• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
Спорт 02 Тамыз, 2022

Балуандар бас қосқан турнир

358 рет
көрсетілді

Осыдан шамалы уақыт бұрын Зайсан қаласында елеулі оқиға болды. Жазушы, журналист Асқар Сәбитовтің (марқұм) ұйымдастыруымен жарық көрген «Зайсанның жайсаң балуандары» атты кітаптың тұсаукесеріне Алматы мен елордадан, еліміздің басқа елді мекендерінен кезінде боз кілемде жасын ойнатқан бура сан, бота тірсек балуандар жиналып, жерлестерімен жүздесті. Олар үш күн бойы күреспен шұғылданып жүрген балалардың өнерін тамашалады, өздері де боз кілемде өнер көрсетті.

Жас ұрпаққа үлгі-өнеге, тәлімі мол кездесу туралы айта кеткен орынды.

 – «Зайсанның жайсаң балуандары» республикалық ұйымын құрудағы мақсат», – деді осы іс-шараны ұйым­дас­тырушылардың бірі, ұйым төрағасы Еркін Уанбаев, – Зайсан ауданының жас ба­луандарының спортта, өмірде жоғары жетістіктерге жетуіне көмектесу, балуан­дық өнерді өскелең ұрпаққа, халыққа насихаттау, болашағы бар аудан жастарын қолдайтын қор ұйымдастыру, аудандағы орта мектепте оқитын балаларды күрес түрлеріне тарту, тағысын тағылар.

Аудан халқы шалғайдан ат арытып келген атақты жерлестерін сағынып қалыпты. Атақты балуан, еңбек сіңірген жаттықтырушы, Өскемен қаласы мен Зайсан ауданының құрметті азаматы, Олимпиада жүлдегері мен әлем чемпион­дарын баптаған білікті бапкер Жанәділ Атаев, есімдері елге белгілі Жеңіс Сма­ғұлов, Еркін Елеубаев, Марат Саухатов, Қадылбек Смағұлов, Кенжебек Рахимов, тағы басқалар өз әсерлерімен бөлісті. Олар қалада бірнеше кездесу өткізді. Балғын балуандардың жарысын тамашалады. Республикалық ұйым қорында Зайсан ауданында туып-өсіп еліміздің өзге өңірлерінде тиімді жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер мен балуандардың жинаған қаржысына дзюдо күресінен республикалық, еркін күрестен облыстық турнир өткізілді. Зайсан спорт мектебіне жарыстарды жоғары деңгейде түсіруге қажет 2 бейнекамера мен телевизор сыйға тартылды. Өскеменде оқып жүріп, жарыс кезінде жарақат алған зайсандық Еркін Әбдірамановқа қомақты қаржылай көмек көрсетілді. Өмірден өткен балуандар еске алынып, 300 адамға ас берілді. Сондай-ақ республикалық ұйымның ұйымдастыруымен қазақ күресінен жауырыны жерге тимеген Төлеген Ержанұлының туғанына 100 жыл толуына орай облыстық еске алу турнирі өткізілді. Үш күнге созылған спорттық, әлеуметтік-мәдени іс-шаралардың басы-қасында болған, ұйымдастырылуына қолайлы жағдай жасаған Зайсан ауданының бұрынғы спорт бөлімін басқарған тәжірибелі басшы Зайнолда Рахимбаевтың, облысқа белгілі кәсіпкер балуан, қорға 1 мил­лион теңгеден астам қаржы құйған Қуат Абжанов пен жарты миллион теңге құйған Айзат Сиырбаевтың еңбектерін атап өткен орынды. Жеңімпаздарды, осы жұмыстарға белсене атсалысқандарды аудан әкімі Серік Зайнулдин, «Зайсанның жайсаң балуандары» Республикалық ұйымының төрағасы Еркін Уанбаев құттықтап, осы іс-шараға арнайы жасатылған естелік медаль тапсырды.

Тағылымы мол бұл кітапта аудан спор­тының өркендеуіне ерекше үлес қос­қан азаматтар мен азаматшалар тура­лы қызықты мақалалар бар. Ал жан-жақ­тан келген құрметті қонақтар үш күн­ге созылған спорттық, мәдени іс-шара­лардан шабыт алып, әсерленіп қайтты.

 

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

Қазақстанның құрметті спорт қызметкері

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Зайсан ауданы