Мағжан Түркістанды жырласа, Жәркен Шығыс Түркістанды көп жырлайды. Мағжанның бір қиыры іспетті. Түркістан, Тұран деген түркінің қара шаңырағы, өлмес мұрат, сөнбес шырақ біз үшін. Біз ғана емес, түбі бір түркі жұртының көкейінен өшпейтін атажұрт жан-жақтағы бауырлас елдердің сана түкпірінде жеке-дара ұғымға айналып кеткен. Сонау Қазтуған, Доспамбет жыраулардың шығармаларынан, тіпті олардан да әріден тамыр тартады.
«Қоғалы көлдер, қом сулар біткен қоныстарын өкінбестей» жырлап кеткен Доспамбет жырау «Азау, Азау дегенің Әл-Ғұсман патша жұрты екен» демей ме? Қазтуған жырау «Алаң да алаң, алаң жұрт, ақала ордам қонған жұрт» деп Еділін жырласа, Жәркен Шығыс Түркістанда қалған Жайыры туралы толғайды. «Жайыр, Жайыр дегенім – Ежелгі Шығыс Түркістан, байырғы атамекенім – Сарыарқаның жалғасы...» дейді. Мағжанды жоғарыда айттық, күллі Тұранды қозғайды. Аталған төрт-бес авторды қуалап келгенде қазақ жырының алтын тамыры көрінеді. Жыраулар поэзиясын біліп, Жәркенді оқыған қазақ көп сырға қанығады. Жұрттың Жәркен жырау атауы тегін емес ақынды.
...Әдеби ортаға таныла бастаған жас ақын Жәркеннің «Туған жер» өлеңіндей туынды жоқ дейді. Онысына сүйсінбейтін қазақ жоқ дейміз біз де. Туған жер, атақоныс ұғымдары қазақ санасында культке айналып кеткен. Көз ашқалы ел мен жер деп өмір сүріп келе жатқан қазақтай ұлт мұндай өлең тудырмай қоймайды және оны Жәркен жыраудың аузына салды Алла. Жан-жүрегі, жұлын-жүйесімен туған даласына айналып кеткен ақынның өзі де аузын ашса, ұлттың сөзін сөйлейді. «Туған жердің доңызы, қан-жоса ғып жарып кет. Туған жердің қоңызы, домалатып алып кет». Бұдан артық не деуге болады?!
Ақынның Жайыр туралы жырлары, «Туған жері», «Бозторғай», «Тобылғысы», әрқайсысы өзінше оқыранып, бөлек-бөлек, шоқ-шоқ болып дараланып тұрғанымен, бұлардың бәрі бір-ақ өлең білгенге. Өзегі бір. Және осылардың арасында шиыршық атып, шырқау биікке немесе шым тереңге батыратын бір өлең – «Қазақ». Қазақ поэзиясында Жәркен жыраудан кейінгі буынның біразына әсер еткен туынды деп білеміз. Бұрын да жырланған тақырып қой десек те, ақын тіліндегі ұлттық құнар мен өлең топырағының майы, үлкен оқиға, ұлы сынды өткеріп жеңген батыр ажалының жәндіктен болғаны дүниені тарының қауызына сыйдырып жібергендей жайға көмеді. Сөйтсе де, батырдың өлімі әйгілі, ұлы оқиға ретінде жырда сақталып қалды.
«Түп-түгел төрт аяғы тағаланған, астында ұзын сары ат жалы ағарған. Үстінде – жылан түсті жеңсіз берен, қолында – алмас қылыш қалап алған» қазақ батыры қан майданға кірді деңіз атойлап. Осы жалғыз шумақтың өзі қазақ тілінің құнарын әйгілейді. «Жылан түсті сауыт киген ақжал атты» қазақ батыры қалың жауға тимес бұрын жекпе-жекте қарсы жақтың батырының басын допша домалатып түсіреді. Одан соң кескілескен қалың жауды тойтарып жүріп, жараланып шығады. Жаралы жауынгердің есеңгіреп келе жатқан кезі әсерлі суреттеледі: «Қағылған қас жауына Шеге Батыр, өзі де жараланып келе жатыр. Теңіздей сапырылған құм ішінде, кемедей теңселеді кемел ақыл...». Батыр білек пен жүректің ғана иесі емес, соңынан қол ерген, қысылғанда қиыннан жол тапқан ақылдың да иесі. Әл үстіндегі батыр болмысы дәл бейнеленген.
Дәл осы тұста өлеңді оқып отырған адам «Гладиатор» фильмін көрген болса, есеңгіреген батырдың күйін көз алдына анық әкелген болар еді. Кинода дәл сондай көрініс екі-үш мәрте қайталанады себебі. Өлең кинотуындыдан бұрын жазылған және ақын одан да асырып суреттеген: «Кемедей теңселеді кемел ақыл...».
Сөйтіп, келе жатқан батыр ер-тоқымын жастанып жата кетсін. Сәл тынықса, төңкерілген дүние қайта қалпына оралып, бойын жияр деген үміт оқырман ойын кеулейді. Бірақ...
«Өмірдің уға айналып тәтті күйі, ыңыранып қайран боздақ жатты жиі. Қылыш пен Найза өтпеген сауытты ерді, өзегі уға толы шақты бүйі. Кидірді ақ селеуін кебін етіп, сардала – туып-өскен ақтық үйі...».
Алып ақыл мен күштің ажалы осылайша жыбырлаған жәндіктен болғанының өзі қасірет. Жеке бастың емес, ұлттың қасіреті. Соны сезген табиғаттың өзі қападар күй кешіп, өлген иесінің тәнін иіскеп, аты оқыранады. Осының бәрін тізбелеген ақын соңында:
«Иланар шындықты айтса сөзге кісі,
Қазақтың жоқ даладан өзге өрісі.
Өлтірді оны шағып өз бүйісі,
Жеп қойды атын талап өз бөрісі...», дейді.
Өлеңнің қуатын арттырып тұрған да төбесіндегі қазақ деген жалғыз ауыз сөз. Жауын жеңген, елі мен жерін сақтап, болашаққа аманаттаған ер қазақ туған даласына сіңіп жоғалды. Ата-бабаның қаны мен тері, жаны мен рухы сіңген даланың қадір-қасиетіне үңілген сайын махаббатың үдей түседі.
Мақаланың басында Мағжан ақынды тілге тиек еткеніміз тегін емес-ті. Жәркеннің бұл өлеңін оқып отырған жан М.Жұмабайдың «Жаралы жан» атты ұзақ толғау өлеңімен терең байланысы барын бағамдайды. Онда да жапан далада қансырап бір жаралы жан жатқаны және соның зары айтылады. Қансырап қалған кім десеңіз, «бұл – қазақ, Тәңірге зар еткен қазақ! Қиналып, қанды азап шеккен қазақ», дейді Мағжан. Ақырында өлмелі күйде жатқан қазаққа жаның ашыса, жұмақтың суын апар, болмаса ібіліс болып у беріп өлтір деп түйіндесе, Жәркеннің қазағын өз жерінің бүйісі шағып өлтіреді. Екі өлең бір-бірін толықтырады. Өз топырағының жәндігі шақпағанда Жәркеннің қазағы мүмкін өлмес пе еді? Қорытынды оқырман еншісінде.