Қала көшелерінде электрсамокатпен зулай жөнелгендерге көз үйрене бастады. Алғашқыда қызыға қарайтын едік. Кейінгі кезде «самокат» тізгіндегендердің қатысуымен жол-көлік апаттары жиілеп кетті. Тәртіп сақшылары да оны тізгіндегендерге жылы қабақ танытпайды. Былтыр елімізде электрсамокаттардың қатысуымен 68 оқыс оқиға орын алып, 1 адам қаза тапқан, 70 кісі жарақаттанған. Ал жыл басынан бері 41 оқиға тіркеліп, бір адам жан тапсырып, 40 адам зардап шеккен.
Жүрмейтін жері жоқ...
Алыстан мысал іздеп керек емес. Осыдан 4-5 күн бұрын Алматы қаласында самокат мінген әйел көлік есігіне соғылып, ауруханада қайтыс болды. 27 жастағы қыз электрсамокатпен жолда көлік арасымен келе жатқан. Кенеттен «Nissan Patrol» көлігінің есігі ашылған. Сол кезде самокат мінген қыз тоқтап үлгермей қатты жылдамдықпен есікке соғылған. Жарақат алған қыз дереу ауруханаға жеткізілгенімен, бірнеше сағаттан кейін қаза тапты.
Электрсамокат сатып алуға екінің бірінің жағдайы келе бермесе де, жыл сайын қала көшелеріндегі оны тізгіндегендердің үлесі артып келеді. Аталған көлік құрылғысы әу баста көбіне алматылықтардың қызығушылығына ие болған-ды. Бұл түсінікті де. Кептелістен құтылудың амалы ғой. Мұндай оңтайлы мүмкіндікті мүлт жібермейтін пысықай кәсіпкерлер самокаттарды жалға беру орындарын ашуға асықты. Алматылықтар жаппай Eleven, Ozim, Jet секілді электрсамокаттарды жалға ала бастады. Көлік кептелісі елордалықтардың да жүйкесіне әсер етіп, бас қаланың тұрғындары да самокатпен сабыр сақтауға ұмтылды.
Төрт түліктің саны артса, жер мәселесі алдан шығатынын білеміз. Сол секілді «самокаттардың» саны артқан сайын проблемалар да туындай бастады. Әсіресе жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Бұл проблема қоғамда қызу талқыға түсіп, соңғы 3 жыл бойы барлық тараптан ұсыныс-тілек ағылған. Былтыр сенатор Нұртөре Жүсіп өзінің депутаттық сауалында электрсамокат, гироскутер тек олардың иелерінің ғана емес, жаяу жүргіншілердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін айтқан еді.
– Өздігінен жүретін машиналардың жылдамдығы өте жоғары және ол тротуардың кез келген нүктесінде пайда болуы мүмкін. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті мұндай құрылғылардың қатысуымен болған оқиғалардың ресми статистикасын жүргізбейді. Электрсамокаттар, самокаттар, гироскутерлер қазір азаматтардың өміріне қауіп төндіретін жағдайға тап болды. Ведомстволық деректер бойынша 8 айда осындай құрылғылардың қатысуымен 387 оқиға тіркелді, 25 адам қаза тапты, 411 адам жарақат алды, – деді Н.Жүсіп.
Сенатордың айтуынша, «Жол қозғалысы туралы» заңның 64-бабына сәйкес аталған құрылғылар уәкілетті органда мемлекеттік тіркеуге жатпайды. Қазіргі уақытта нормативтік актілерде осы типтегі құрылғылардың жіктелуі жоқ. Ішкі істер министрлігі электрсамокаттарын кез келген көлік құралына, мысалы, мопедтерге немесе скутерлерге тағайындау бірқатар техникалық айырмашылық пен пайдалану ерекшеліктеріне байланысты мүмкін емес екенін айтады.
– Кеден одағының доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы техникалық регламентіне сәйкес, жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарда пайдалануға арналған кез келген көлік құралы жақын және алыс жарықпен, жарық шағылыстырғыштармен, бұрылу көрсеткіштерімен, габаритті жарықтандырумен, тежегіш сигналымен, спидометрмен және бүйір айналармен жарақтандырылуға тиіс. Бізде олардың ешқайсысы жоқ, қалай?
Көрсетілген құрылғыларға тиісті жіктеудің және техникалық талаптардың болмауы мұндай құралдарды басқаратын тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін заңнамалық түрде бекітуге мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ техникалық реттеудің қажетті әдістерін, нарықтағы айналым немесе пайдалануға беру қағидаларын, қауіпсіздік талаптарын, сәйкестікті бағалау рәсімдерін, таңбалаудың бірыңғай талаптарын белгілеу қажет. Осыған байланысты электр самокаттарын әкелу мен қауіпсіз пайдалануды құқықтық реттеу қажет деп санаймыз, – деген еді Н.Жүсіп.
Қазір стандарт әзір
Бүгінде Ішкі істер министрлігі электрсамокаттардың қозғалысын реттейтін стандартты әзірлеп үлгерген. Атап айтсақ, 1 шілдеден бастап елімізде электросамокаттардың техникалық сипаттамасын анықтайтын ұлттық стандарт күшіне енді. Әлі күнге дейін мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, урбанистер, қарапайым тұрғындар тарапынан ұсыныстар түсіп жатқан көрінеді.
ІІМ Әкімшілік полициясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Жандос Мұраталиевтің айтуынша, өтініштер жіті назарға алынып, жыл соңына дейін Заңға өзгерістер енгізу бойынша нақты қадамдар жасалмақ. Бір анығы, ендігі жерде 16 жасқа толмаған жасөспірімдер самокатты тізгіндей алмайды. Самокаттардың жарықтандырылуы да – басты назарда.
– Электрсамокаттардың орташа жылдамдығына қатысты мәселе бар. Бұл мәселе бірінші жыл талқыланып жатқан жоқ. Аталған проблема Алматыда басталды. Себебі қаланың басым бөлігі электрсамокат қолданушылары атанды. Біз 3 жыл көлемінде бұл түйткілді талқылап, заң жүзінде өзгеріс енгізуді жөн көрдік. Электрсамокаттарға қатысты стандарт қабылдауды дұрыс деп санадық. Жыл соңына дейін жол қауіпсіздігі туралы заңдарға және Әкімшілік кодекске өзгертулер енгіземіз.
«Самокаттардың» түрлері, жүргізушісіне берілетін мәртебе және оның міндеттері мен құқығы секілді талаптар көрсетіледі. Бұл нормаларды басқа мемлекеттік органдар мен қоғам белсенділері талқылайды. Электрсамокатын қолданушылардан жүргізуші куәлігі сұралмайды. Алайда самокат айдаушылар жолға, қоғамдық көлік жолағына шықса, жасы 16-ға толуы керек. Электрсамокаттарда міндетті түрде жарық болуы қажет. Қалған талаптарды заңға өзгерістер енгізу кезінде талқылаймыз, – деді Ж.Мұраталиев.
Жалға беретіндердің жағдайы жақсы
Электрсамокаттардың қозғалысын реттейтін өзгерістер оны жалға беретін компанияларға салқынын тигізбейтін сияқты. Әлеуметтік желілерді шолып отырып, Jet Sharing электрсамокаттарды жалға беру компаниясы басшылығының пікірін көзіміз шалды. «Жаңа стандарт халықаралық тәжірибеге негізделген соң иелігіміздегі электрсамокат құрылымына өзгеріс қажет емес. Себебі біздің компания ең заманауи шерингтік самокаттарды пайдаланады. Ол сигналдық дыбыспен жабдықталған, ең жоғары жылдамдық 25км/сағ-пен шектелген. Сондықтан біздің тарапымыздан ешқандай жаңалық енгізілмейді», дейді компания басшылығы.
Jet Sharing самокаттары Қазақстан, Грузия, Армения, Сербия, Беларусь, Қырғызстан елдерінде қызмет көрсетеді. Елімізде 300 мыңнан аса пайдаланушысы бар екен. Компания басшысының сөзіне сүйенсек, қалалардың көлік жүйесінде электрсамокаттар өзіндік маңызға ие. Компания өкілдері Алматы қаласы бұған дәлел бола алады деп есептейді. Бірақ Нұр-Сұлтан қаласында велоинфрақұрылым енді дамып жатқандықтан, электрсамокатты қаланың көлік жүйесіне толыққанды енгізу әзірге қиынға соғып тұр. Ірі қалаларда самокаттардың қажеттілігі қала тұрғындарының санына қарай есептеледі екен. Мысалы, инфрақұрылымы қатты дамымаған Түркияда «200 тұрғынға – 1 самокат» формуласы қолданылады. Ал Еуропа елдерінде 100-140 тұрғынға бір электрсамокаттан келеді.
Қорыта айтсақ, электрсамокаттардың қозғалысын реттейтін заң жобасы дер кезінде қабылданбақ. Әрине, бұл мәселе ерте қолға алынғанда бәлкім бірнеше адамның өмірін сақтап қалар ма едік, кім білсін?! Әйтсе де, ештен кеш жақсы. «Самокатқа» арнайы жол салынбайтыны бірден айтылды. Ендеше, құқықтық жауапкершілікті арттыратын қадамдарға барған жөн. Өз денсаулығы былай тұрсын, өзгенің өміріне қауіп төнетінін ескерсек, заң жобасында шикілікке жол берілмейді деп сенеміз.