Жайық жұрты Ғұбайдолла Хибашевты жақсы біледі. Бүгінде сексеннің сеңгіріне келген, «КСРО үздік мәдениет қызметкері», «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, Ақжайық ауданының құрметті азаматы ағамыздың әндерінің әуеніне тербеліп, бірнеше ұрпақ өсіп шықты.
Ғұбайдолла Хибашев – балалығын сұм соғыс ұрлаған ұрпақтың өкілі. Ғұбайдолла ағамызбен замандас, тағдырлас талант, дана Қадыр бір өлеңінде: «Үлкендерге ұқсамаған ештеңеміз қалмады, бұтымызға кигеніміз әкеміздің шалбары», деуші еді ғой? Міне, сол күй, сол жағдай айнымастан біздің кейіпкердің де басынан өткен! Қанды соғыс қайнап тұрған 1942 жылдың қара суық қарашасында шыр етіп дүние есігін ашқан пәк сәби әкесін көрген жоқ. Базартөбенің қырындағы Сопы құмын жаңғырта келген сәбидің даусын есту әкеге жазбапты. 1944 жылы соңғы хаты келген әке ақыры хабарсыз кетті... Қанқызыл күн батар тұсқа елеңдеумен, қайран Ана да өмірден өтті.
Ғұбайдолла аға айтады-ау: «Шиіттей шикі балаларды шырылдап жүріп, жалғыз жеткізген анамыз 2005 жылы дүниеден өткенше, өткен өмірімді айтып ешкімге өксіген емеспін. Кешегі қасаң заманда соған қызығушылық танытқан жан да болған жоқ. Мойныңдағы міндетті жұмысыңды дұрыс атқарсаң – жақсысың, атқармасаң – жамансың. Сол кездегі өкімет пен партияның ұстанымы осы болатын. Әрине, туғанымды көрген көзі тірі қариялар, өзіммен тел өскен «жетімдер армиясы» қадірлейтін, сыйлайтын. Күні кешегі «жәмән шопыр» баламыз Тайпақ өнерінің тізгінін ұстап жүр – деп мақтанып қоятыны да бар еді! Әсіресе жалаңаяқ тікенек кешкен құрдастарым, марқұм Тілекқабыл, Рамазандардың орны бөлек еді! Соғыс жетімдерінің өзі бірнеше категорияға бөлінетін. Сәл-сәл ауқаты бар ағайының болса, қарының толмаса да, тоқмейіл жүресің. Тілекқабыл құрдасым: «әй, Құбес, мына Рамазан екінші категорияға жатады. Себебі ағайыны болды. Нағыз тұлдыр жетім екеуміз ғой. Не тойып тамақ ішпестен, не бүтін киім киместен, балалықсыз, бірден жігіттікке аман өтіп кеттік, яғни нағыз бірінші категориямыз, деп әзілдейтін. Қайбір жетіскен әзіл дейсіз, балдәуренсіз өткен өксікті жылдардың запыран зары да! Бері келе, өзіңдей інілер сұрай бергесін аздап сыр ашқаным. Әйтпесе, ол заманды онша еске ала бергім келмейді. Елге ортақ ойран еді ғой... Шүкір, ғұмырымның сәулелі сәттері де жетерлік. Одан да сол соңғы жылдар жайлы сыр шерткенді қолай көремін».
Міне, Ғұбайдолла ағамыз осылай дейді.
Әлқисса, Алмалы орта мектебін бітірген бозбала Ғұбайдолла әскерден мақтаулы жүргізуші атанып, абыроймен елге оралды. Міне, нағыз болашақ осы кезде басталды. Ғұбайдоллада Ананың алтын жатырында жатқанда-ақ сіңген бір ерекше қасиет бар-тын. Ол – өзгеге бұйыра бермейтін өрелі өнер еді. Бойда бұғып жатқан тасқайнардай талант бұлағы осы кезде буырқанып шықты да, Ғұбайдолла Хибашев Тайпақ өнерінің теңізінде жүзіп жүре берді. Халық ән-күйге шөл болатын. Өнер өзені өз арнасын жаңа тауып жатқан сәт. Құбекеңе бірден өнер ұжымының жетекшілігі тапсырылды. Содан, сол 1966 жылы есігін ашқан Тайпақ ауданының мәдениет үйінен 1999 жылы зейнетке шығып барып жапты.
Тайпақ мәдениетін 32 жыл өрге сүйреп бақты. Қазақ әдебиетінің классигі, кәдімгі Сәбит Мұқанов «Мойныма шор түсер деп аямай сал, мен сенің өгізіңмін өрге сүйрер» – дегеніндей, ел мәдениетіне өлшеусіз үлес қосты, қосып та келеді. Қосып та келеді дейтініміз, Құбес зейнетке шыққан соң да қарап жата алмады. 1997 жылы Чапаев – Тайпақ аудандары қосылып, Ақжайық атты алып ауданға айналды. Алып емей немене, ару Жайықтың қос қапталын тең жайлап, Орал мен Атырау аймағын қосып жатқан Жұбан елінде 18 ауылдық округ бар. Мұндай аумақты алып жатқан аудан елімізде сирек шығар?! Осы өлкенің өнері де озық. Себебі Ғұбайдолла сынды кәрі тарлан өнерден қол үзген емес. Ағамыз 2006 жылы Ақжайық аудандық мәдени-демалыс орталығына жұмысқа шақырылды. Оған себеп болған сол кездегі өнер жанашыры аудан әкімінің орынбасары Меңзипа Дүйсенбайқызы мен аудандық мәдени демалыс орталығының директоры Ерлан Абайұлы еді. Мұнда 2008 жылға дейін жұмыс істеген ағамыз отбасы жағдайымен Ақсай қаласына ауысты. 2010 жылға дейін Ақсай мәдениет үйінің директоры болды. 2015 жылы Орал қаласына оралған сексен жастағы «шалымыз» әлі жұмыс істейді десем, сенесіз бе? Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, Ғұбайдолла Хибашев бүгінде бір белді мекемені күзетуде! Түр-әлпеті, жүріс-тұрысы Нұрғали Нүсіпжановтан аумайтын ағамыз әлі сергек, «жап-жас»! Кіндігінен өрбіген екі ұл, бір қыз да шетінен өнерпаз.
Ғұбайдолланың композиторлық қыры күллі қазақ білердей, елі ескерердей-ақ! Әттең, музыкалық білім алмай, ел ішіндегі елеусіз талант болып қалған. Бірақ Ғұбайдолла Хибашевтың алты Алашты аралап кеткен шығармасы көп. Мәселен, біздің буын ағаның «Қаракөз қарындасым» атты әнін тыңдап, шырқап өстік. Жергілікті ақын Мәлік Берді Әлінің сөзіне жазылған «Ақжайық – өлкем» әні бүгінде Жұбан елінің әнұранына айналған. Кезінде, 1958 жылы өткен тұңғыш облыстық ақындар айтысының бас жүлдесін алған жерлес, ақын ағамыз Хамит Әбіловтің сөзіне жазылған «Жайықтың ұл-қызын-ай» әні жарты ғасырға жуық ел аузында.
Атақ-мансап қумаған қарапайым өнер өкілінің қадірін туған елі де бағалай білді. 2000 жылы сол кездегі облыстық филармония директоры, өзі де сазгер Донеділ Қажымовтың қолдауымен Орал қаласында үлкен авторлық кеші өтті. Бүгінде Ақжайық ауданында екі жыл сайын Ғұбайдолла Хибашев әндерін орындаушылардың конкурсы өтіп тұрады. Әу баста, аудандық болып басталған ән-жарыс қазір республикалық деңгейге дейін өсті. Алла қосса, биыл да жоспарда тұр.
Ғұбайдолла Хибашевты ұстаз тұтатын, оның қамқорлығын көрген өнерпаздар да аз емес. Алды атақты Көшерғали Макаров – бүкіл Түркі дүниесі жыраулары конкурсының лауреаты болды. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі әнші Сәуле Таудаева, Зияш Аманғалиева, бүгінгі Рүстем Кереевке дейін атай беруге болар еді. Республикаға белгілі өнер топтары десеңіз: «Толқын» вокалды аспаптар ансамблі, «Жайық сазы» фольклорлық ансамблі, Шектібаевтар, Құсайыновтар, Қарақойшиевтер, т.с.с. отбасылық ансамбльдерінің барлығы да Ғұбайдолла Хибашевтың «өткелінен» өтіп барып жүлдегер болғанына ел куә.
Аймағын әсем әндерімен тербеген, жан баласына жамандық ойлап көрмеген, еліне сыйлы асыл ағамызға ұзақ өмір тілейміз!
Сағынтай БИСЕНҒАЛИЕВ,
Ақжайық ауданының құрметті азаматы
Батыс Қазақстан облысы