімі табылмаса, Тұманды Альбион мен қарт құрлықтың арасында сауда соғысы туындауы әбден мүмкін.