Ақтауда түн ортасында басталған жаңбыр ертесіне түске дейін тоқтаусыз жауып, шөл мен аптап ыстықтан арса-арса болған тал, өсімдік біткен жаңара бір жасап қалды. Тұрғындардың қуанышы өз алдына. Бірақ Ақтау көшелерінің телегей суға кетуі, сондай-ақ кейбір үй төбелерінен ішке су ағуы тұрғындарды біраз әбігерге салды.
Бұл жаңбыр жаумаса, «қуаңшылық» деп қынжылатын, жауса, «су алды» деп байбалам салатын мазасыздықтың, берекетсіздіктің әңгімесі емес. Расында, Ақтауда жаңбыр жауса, көше бойының көлге айналуы үлкен мәселе туындатып келеді.
Мамандардың айтуынша, облыстың батыс бөлігінде бір күнде 13 мм-ге дейін жауын-шашын түскен, ал норма бойынша жауын-шашынның айлық мөлшері 10-13 мм құрайды. Демек бір тәулікке жетпейтін уақытта бір айлық жаңбыр мөлшері түсіп үлгерген кешегі жауында көліктер қайықша жүзіп, нөмірлерін жоғалтып әлекке қалды. «Қала жолдары» ЖШС жұмысшылары жолдарға жиналған суды сору жұмыстарына күшейтілген режімде кірісті.
Жаңбырдың жаууы – жақсылық, әсіресе маңғыстаулықтар үшін. Әйтсе де, өңірде жаңбырдан туындауы мүмкін келеңсіздіктердің алдын алу шаралары мүлдем жоқ деуге болады. Ақтаудың байырғы көшелерінде суағарлар әу баста қарастырылмаған, ал кейінгі жылдары салынған жаңа шағын аудандарда суағарлар – арнайы арықтардың болмауына не себеп?
Ақша үнемдеу ме, әлде салғырттық па? Жаңбыр көбірек, қаттырақ жауса суға толып шыға келетін бұрынғы көшелерде жіберілген қателік неге сабақ болмаған? Ақша демекші, су сору жұмыстарына қанша қаражат шығындалады? Ал жаңбыр жаумаған кездері тал суаруға су табу үлкен мәселеге айналып тұрған Ақтауда жаңбыр суын игерудің әдісі неге қолға алынбайды?
«Ақтауда дренаж мүлдем қарастырылмаған. Асфальттарға жиналған есіл су, оны келіп шүртитіп сорғымен сорып жатады. Табиғатпен күресу қашанда көп шығынға әкеледі. Сол себепті табиғатпен күреспей, ыңғайлы тұсын табу керек. Мысалы, әу бастан жол жиегіндегі жасыл желек ой жерде отырғызылуы керек. Жауын-шашын сол ойпаң жерлерге ағып кетеді, демек еш шығынсыз жасыл желек қосымша тағы суарылып қалады. Бұл – жылына бірнеше рет жаңбыр жауатын Маңғыстау үшін таптырмайтын өмірлік маңызы бар әдіс. Сонымен қатар қажетсіз жерге жиналған суды тазарту жұмыстарынан қала бюджеті тағы артылады. Бір оқпен екі қоянды атады деген осы. Қазір Ақтауда қалай? Асфальттың екі жағындағы бордюрларды сықитып бітейді, одан қалса, қапталдағы алаңқайларға бордюрдан биіктетіп топырақ толтырады да, соған барып тал отырғызады. Ол жерлер шартты нөлдік белгіден биік болғасын үнемі тобарсып, тез эрозияға ұшырап қана қоймай, суарылғаннан кейін де тез кеуіп кетеді. Бір былқып жатқанын көрмейсің. Сосын асфальтқа жауған жаңбыр қайда кетсін, көл болып жол бойында тұрып алады. Ол өз кезегінде қымбат асфальтты тағы құртады. Өзі маусымында жылына 3-4 рет жауатын жаңбыр, оны да игере алмайды», дейді бұл туралы желіде Д.Мырза.
Расында, бізде жыртықты жамау, бір нәрсені екінші бір қажеттілікке жарата қою деген тиянақтылық жетіспейді. Бұрын бабаларымыз қарды үйіп, сыртын топырақпен жапсыра қаптап тоқтатқан қар шілдеде пайдаланған және жаңбырдың суын арнайы ыдыстарға құйып немесе тоғандарға бөгеп қажет кезінде шаруасына жаратқан. Бізде қазір су тапшылығы сезілсе де анда-санда ағыл-тегіл жауған жаңбырға жаурап, қыруар қаржыны көшеден бірнеше мыңдаған текше метр суды сорып алып, далаға шашамыз. Кейінгі жылдары салынған көшелерде суағарлардың жоқтығы, су соруға жұмсалатын қаржылық шығын, сол шығынмен сорылған судың пайдаға жаратылмауы – тиянақтылықтың, тіпті жауапкершіліктің жоқ екенін көзге көрсетіп-ақ тұр. Әзірге көңілді көншітер келісті іс көрінер емес...
Маңғыстау облысы